Екеудің құпиясыЖан әлеміӨкініш

Ата-ана жазасы. Тұман ішіндегі тығырық

Түсімнен шошып ояндым. Тағы да сол бір бейне өткір көздерін өңменімнен өткізіп, қадала қарап тұрды. Ұйықтап кетсең қандай түс көретініңді біліп жатудың жанға қандай азап сыйлайтынын білесіз бе? Төрт жыл бойы осы түсті көремін. Бірақ бірінші рет көргендей ылғи да осылай шошып оянамын. Күндіз жан баласына білдірмей еңсемді тік ұстап жұмысқа барамын да, ал кеш батқанда мағынасыз күй кешемін.

Екі ұлдың ортасында еркелеп өскен жалғыз қыз болдым. Әкем де, шешем де мектепте мұғалім. «Ұстаздың баласының тәртібін жұрт мінегіш келеді» деп екеуі менің жүріс-тұрысыма қатты мән беретін. Сыныптастармен бірге көңілді кешке де бармайтынмын. Бас алмай сабақ оқып, жұмыстан қолы әрең босайтын анама қолғабыс жасап жүріп мектеп бітірдім. Ағаларымнан именіп, мектептегі жігіттер маған сезімін білдіре бермейтін. Жоғары оқуға өз күшіммен түскеніме әкем риза болды. Менен үлкен үміт күтетінін айтып, достарын жинап, олардың көзінше марқайып отыратын. Бірақ мен әкемнің үмітін ақтамадым. Бірінші курс оқып жүргенде Берік есімді жігітке ғашық болдым. Бір топта оқитын сырбаз жігіттің рефераты мен курстық жұмыстарын өзімдікімен бірге жазып оның көңілінен шығуға тырыстым. «Ол маған жар болуға лайық жансың» деп үнемі мақтау сөздерін айтып, ақыры күндердің бір күнінде көңілін білдірді. Ашық түрде оны сүйетіндігімді айта алмасам да, сабағына көмектесіп жүріп оған деген мөлдіреген сезімімнің бар екенін байқата алғаныма қуандым. Екеуміз қол ұстасып жүріп үш курсты бітірдік. Сессияны жауып ауылда демалыста жүргенімде өзімнің жүкті екенімді білдім. Жанымды қоярға жер таппай, дегбірім қаша бастады. Бойыма бар жігерімді жинап, бір қызарып, бір бозарып отырып анама болған жайды айттым. Анам отырған жерінде мелшиді де қалды. Шынымды айтсам, үнемі ақылшы болып жүретін анашым бір шешімін табар деген ойда болғанмын. Екі күн сөйлемей жүрді де, үшінші күні таңда ұйықтап жатқан жерімнен оятып алып, аудан орталығына аборт жасатуға баратынымызды айтты. Мен ешқайда бармайтынымды, әлі баланың әкесімен ақылдасуым керектігін айттым. Әрине бұл құпияны анам екеуміз білетіндіктен кіңкілдесіп, сөзге келіп жататын мүмкіндік жоқ. Анам киімдерін шешті де үй шаруасына кірісіп кетті. Өз үйімде отырсам опақ, тұрсам сопақ болдым. Әкем ештеңені білместен жайдары қалпында жүр. Ағаларым да анамның маған неше күннен бері сөйлемейтінін байқамайтын секілді. Берікке хабарласып шұғыл түрде кезігуіміз қажет екенін айттым. Телефон арқылы бұл жағдайды жеткізу қолайсыз деп есептеген болуым керек. Берік атасы мен әжесінің қолында өскен бала болатын. Анасы оны басанып жатып толғақ үстінде қайтыс болып кеткен соң әжесі бағыпты. Сондықтан екі қарттың малына арналған қыстық жем-шөпті жаз бойы дайындап беру қамына кірісіп кететіндіктен қолының босамайтынын айтты. Не де болса демалыстың біткенін күттім.

Күзде оқуға келдік. Іштегі төрт айлық тіршілік иесі өзін байқатайын деп томпайыңқырап келеді. Берік сабаққа бір ай өткеннен кейін бірақ келді. Күнде қоңырау шалып: «Жаным шыдашы, жұмыстарым бітпей жатыр, шөп жинап болғаныммен, жем түсіріп бітпедім» деген жауап аламын. Толып кетіпсің деген құрбыларымның сөзінен секемденіп ішімді таңып алатынды шығардым. Ақыры не керек, Берік те келді. Қыр басында шөп жинап, күнге тотыққан адамға ұқсамайды, екі беті алмадай, өзі толыңқырай бастапты. Сабақ аяқталған соң екеуміз саябаққа бардық. Алайда әке болатындығын естіген ол соншалықты қуанған жоқ, керісінше, анам секілді мелшиіп отырды да қалды. Біраз үнсіздіктен кейін: «Ауылыңа барып не бүлдіріп келгеніңді мен қайдан білемін», – деді. Мен үшін мөп-мөлдір сезімнің аяқ асты астаң-кестеңі шығып, көз алдымда лайланып кеткенін байқадым. Анама барып мән-жайды айтып едім, ол баяғы апармақ болған дәрігеріне ертіп барды. Дәрігерлер аборт жасайтын уақыттың өтіп кеткендігін, оның үстіне болашақта ана атану үшін баланы дүниеге алып келгенімнің дұрыс екенін айтып шығарып салды. Бұл сәтсіздікке жаны күйген анам, есіктен аттай сала әкемді жазғырды. «Мақтаған қызың осы ма? Шаң жуытпай отырушы едің. Қарабет болдық міне…» деп боздап жылай кетті. Үлкен ағам бетімнен келіп шапалақпен салып қалды. Ал екіншісі болса, көзіне көрінбеуімді өтінді. Әкем мені үнсіз жазалауды ұйғарса керек. Үнсіз жаза – ең ауыр жаза екен. Ішімді тартып сабағымды жалғастыра бердім. Бөлмедегі құрбыларым толғақ қысқан шақта жедел жәрдем шақырды. Маңдайы торсықтай ұл дүниеге келді. Палатаға келіп тоғыз ай бойы дәрігерлік тексеруде болмағанымды бетіме басып ұрыса беретін дәрігерге: «Мен одан бас тартамын», – дедім. Ол маған таңырқай қарап тұрып қалды. Бұдан артық маған өршелене ұрыса берудің қажеті жоқ екенін осы сөзден түсінсе керек. Мен болсам өксіп жылап отырдым. Ұлымның түрі Беріктен айнымайды. Бірақ жанары оныкінен өткір секілді. Әлі көзі де ашылмай, жылай беретін өзгенің балаларына қарағанда мені мазаламай, тек тесірейе қарайтын да жататын. Оның қарақаттай жанарының уақытынан бұрын ашылып, тесірейіп қарайтынына өзге келіншектер қайран қалатын. Осылайша оқуды да бітірдік. Берікпен одан кейін тілдескен емеспін. Бір аудиторияда отырсақ та ол маған өлген адам санатында болатын. Құрбыларым оның сол жылы жазда үйленіп келгендігін айтып, жағаларын ұстап екі жүзділігіне жиіркенішпен қарап жүрді.

Оқуды бітіре салысымен жұмысқа тұрдым. Анам бір жыл өткен соң хабарласты. Өкпесі тарап, әкем екеуі тұрып жатқан квартирама қонақ болып келіп кетті.Екеуміз жеке қалғанда анам: «Алматы үлкен қала ғой, біздің ауданда төрт ай толып кеткен баланы алуға болмайды деп көкіп еді. Ебін тауып алдырып тастағаның дұрыс болды», – деді. Анамның бұл сөздеріне жымиып қана жауап қаттым. Қазір екеуінің тірлігіне қайран қаламын. Мен баламның қайда жүргенін білмеймін. Сол сәттен бері балам түсіме күнде кіреді. Тағдырының қалай өрбігенін білмей, зарығып жылаймын. Қателігім үшін өкінемін. Бірақ әкем мен шешем мені өзекке теппей, сол кезде қия басқанымды кешіргенде мен баламнан айырылмас едім ғой. Берікке несіне өкпелеймін. Ол бөтен адам. Өзімнің анам өзекке тепкеніне қайранмын. Сонда мен оларға жақсы болсам ғана керекпін де, қателескенім үшін қажетсізбін бе? Мен баламды жақсы болса да, жаман болса да қабылдар едім. Тек ол кезде албырт едім, оның үстіне оны баға алатындай қауқарым да жоқ болатын. Екі жыл мені қанатының астына алып, қолтығымнан демеп жіберсе баламды балабақшаға беріп, жұмысымды істей берер едім ғой деп те ойлаймын. «Ағайыннан ұят болады» деп бауыр етіңнен жеріп шыға келуге бола ма? Көз алдыма елестей беретін баламның бейнесін түсімде көрмей, тыныш өмір сүргім келеді. «Сырласудың» психолог маманы қандай кеңес бере алады екен? Әлде менің анама деген өкпем орынсыз ба?

                                                                                        Дариға Далабай, Алматы қаласы

Психолог кеңесі:

Өткен іске өкінбе!

            Пенделікпен өмірдің өткір сындарына шыдас бермей, қисық кетіп, қате жасау кез келген адамның өмірінде болатын жағдай.

Өткеніңізге өкініп, ата-анаңызға кінә артып, ренжитініңізді жақсы түсінемін. Бірақ, өкініш, реніш, өкпе, күйзеліс мұның бәрі ешқандай жақсы өзгеріс әкелмейді, тек сізді қинайды, сары уайымға батырады, тығырыққа әкеліп тірейді, яғни бұлар адамның ішкі қуатын сарқып, жоятын, сізді мүжитін сезім-күйлер.

Сондықтан, Дариға, өткенге өкінумен күн кешкенше, бұл қателікті түзеу үшін әрекет жасау керек деп ойлаймын. Оны жасау тек сіздің ғана қолыңызда. «Сол кезде ата-анам түсіністікпен қарап, азғандай қолтықтан демеп жіберсе, мен баламнан айрылмас едім ғой» – деген сөзіңіз қуантты. Сондықтан, неліктен балаңызды іздестіріп, тауып алмасқа?! Әрине оңай емес, дегенмен өмір бойы өкініп, адамның да, Алланың да алдында күнә арқалап, күйзеліп күн кешкенше, қатеңізді түзеп, мүмкін болса балаңызды өз қолыңызға алып, арыңыз таза, жүрегіңіз тыныш, балаңыз қасыңызда, ешкімге жәудіретпей, өсіріп жетілдірсеңіз, бұл адамдық парызыңызды өтеп, тағдырдың сынынан тік жүріп, адал өткеніңіз болар еді. Мен маман ретінде, адам ретінде және бастысы ана ретінде де осылай пайымдаймын. Бірақ, шешім қабылдау өз ырқыңызда. Дариға, сіздің дұрыс шешім қабылдауыңызға тілектестігімді білдіремін.

С. Асфендияров атындағы медициналық Университетінің Коммуникативтік дағдылар, психотерапия негіздері, жалпы және медициналық психология кафедрасының психолог маманы Рауан Әлібаева