Екеудің құпиясыЖан әлемі

Төсек ләззатына қанағаттанбай, көңілдес іздедім…

Өмірімде бірінші рет саналы түрде көңілдес іздеуге бел будым. Өйткені жолдасыммен арадағы төсек қатынасы қанағаттандырмайды әрі айына бір-екі рет қана қатынасқа түсеміз. Күйеуім еркелетуді білмейді, нәзік жанымды да түсінбейді. Мұның ешбір әйел затына ұнамасы анық. Тұла бойым өртеніп барады.

Маған өзге еркектер қызығушылық танытады, себебі сырт келбетім мен дене бітімім келісті, тек осыны некелі жарым бағаласа ғой…

Мен сезімтал жанмын, жұбайыма дейін жақындасқан жігітімнен керемет ләззат алып, құштарлығым артатын.

Ал жұбайыммен өз болмысымды ұмытуға тырыстым. Күйеуіме соңғы кездері жыныстық қатынысты аңсайтынымды да айтып көрдім. Түсіністік танытқандай болады, жағдайды түзетуге уәде береді. Тырысып та көрді. Бірақ уақыт өте «баяғы жартас сол жартастың» күйін кешеміз.

Шындығымды айтсам, жолдасымның төсекте еш ебі жоқ. Төсектегі қатынас аракідік болған күннің өзінде де тез басталып, тез бітеді. 11 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп, жыныстық ләззат алып көрмеппін. Сонда да мен бәрін түсініп, оған да мойынсыдым. Ары қарай шыдамым жетер емес. Тіпті кейінгі кездері өзге еркектерге назар аудара бастадым. Өз басым көп адамды жақтырмаймын, жеңілтек емеспін, біреуге қылымситын да әдетім жоқ. Алайда соңғы уақытта жаныма сая іздей бастадым. 46 жасымда әйелдік қасиетімнің жоғалып бара жатқандығын сездім. «Ойда-жоқта бір ер адамды ұнатып қалсам…» деген ой жиі мазалайды. Ал оның да өз жанұясы болса ше? Ол ер азаматпен қалай тіл табысарымды әрі өз қалауымды қалай қанағаттандырарымды білмей дал болдым. Ар азабы да тыныштық бермейді. Тығырықтан шығуға көмек сұраймын.

Айжан, 46 жаста

Айгүл Саққұлақова: психолог

Айжан, сәлеметсіз бе! Қазір мәселенің басын ашып алу маңызды. Сіз басқа ер азаматтарға көңіл аудара бастадыңыз. Бұл некедегі маңызды қажеттіліктің қанағаттандырылмай жатқандығын түсініп, оны түзетуге күш салғандығыңыздан кейінгі қадам болып отыр.

Бұл мәселенің оң шешімін табу үшін жыныстық өміріңізді жақсартуға көмектесетін отбасылық кеңесшіге немесе сексолог маманға хабарласқан дұрыс.

Жыныстық өмір – жұптық қарым-қатынас процесінің бір бөлігі. Ал маманның қолдауымен қарым-қатынас орнату отбасыңызға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Маман мәселені және оның себептерін түсінуге көмектеседі, тығырықтан шығудың өзіңізге де, отбасыңызға да қолайлы жағын ұсынады. Сондай-ақ, білікті көмек уақыт пен энергияны үнемдейді, қарым-қатынасыңызды сапалы жаңа деңгейге жылжытуға мүмкіндік береді. Сонда ғана өзіңізді жайлы сезініп, некеден де, жыныстық қатынастан да ләззат ала аласыз.

Сіздің жағдайыңыздағы ықтимал шешімдердің ауқымы кең. Мәселен, ең алдымен жолдасыңызбен жанұяның ең қымбат құндылық екенін, бірақ ол жерде ер мен әйелдің физикалық қатынасы да маңызды екенін ұғынғандарыңыз маңызды. Бұл мәселеде сексолог күйеуіңізге аса қажет. Екеуіңізде темперамент сәйкессіздігі байқалады. Әлбетте, бұл қарапайым мәселе емес. Себебі жыныстық қатынастың жұптар арасындағы рөлі аса маңызды. Мұндай жағдай қазақ қыз-келіншектерінде көптеп кездеседі. Бірақ көпшілігі мәселені жылы жауып, сыртқа ешнәрсе білдірмейді. Бақытсыздықтың бір себебі де осы. Сондықтан көпшілігі жасырын түрде көңілдес табады. Алайда бұл жағдай мәселені шешпек тұрмақ, одан сайын ушықтырып жіберуі бек мүмкін. Өйткені, сырттағы жыныстық қатынастан алатын ләззат күйеуіңіздің алдында өзіңізді күнәһар сезінуіңізбен, әрі ерлі-зайыптылық қарым-қатынасыңызға қауіп төндіретінін жоққа шығара алмаймыз. Сол себепті құпияны сақтау үшін сізге орасан зор ресурс қажет болады. Ішкі дүниеңіздегі алапат сезім сізге тыныш ұйқы да бермейді.

Қос өмірге аяқ басар алдында оның артық әрі кем тұстарын ескеру маңызды. Жасырын қарым-қатынасты білдірмеу үшін қажет ресурстарды есепке алған жөн және құпия байқаусызда ашылса, жарыңыздың барлық іс-әрекетіне (өміріңізге қауіп келтіретін) дайын болуыңыз керек.

Менің ойымша, Сіз үшін «неке – киелі». Сондықтан сіздің де, күйеуіңіздің де мүдделерін бірдей ескеретін оң шешімдер қабылдағаныңыз жөн.

Ұқсас мақалалар:

Фригидті әйел: төсек ләззатын сезінбеу

Төсек ләззатына ынтызарлықты оят

Жарыммен төсекте тоят таппаймын