ОтбасыОтбасы бюджеті

Үнемді тамақтан!

Дұрыс тамақтану – көп шығындану деген сөз емес. Қаражатыңыз жеткілікті болса да, артық қаржы жұмсаудың түк қажеті жоқ. Ақшаны үнемдеудің бірнеше жолдары бар екенін білеміз. Ал, тамақтан ақша үнемдеу туралы не білесіз? Осы жөніндегі табысты әрі ақылды әйелдердің 10 қағидасын ұсынамыз.

Маусымдық тағам

Қазір жылдың қай мезгілінде де дүкен сөрелерінен қажеттің бәрін табуға болады. Тіпті, қарбыз, құлпынай секілді жидектерді қыс мезгілінде де табу қиын емес. Ауыл шаруашылығы мен сыртқы сауданың дамуы қажет тауарды мерзіміне қарамастан пайдалануға мүмкіндік тудырды. Дегенмен, кез келген өнімді нағыз маусымында сатып алу арзанға түседі. Сондықтан жаз айларында жеміс-жидектерді көбірек алып, мұздатқышта сақтауға кеңес береміз. Кейін одан компот қайнатуға немесе бәліш пісіруге мүмкіндік болады.

Көтерме сауда жасау

Астық, жаңғақ, бұршақ, қант, ұн сияқты бірнеше ай сақталатын өнімдерді көтерме саудамен көп мөлшерде алып қойған жақсы. Көтерме сауда базар мен дүкендегі саудаға қарағанда әлдеқайда арзан. Ең бастысы, өнімді құрғақ жерде сақтауды ескеріңіз. Сол кезде әр ай сайын сатып алуды қажет етпейсіз.

Дұрыс сақтау

Бұзылған көкіністер мен жемістерді қоқысқа тастаған кезіңіз болды ма? Отбасы шығынын азайту үшін азықты дұрыс сақтауды үйрену керек. Мысалы, көкөніс пен жемісті бірге қоймаңыз. Бір бұзылған шабдалы барлығын жарамсыз етуі мүмкін. Жеміс-жидекті сірке суының ерітіндісіне жуып, шайсаңыз, ұзақ сақталады.

«Жоқтан бар жасау»

Аты аңызға айналған Коко Шанель: «Әйел адам жоқтан бар жасауды білуі керек», – депті. Солардың бірі – салат. Енді бүліне бастаған өнімді сорпаға қосып немесе одан салат жасап жіберуге болады. Тәжірибелі аспаздар осы әдісті жиі қолданады. Бұл әдетіңіз ысырапшылдықтың алдын алып, шығынды азайтады.

Фермерлерден сатып алу

Базарға барғанда жаңа өнімді сатып алуға тырысыңыз. Жаңа өнім үйіңізде көбірек сақталады. Ал, сақталу мерзімі ұзаққа баратын өнімді пайдалану өзіңізге де тиімді. Жаңа жеміс пен көкөністі тек бәрін балғын күйде сататын базардан ғана табуға болады.

Тұтастай алу

Борщ үшін жарты қырыққабат қажет болса да, кесілген тағам сатып алмаңыз. Бұл әсіресе көкөніс пен жеміске қатысты. Кесілген өнім тез бүлініп, зиянды бактерия тудырады. Егер қырыққабатты бүтін пайдалануды жоспарламасаңыз, жақын арада қоқысқа тастауға тура келетінін ескеріңіз. Ол тек шығынға алып келеді.

Жоспарлау

Дүкенге қажетті заттар жазылған тізіммен барған дұрыс. Егер сіз 10 мың теңге көлемінде жұмсаймын деп ойласаңыз, жақын арада қажет болатын азық-түліктің тізімін жасаңыз. Алдын-ала жоспарлап шықпасаңыз, өзіңіз ойлаған мөлшерден көп шығын шығуы мүмкін.

Жұмыртқаны артығымен сатып алыңыз

Жұмыртқа – ақуызға бай және салыстырмалы түрде арзан өнім. Жарамдылық мерзімі де ұзаққа барады. Қайнатылған жұмыртқа денсаулыққа пайдалы. Арзан әрі калориясы аз тағам қолданамын десеңіз, жұмыртқаны артығымен сатып алуға кеңес береміз.

Жаңа өнім, консервіленген немесе тоңазытылған

Сүйікті өнімдеріңіздің бағасын салыстырыңыз. Мысалы, сізге жүгері қажет. Жаңа, консервіленген немесе тоңазытылған түрінің қайсы арзан болуы мүмкін? Салыстырмалы түрде арзанға шығатын түрін таңдаңыз.

Сусындар

Газдалған сусындар мен шырындар үшін шығындалмаңыз. Ол артық қаржы жұмсаумен қатар денсаулыққа айтарлықтай зиянын тигізеді. Ондай сусындар асқазан, ішек жолдарының ауруына әкеп соқтыруы әбден мүмкін.