ДенсаулықЖүктілік

ЖЕРІКТІК Жүкті әйелдердің талғамы неге өзгереді?

Жүктілік әр әйелде әрқалай өтеді. Бірі – ешбір белгісіз, бірқалыпты өткізсе, екіншісінің тағамға деген талғамы ауысып, өзгелердің санасына сыйымсыз азық-түлікке жеріктігі пайда болады. Таныстарыңыздың бірі шекілдеуікке, енді бірі қыс ортасы бола тұра қарбызға, сағызға, қандай да бір иіске құмар болады. Оның себебін қарапайым сөзбен түсіндіріп көрейік.

Бұл — әйел ағзасында жүріп жатқан өзгерістердің белгісі. Бірнеше апта, тіпті бірнеше айға дейін созылатын процесс.

Прогестерон. Жүкті әйелдің бойындағы барлық өзгерістер мен өзгелер таңқаларлық іс-әрекеттерге кінәлі осы — прогестерон. Өйткені, бойға бала бітісімен әйелдің миында жатырмен байланыстыратын доминант пайда болады. 9 ай бойы іштегі бала мен ананы тікелей байланысына жауап береді. Ұрық жатырға бекігеннен кейін прогестерон түзіледі. Оның маңыздылығы неде? Прогестерон ананың сүт бездерін дамытып, жатырдың бұлшық еттерінің жұмысын арттырып, кеңеюіне сеп болады. Жүкті болғанға дейін де кез келген әйел баласының бойында прогестерон кездеседі. Бірақ, жүктілікті 7-8 аптасына қарай екі есеге дейін белсенділігі артады. Дәл осы кезеңдерде ананың бойында өзгерістер жүре бастайды. Киімге, тағамға деген талғамы өзгереді. Бұрын тәттіні жақсы көрсе, енді ащы тағамдарға деген «махаббаты» оянады. Ал, оның кем не артық болуы дәрігерге жүгінудің белгісі. Тағы бір артықшылығы – болашақ ананың ағзасындағы қажеттіліктерді анықтап отырады. Мәселен, ағзаға қай дәруменнің жетіспей жатқандығына белгі береді. Белгі беріп қана қоймайды, орнын толтырудың «қамын» жасай бастайды. Осы сәтте аскорбин қышқылы жетпей жатса жеміс-жидекке, кальций тапшы болса борға, әкке, құртқа деген құмарлығы артады. Бұл белгі түрінде асқазанға түседі де, ананың дәл сол дәрумен кездесетін тағамға деген тәбеті ашылады. Дәрігерлер мұндай жағдайда белгілі бір дәрумендерді ішуге кеңес береді (Ескерту: тек дәрігер нұсқаған дәруменді ішіңіз. Дәріханадағы кез келгенін пайдалануға болмайды).

Жерік ас. Әйелдер арасында жерік астардың көш басында қызанақ пен қияр тұр. Әсіресе, тұздалғаны үлкен сұраныста. Одан кейін балық, ет өнімдері. Жеміс-жидектер де қалыспай тұр. Таңқаларлығы – кейде ащы тағамдардан (лимон, ащы бұрыш) еш тұшынбай, тіпті, тұздалған балық пен тәтті пирогты араластырып жегенді ұнататындар да кездеседі. Жақындарының тынышын алып, анда-мұнда жүгіртіп алғызған тағамын көргеннен кейін бас тартуы да ғажап емес. Мұндай жағдайда қазақ халқы әйелдің қалағанын тауып беріп, жеріктігін қанағаттандыруға тырысатын. Олай болмаған жағдайда, баланың дені сау болып тумайды деп түсінген. Қазіргі медицина тұрғысынан алғанда да әйелдің ағзасындағы тапшылықтың орнын толтыру үшін дәрумендердің қажеттілігін мойындап отыр. Дегенмен, кейде сирек болса жанармай, спирт, бояу, т.б. өткір иісті, зиянды заттардың иісіне, топырақ, борға құмарлығы оянған келіншектерді кездестіреміз. Жеріктігі басылсын деп мұны иіскетіп-жегізген қателік болады. Оның орнын дәрумендермен алмастыру қажет. Бұрын-соңды дәмін татып көрмеген асқа тәбетіңіз шапса, сақтықпен жеген дұрыс. Өйткені, құрамындағы белгісіз заттардың аллергия туындатулары мүмкін. Одан ана мен балаға да қауіп тууы ғажап емес.

Жұлдыздар жеңісі

Дина Төлепберген: тележүргізуші

Алғашқы жүктілігімде мен өмірімдегі бұл кезеңге аса жауапкершілікпен қарадым. Көптеген дәрігерлерден кеңес те алдым. Сол себепті болар, аса қатты токсикозды сезіне қоймадым. Тек қарным ашқан кезде жүрегім айнитын. Сондықтан, жүктілік кезінде сөмкеме үнемі бір нәрсені салып жүрдім. Мәселен, алма. Немесе кептірілген өрік, мейіз, жаңғақ және құрт. Жұмыста жүргендіктен, әсіресе түсіру тобымен сыртқа шығып кеткенде кейде уақытылы тамақтанудың мүмкіндігі болмай қалатын. Сондай кездері егер қарным шұрылдап қалса, дереу ауызыма жоғарыда айтылғанның бірін салып, тамақтанғанға дейін асқазанымды сәлге болса да жұбатып қоятынмын. Қайткенде жүктілік кезінде дұрыс тамақтанудың маңызы зор екендігін әрбір болашақ ана қаперінде мықтап ұстауы қажет.

Жалпы, көп келіншекке тән жеріктік (токсикоз) менде болған жоқ. Оның себебі нақ неде екендігін білмедім. Бәлкім жатырымдағы жаңа жанның жомарттығы болар деп ойламын. Кей дәрігерлердің айтуынша, бұл бала мен ананың арасында әу баста қаланған ынтымақ, былайша айтқанда гармониялық қатынастың нәтижесі де болуы мүмкін екен.

Аиша: әнші

Ана болу әрбір сырғалыңыз өміріндегі ең бақытты да аса ыждағаттықпен күтетін кезең. Өз басымы әкесі екеуіміз тұңғыш ұлымыз Зейіннің өмірге келуін қатты күттік. Жалпы менде мазамды алатындай ұзақ жеріктік кезеңі болған жоқ. Алғашқы екі айда беймаза күй кешкенім рас. Артық иісті жақтырмай таза ауаны іздейтінмін. Сол себепті, өткінші күйден арылу үшін саф ауамен дем алу үшін тауға барып жүрдім. Меніңше жүктілік ауру емес, табиғаттың тарту еткен тамаша сыйы. Ал, тамаша сыйдың «келеңсіз» өткінші сәттерін сол табиғаттың өзіне жақын болумен жеңуге болатын секілді. Сол себепті, барша болашақ аналарға токсикоз бен жеріктікті жеңу үшін таза ауамен демалуды және тауға баруды ұсынар едім.

Ләйлә Сұлтанқызы: тележүргізуші

Жалпы, жеріктік кезеңі әйел үшін жауапты кезең. Толғақтың ұмытылып қалатыны секілді ол сәтте ұмытылады. Жеке өз басым екі ұлыма да жүкті кезімде жеріктікті бір кісідей басымнан өткердім. Тіпті, алыстағы иісті сезіп қоятынмын. Кейбір тағамдардың иісі қолқамды жарып, мазамды алатын еді. Мен жеріктікті жеңу мақсатында дәрігерлер кеңесіне жүгіндім. Таңда оянғанда төсектен асықпай, баппен қозғалып барып тұратынмын. Асқазанның қыжылы мен жағымсыз иістерге әсерді қара нанмен басқанды құп көрдім. Айта өтерлігі, токсикоз кезінде қара нан кәдімгідей көмектеседі.