Бала саулығыДенсаулықСаулық үшін

Вирустар шабуылдайды. Ауруға “жоқ” деңіз!

Күздігүні ауа-райы өте құбылмалы келеді. Суық жел, толассыз жауын, түнерген аспан тек жабырқаңқы көңіл-күй сыйлап қана қоймай, сонымен қатар вирустардың белсенділігін арттырады. Демек, суық тию мен тұмаудың да ауылы алыс емес.

Ағзамызға түскен соң, олар күресуші иммунитетке тап келеді. Егер инфекция әлсіз болса, біз ауырып-жазылғанымызды сезбей де қаламыз. Ал, егер керісінше, вирус өте белсенді болса, иммунитет онымен барынша қатты күреседі. Мұндай жағдайда ағзадағы өзгерістер былайша байқалады: ыстықтың көтерілуі, әлсіздік, кейде жүректің айнуы және бастың айналуы. Вирустың әсерінен тітіркенген сілекей бездері инфекцияны «шайу, жуу» үшін сілекейді бірнеше есе көп бөле бастайды. Осыдан барып, жөтел, мұрыннан су ағу, тамақтың қабынуы орын алады.

Әдеттегі қателік

Ауырған кезде біз өзімізге және жақындарымызға сенімді, «бұрын қолданғанда көмектесті, демек, қазір де көмектесуі керек» деп, сыннан өткен антибиотикті береміз. Өкінішке қарай, кей дәрігерлер де суық тиген, қызуы жоғары адамға антибиотикті қолдануды ұсынып жатады. Бірақ, оларды яғни антибиотиктерді ретсіз, бақылаусыз қолдана берсеңіз, бактериялар дәрілерге төзімді бола бастайды. Бактериялардың барлығы дерлік 10-20 жылдан соң, дәрілерге төзімді болып, бой бермейтін болады.

Вирустардың түрлері

Түрлі ауру тудыратын вирустың  200-ге жуық түрі бар. Оның жартысын белгілеріне байланысты ажырата аламыз, ал енді кейбірін нақты қандай екенін білу қиынға түседі, оны тек лабораториялық зерттеуден соң ғана дәрігер анықтай алады.

Кең тараған вирустық инфекцияның әдеттегі белгілері:

Риновирустық түшкіру, жұтқыншақтың кебуі, тамақтың ауыруы мен жыбырлауы секілді белгілерден байқалады. Біраз уақыттан кейін мұрыннан су аға бастайды. Дене қызуы 37 градустан жоғары болмайды.

Аденовирустық температураның көтерілуі, тамақтың ауыруы, тұмаурату. Көмекей бездерінің ісінуіне байланысты жұту қиындайды.

Респираторлық инфекция тыныс алу жолдарын жаулап алады – кеңірдектің ішкі кілегей қабығының қабынуы. Оның әдеттегі белгілері – қатты жөтел, тыныс алудың қиындауы, өкпеде сырылдың пайда болуы.

Тұмаудың басты айырмашылығы аурудың бірден басталуы, әлсіреу, тоңып, дірілдеу, дене қызуының жоғарылауы (39 градус немесе одан жоғары), бастың және көздің ауыруы, буын мен бұлшық еттің құрысуы.

Улану ма, әлде ішек тұмауы ма?

Тұмаудың белгілеріне – тамақтың ауыруы, әлсіздік, қызудың жоғарылауы және дірілдеуге іш өту мен лоқсу, құсу да қосылса, біз «ішек тұмауы» жайлы айтамыз. Бірақ көп жағдайда бұл  гастроэнтеритті («ішек тұмауының» негізгі атауы) қоздырушы ротавирус болып табылады. Бұл кең тараған вирусты үлкендер оңай өткереді, ал 5 жасқа дейінгі балаларға үлкен қауіп тудырады. Гигиеналық тазалықты сақтаған күнде де бұл вирус өте жұқпалы. Оның бірнеше түрі бар, сондықтан өмір бойына сіз гастроэнтеритпен бірнеше рет ауыруыңыз мүмкін. Бірақ алғашқы ауру үш жасқа дейінгі уақытта ауыр өткеріледі.

1. Ротавирусты инфекцияны тамақтан уланудан ажыратуға бола ма?

Ротавирусты гастроэнтерит ауруын жұқтырғанда, 2–3 күннен соң, оның алғашқы белгілері байқалады. Олар – жүрек айну, құсу, іш өту. Десе де, тамақтан улануға қарағанда бір рет немесе екі рет құсқан соң, ол бір тәулік ішінде қояды. Ал ауру асқынбаса, ол болмауы да мүмкін. Өзге ішек инфекциясынан ерекшелейтін тағы бір белгісі – бір уақытта ауамен жұғатын аурулардың белгілерінің пайда болуы – ринит,  ринофаренгит немесе фаренгит. Тағы бір айрмашылығы – іштің су болып өтуі.

2. РВ-инфекциясына үлкендерге қарағанда балалар жиі шалдығатыны рас па?

Бес жасқа дейінгі сәбилердің 95%-ы бір рет болса да ротавирусты инфекцияны өткереді. Бір жасқа дейінгі ана сүтін ембеген нәрестеге гастроэнтеритті өткеру қиынға соғады.

3. Вирусты гастроэнтеритті қалай емдеу керек?
Баланың іші өте бастағанда бірден дәрігер шақырту керек. Себебі ағзаның кебуі сәби үшін өте қауіпті. Бала өзі су ішкісі келмеуі мүмкін. Бірақ оның ағзасында құрғаудың қауіпті белгілері пайда бола бастайды. Олар – тілдің құрғауы, жылағанда жас шықпау, сирек дәретке отыру, терлеу. Егер дереу дұрыс шешім қабылдамасаңыз, біраз уақыттан кейін құрғау нерв жасушаларының бұзылуына, селкілдекке (судорог), қызудың бірден жоғарылауына әкеледі. Суйықтықтың жетіспеушілігі өкпе жұмысын нашарлатады. Нәтижесінде өкпе қабынуы ауруына шалдығады. Сондықтан кішкентай сәбилері бар ата-аналардың дәрі салатын қорапшасында құрғаудың алдын алатын дәрімектер болғаны абзал. Мәселен, регидрон, оралит, электролит және өзге де құрамында глюкоза, тұз, натрий, калиі бар дәрілер. Оларды суда ерітіп, балаға жиі беру керек. егер ішуден бас тартса, қоспаны аузына құйып болса да беру керек. Бұл қоспа ағзадағы тұз бен судың тепе-теңдігін қалыпқа келтіріп, зат алмасу процесін жақсартады.

Ағзадағы құрғауды бақылау үлкендер үшін де маңызды. Сонымен қатар, ауру асқынған сәтте көміртегінің (қант, жеміс-жидек, көкөніс) көлемін азайтып және сүт тағамдарына да шектеу қойып, ем-дәм ұстауға кеңес береді. Ротавирусты инфекция лактазаның – сүтті өңдейтін ферменттің жетіспеушілігіне әкеледі. Сондықтан жазылған соң 2-3 апта сүтті тұтынбауыңыз керек. Сауықтыру кезінде – панзинорм-форте, панкреатин, фестал секілді дәрілерді пайдалануға болады.

4. Қалай РВИдің алдын алуға болады?

РВИ сумен, тамақпен, тұрмыстық заттармен жұғады. Ауа арқылы сирек жұғады. Сол себепті гигиеналық талаптарды – қолды жуу, жеміс пен көкөністерді тазалау секілді қарапайым ережелерді қатаң ұстану керек. Ал, науқас жатқан (жататын) бөлмені желдетіп, дымқыл тазалау, ыдысты, киімді, ойыншықты, науқас ұстаған барлық затты мұқият химиялық арнайы тазартқышпен тазалау керек. Алдын алу шараларының жақсы әсер ететін түрінің бірі – жаңа туған сәбилердің ана сүтімен қоректенуі.

5. Вакциналау ауру жұқтырудан қорғай ма?

Елімізде тұмауға қарсы вакцинаның төрт түрі бар: француздық «Ваксигрипп», голландтық «Инфлювак», бельгиялық «Флюарикс» және итальяндық «Агриппал». Заң бойынша мемлекет қаражатына жыл сайын нашар тұратын тұрғындарға, әлсіз, жиі ауыратын балаларға, қарттар үйіндегілерге, ауыраяқ әйелдерге, аурухана қызметкерлеріне вакциналау жүргізіледі.