СұқбатСыр-сұқбат

Айзат Асқарқызы: Адамдарға бағыт бергеннен ләззат аламын

Айзат ғылымның психология, нумерология саласын меңгеріп, көпке кеңес беріп жүр. Ол қазіргі таңда мұндай мамандар санының артып жатқанына қуанады.  «Әрбір адамның жөн сілтейтін мықты коучы болуы керек», - дейді кейіпкеріміз.«Кішкене күнімізде «Үйшік-үйшік» деген ойын ойнайтынбыз. Сонда қуыршақтарды жинап алып, оларға ақыл айтатынмын. Сосын, дүкен ашып, қағаздан жасалған ақшаны үйіп қоятынмын. Кейде таңғаламын, сол бала күндегі барлық арманым, іс-әрекетім қазіргі өмірімде жүзеге асып, қайталанып жатыр», - дейді Айзат.

С: Айзат, жас болсаңыз да, бірнеше кәсіппен айналысасыз. Әрі студент екенсіз. Жұмысыңыз сабағыңызға кедергі келтірмей ме?

А.А: Сабақтың кәсібіме кедергі келтіретін кезі болады. Бірақ адам қаласа барлығының амалын табады емес пе?! Өзімнің қай салаға қабілетті екенімді білдім, бизнеске жақын екенімді түсіндім. Сондықтан, сабаққа қарағанда мансапқа көбірек көңіл бөлемін. Санамда “Тағы да не істесем болады?”, “Қалай өсемін?”, “Халықты қалай қызықтырамын?” деген сан сұрақтар жүреді. Кейде «оқып жатқан мамандығымды не істерімді білмей, өзімді таба алмай, адасып жүргенде таңдадым ба» деп ойлап қоямын. Күнде жаңа идеялар, жаңа жоспарлар пайда болады. Маған халықтың алдында жүрген қатты ұнайтынын түсіндім.

С: Бала Айзаттың арманы не еді? Қазір қандай мамандықта оқып жатырсыз?

А.А: Бала Айзат өте арманшыл болды, бірақ өз арманына сенбейтін. Кім не десе соған еріп кете салатын. Бір жағынан ата-ананың көңілін жыққысы келмей, қалауын орындағысы келетін.

Мен өнер жолын таңдағым келді. Актриса, модель болып, елдің алдында жүруді армандайтынмын. Әкем қарсы болғандықтан көңілім су сепкендей басылды. Әкеміздің айтқаны заң, сондықтан «Папа, мен осыны қалаймын», -деп айта алмадым. 9 сыныпты бітірген соң үлкендер «Маңғыстау гуманитарлық колледжіне» мұғалімдік мамандығына түсірді. Қаламаған мамандық болған соң, өте қатты қиналдым.

Кейін авиация саласына қызығушылығым пайда болды. Әрі басқа қалаға кетсем деген ойым бар. Колледжді бітірген соң ата-анама қалауымды айттым. Олар маған сенім артып, ақ батасын берді. Өзімді іздеп Алматыға келдім, Авиация академиясына оқуға түстім. Бірақ, тағы да өзімдікі емес екенін түсініп, қызығушылығым болмады. Жаныма бір нәрсе жетіспей, үнемі құлазып жүретінмін.

С: Бәрі қалай өзгерді?

А.А: Бәрі бар, бәрі жеткілікті. Сонда да жаныма бірнәрсе жетіспей тұратын, өзімді ешкімге керек емес сезінетінмін. Рухани азық жоқ, өте әлсіз едім. Бір күні сабақтан келіп, пәтеріме кірейін десем, қалтамда кілт жоқ. Үйде ұмытып кеткенім есіме түсті. Күн суық, бірге тұратын қыздар сабақта. Не де болса бір жерге кіріп, жылынып отыра тұрайын деп ойладым. Үйдің жанында үлкен кітапхана бар, күнде жанынан өтсем де кірмеген екенмін. Өйткені кітапқа деген қызығушылығым болмаған. Амалсыздан осында кіре салайыншы дедім. Көзіме Кәмшәт Бекжігітованың “Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» деген кітабы түсті. Қарадым да, күлдім: «Не деген ақымақтық, адам қалай ойын өзгертіп, өмірін өзгертеді» деп ойладым. Жарайды, босқа отырғаннан не пайда, алдым да оқыдым.

Сол кездегі сезімімді айтып жеткізе алмаймын, ішіне кіріп кеткенім сонша кешке кітапхана жабылғанда бір-ақ шықтым. Үйге қуанып келіп мақсаттарымды жаздым, адамдарға деген, ата-анама деген біраз өкпем болды, барлық өкпелеткен, өкпелеген адамдарды кешірдім. Мәселе адамдарда емес, менде екенін қазір түсіндім. Күнде өзіммен жұмыс жасадым, жан-жақтан өзімді іздедім. Қазақ коучтарынан бастап, әлемдік деңгейдегі коучтардан білім алып келемін. Рухани азық деген кітап екен ғой! Кітапқа деген махаббатым ашылып, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Құдды бір жаңа Айзат дүниеге келгендей! Содан бері 2 жылдай уақыт өтіпті, өзімді дамытуды тоқтатқан жоқпын. Мен өзгеруге ниет етіп едім, Алла тағала сан түрлі мүмкіндіктердің есігін ашып берді.

С: Психология, нумерологияға бет бұруға не себеп болды? Өз бетіңізбен іздендіңіз бе, әлде ұстазыңыз бар ма?

А.А: Нумерологияға басында өзім де сенбей, ақымақтық деп ойладым. Кейін бір әпкем нумеролог туралы айтып,  қуанып келді. Қызығып кеткенім сонша, мен де көрейін деп маман іздей бастадым. Нумерология бойынша менің негізгі мақсатым – адамдардың жанын емдеу екен. Адамның жанын психология емдейді ғой. Нумерологтың кеңесінен кейін жантану ғылымына деген махаббатым одан сайын артып, сандар ғылымына қызыға бастадым. Әуелде өзіме кеңес берген нумеролог Құралай Бақытқызынан Нұр-Сұлтанға барып сабақ алдым. Мұнымен шектелмей, Шығыс, Үнді нумерологиясы бойынша іздендім. Қазіргі таңда адамның энергетика көзін қалай ашуға болатынын оқып, меңгеріп жүрмін. Адамдарға бағыт бергеннен ләззат аламын.

 С: Бұл салада жүрген әріптестеріңіз баршылық. Олардың еңбегін қалай бағалайсыз? Сіздің өзіндік ерекше әдістемеңіз бар ма?

А.А: Кім көрінген нумеролог болып кетті деп айта алмаймын. Өйткені халықпен жұмыс жасаудың өзіне күш керек. Ешкім еріккеннен нумерологқа жүгінбейді. Мәселесі болып, алдыңа келгенде адамға нақты, дұрыс жол сілтеу керек. Нумерологтың интуициясы мықты болуы шарт.

С: Сіз шығаратын әмиян мен ақша майын алып қуанып жатқандар да, керісінше сізге негатив айтатындар да бар екен. Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан байқадым. Сенім – алапан күш екені рас. Әмиан мен май техникасы қалай жүзеге асады? Бізге сондай қызық, білгіміз келеді.

А.А: Оның өзі Алланың қалауымен дүниеге келген туынды. Кешке қарай, тыныштықта адамға ерекше ойлар келетіні бар ғой. Сондай бір кеште туған идея еді. Мен ұсынып жүрген майдың арнайы техникасы бар. Бірақ оны ешкіммен бөлісе алмаймын.

Әрине, «Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың». Әмиян ішінде кедейліктен, жамандықтан сақтайтын дұғалар мен Құранның ең мықты 8 сүресі бар. Мен оларды сатпаймын, тек адамға пайдасы тисін деп әмиянмен бірге сыйлаймын. Бір адамдар оны Аллаға серік қосу дейді. Бірақ одан ешкім ешнәрсе сұрап, табынбайды.Кез келген дүниенің энергетикасы болады. Ақша майы, әмиян дегендер ақшаның энергетикасын, ағымын ашады. Алғандардың 80% риза. Көбі сенбей де алып жатады. Бірақ кейін жақсы өзгеріс болып жатқандығын айтып, пікір жазады.

 С. Тұтынушыларыңызға қол қусырып отырмай, еңбек ету керегін ескертетін шығарсыз, иә?

А.А: Мына өмірдегі барлық ризық-несібе Алладан, сіз қандай іс жасасаңыз да маңдайыңызға жазғаннан артық істей алмайсыз, бірақ әрекет болмаса, сол маңдайыңызға жазғанды да ала алмайсыз, бәрін беретін Алла тағала!

Көп психолог болсын, бизнес-тренер болсын, бәрі: «Тағдырың өз қолыңда, Сен бәрін жасайсың»,- дейді. Ол – қате. Сен жалқауланбай әрекет ет, береке Алладан деу керек! Ол бәрімізге де бергісі келеді, оны беру үшін сіздің әрекетіңізді күтеді. Сол секілді әмиян, ақша майы, сабын бәрі себепші нәрсе деп ойлаймын. Әрдайым жақсылыққа сену керек, жақсы дүниеден қашпау ләзім.

С: Сіз қазіргі кәсібіңізден бөлек, саудамен де айналысасыз ба?

А.А: Негізі, анам – кәсіпкер. Бұл да қанмен берілетін қасиет деп ойлаймын.  Үйде 2 қызбыз, әпкем бар. Ол да жеке кәсіпкер. Анам 21 жылдан бері, яғни мен дүниеге келгелі бері саудада. Біз де қасында жүріп, соған дағдыланып кеткенбіз. Анам кәсібін ұсақ-түйектер мен ыдыс-аяқ, азық-түлік сатумен бастаған. Кейін дүкен ашып, оны үлкейтіп, тек ыдыс-аяқ емес, көрпе-жастық, сандық, қыз жасауына керектің бәрін сататын орынға ұласты. Түркия, Ресей, Қытайдан тікелей Жаңаөзен қаласына алып келеді. Кейін анамның көмегімен Ақтау қаласының сауда орталығынан «Айзат» дүкенін аштық.

С: Қазақ ханымдарының ішінен кімді үлгі тұтасыз?

А.А: Қазақ ханымдарының ішінде нақты біреуді бар жан-тәніммен пір тұтамын деп айта алмаймын. Бірақ, Құралай ханыман үйренерім көп. Алтын құрсақты 6 баланың анасы, сондай білімді. Үлгі тұтуға лайық адам.

С: Болашақтағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз…

А.А: Алдағы уақытта сұлулық салонын ашқым келеді. Сұлулық салоны тек макияж жасайтын орын ғана емес, сонымен қатар адамдарға бағыт беретін ерекше орын болса деймін. Дәл қалай болатыны әзірге құпия. 1-2 ай көлемінде ашылып, қызметін бастайды.

13-14 жасымнан бастап қайырымдылық істеріне араласып келемін. «Ақтау қайырымды жандар ұйымына» мүше болып, ата-анама айтпай, бір балалар үйіне жауапты болдым. Жәрмеңкелер, қайырымдылық іс шаралар ұйымдастыратынбыз. Соның арқасында бойымда мейірім пайда болып, шүкіршіліктің не екенін білдім. Жағдайым жақсарып, мол табыс таба бастаған кезде міндетті түрде қайырымдылық қорын ашамын, жетім балаларға көмектесіп, жағдайы жоқ отбасыларға үлкен үйлер салып беремін дейтінмін. Осы арман мақсатқа айналып, жақын арада жүзеге асады.

С: Сұқбатыңызға рахмет!