Екеудің құпиясыЖан әлемі

Адамдар неге опасыздық жасайды?

Соңғы жылдары жыныстық қатынасқа түсе салу оңай болып кетті. Бірақ әйел адамға серігімен эмоционалдық қарым-қатынас өте маңызды. Егер арада сезім немесе махаббат болса, жыныстық қатынас өзгеше өрбиді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда бір-бірімен жай ғана көрші адамдардай өмір сүріп жатқан ерлі-зайыптыларды да көреміз. Тіпті, олар бір-бірінің көзіне қарамай, жай ғана жақын жүреді. Оларға ешкім қатынастарын дамытып, рухани байланысты нығайтуды үйретпеген. Көптеген адамдар араларында шынайы жақындығы жоқ ата-аналары мен достарының үлгісімен өмір сүруде. Нәтижесінде қарым-қатанаста суықтық болады. Әуелде өзара қатынастарын жақсартуға тырысады. Одан ештеңе өнбесе, эмоцияны сырттан іздей бастайды. Ол ең бірінші жыныстық қатынастан басталады. Бірақ, бұл үлкен қателік! Өйткені адамға бақытқа жету үшін шынайы сезім мен жан жақындығы керек. Сонымен, әйел не үшін опасыздыққа барады? Оның бірнеше себебін қарастырып көрелік:

Жыныстық қатынаста қанағаттанбау

Әйелдің некеде жыныстық қатынастан басқасының бәріне көңілі толады. Бұл уақыт өте келе, өзара ынтызарлықтың төмендеуінен немесе күйеуінің еркектік қауқарына байланысты мәселе болуы мүмкін. Адамның ерекше дәмді құймақ жегісі келеді делік, бірақ дәл ондай үйде жасалмайды. Сол кезде адам не істейді? Әрине, мейрамхана немесе дәмханаға барып құмарынан шыққанша жеп қайтады. Сол сияқты үйде бәрі бола тұра, жыныстық қатынастан тояттай алмаса, әйел жүріс жасайды

Эмоциялық шөліркеу

Әйелдің жүрегі әрқашанда махаббатты, көңіл бөлгенді, шынайы сезімді, албырттықты қалап тұрады. Сондықтан көп әйелдер тұрмыс құрғаннан кейін, саусағында неке жүзігі тұрса да, біреуге ғашық бола алады. Әсіресе, күйеуі жұмысынан келе салып, теледидардың алдына жайғаса кететін әйелдердің сезімі жұтайды. Мұндайда оған өзіне қарағанда көздерінен от жалындайтын әріптесі артық көрінеді. Әйел затына махаббаттан артық ештеңе жоқ. Олар үшін шексіз құрметке, мәпелеуге қарсы тұру қиын.

Кек қайтару

Әйелдер еркектің көзге шөп салуын өте ауыр қабылдайды. Қатты жақсы көрсе, шын жүректен кешіргісі келеді. Бірақ өкінішсіз, айқай-шусыз үнемі кешіре беру оған қиынға соғып, ақырында кек алғысы келеді. Сөйтіп жүріс жасау арқылы өкпе-ренішіне ем тапқандай болады. «Кек алдым» деп ойлап, бұрынғыдай жаны ауырмай, өзін-өзі бағалау қабілетін қайтарып алады. Ал, күйеуіне деген сезімі де бұрынғыдай болмайды.

Жоғары сексуалдық

Бұл қасиет ерлерде жиі кездеседі, бірақ әйелдерге де тән болып келеді. Өмірде айына бір рет қана жыныстық қатынасқа түсетін күйеулер бар. Ал әйелдер оны аптасына бірнеше рет қажетсінеді.

Мүмкіндікті жіберіп алудан қорқу

Бұл «XXI ғасыр дерті» – «олжадан құр қалу синдромы» деп аталады. Яғни, «басқаларға қолжетімді, ал маған жоқ» деп ойлап, қандайда бір маңызды және қызықты дүниелерді жіберіп алудан қорқу. Бұл жағдай күйеуі өміріндегі бірінші ер адамы болған әйелдерде кездесуі мүмкін. Оның кейбірі бір еркекпен жүре берсе, өмірі өтіп, шынайы құмарлық пен сүйіспеншілікті сезіну мүмкіндігінен айырылып қалудан қорқады.

Өз-өзіне деген көзқарас

Әйелдерде жыл сайын өзінің тартымдылығына деген сенім төмендейді. Кейбір әйелдер ашыналыққа өзінің көз тартарлық екеніне сену үшін барады. Тек оның бәрі жыныстық қатынасқа ұласпайды. Бірақ ондайлар да аз емес.

Айжан Сәрсебекова, психолог