Жан әлеміӨкініш

Бәрі өткінші

Мыжырайып, кəрілік жеңген кемпір көзін сығырайтып, өлімсіреген жанарымен қарады. Баяғы мінез, қайрат жоқ. "Сол кісі ме?" деп ойладым. Бірақ сол кісі екеніне сенімді едім. Қолын алдым. "Кімсің?" деді. "Айкамын. Қалыңыз қалай?" дедім. "Кімнің қызысың ба? Айка болсаң соның қызысың ғой" деп шешемнің есімін есіне түсіре алмады. Есіне түсіргенде жүзінен аздап қуаныш білінді. "Иə" деп басымды изедім.

Бұл кемпір – мамамның əпкесінің енесі. Өгей енесі. Бала кезімнен есімде ұмытылмастай қалған бейне. Бір əңгімемде эпизодтық кейіпкер ретінде “көрінеді”.  Жаңагүл. Жаңагүл кемпірден айналасының бəрі қорқатын. Келіндері, балалары, немерелері, көршілері, бəрі-бəрі қорқатын секілді көрінетін. Келіндері Жаңагүл кемпір ұрсып, жандарын шығарып жатса да, бір ауыз сөз айтпайтын. Баламын ғой. Əлде шешем айтқандай “бəрін іштен біліп туған бəлемін”. “Өгей енесі ғой. Неге əпшем қорқады? Жеті баласы бар. Келін түсірді. Неге қуып жібермейді” деп ойлайтынмын. Əпшемді (мамамның əпкесі) “қорқақ” деп ойладым.


Он жыл бұрын бірнеше немерелі болған əпшеме кемпір сөйлеп жатса да, əпшем: “Апа-ау, мен де алпысқа келдім. Енді жас емеспін ғой. Мен де үш келін түсірдім, ене болдым. Сол үш немере келіндеріңізге айтсаңызшы», -дейтін. Ашуланса да, даусын көтермей айтатын. Жаңагүл кемпір бұрқ-бұрқ етіп басылатын. Сол кезде Жаңагүлдің бұл үйге əпшемнің сабырлы мінезімен сыйғанын білдім. Енесі өгей енесін сыйлап тұрғанда əпшемнің үш келіні де Жаңагүл кемпірге сөйлей алмапты. Əпшемнен Жаңагүл кемпір алты жас қана үлкен екенін білгенде таңғалдым.


Жездем де “Апа, апа! Сізбен ақылдасайын деп едім. Апа, мына мəселені қайтеміз?” деп өгей анасымен ірілі-ұсақты мəселені де ақылдасып отырыпты. “Өгей” деп шеттетпепті. Əкелері сыйлап, бəйек болған кемпірді балалары да сыйлап, сөз қайтармапты. Əпшем мен жездемнен бұрын байғұс кемпір, пұшпағы қанамаған кемпір осы үйге қайтсем сыям, қайтсем жағам деп бір тынбапты ғой. Өзі де тынбапты, өзгеге де тыным бермепті. Төркініне, ешқайда тасымай “осы үйге болсын” депті. Оның айтқаны бұл үйде заң еді.

Бала кезімде əпшемнің үйіне барсам Жаңагүл кемпір қыздарының машинасына азық-түлік артып жататын. Оған ешкім бір сөз айтпайтын. Жаңагүл қыздарына не көтертіп, не беріп жатса да əпшем үндемейтін. Осы жерінің бір өтірігі жоқ. Əпшемнің өзі қандай етжеңді болса, пейілі де кең, қолы ашық адам ғой. Өздерінде де дүние бар еді. Қазір де ауқатты. Бірақ əпшем бізге, төркініне бірдеңе берсе, Жаңагүлден жасырып, қорқып беретін.
Жаңагүл кемпір “өгей қыздарым ғой” демей солардың да қамын жепті. Солардың бір жағына болысып жүретін.

Бір күні үйіне барсам үлкен бөлемнің келіншегі шаңқай түсте жұмыс істеп жатыр. Жаз ғой. Басыңнан күн өтетін мезгіл. Баламын. Бөлем жиырма жасында ма, одан да жас па үйленген. Бөлемнің əйелі момын. Той ма, жиын ба болған. “Қазандағы сорпаның бетін қалқып ал. Ол майдан бірнеше тамақ істеуге болады” деп ақыл үйретіп жатыр екен. Жұрттың бəрі ұйықтап жатқан кез ғой. Бірақ Аяш ұйықтамайды. Сорпаның бетіндегі майды қалқып алып еді, Жаңагүл кемпір жас келінге тағы тапсырма берді. Келін құлайын деп тұр. Аяп кеттім. “Шаршады ғой. Демалсын да” дедім. “Ей, маған ақыл үйрететін сен кімсің?” деді. Сол бөлемнің əйелі кейін қырықтан асқанда аяғын баса алмай қалды. Варикоз боп аяғына операция жасатты. “Ол байғұсты Жаңагүл апасы аямай жұмсайтын еді ғой. Жуас қой. Өзі де жатпайтын, жұртты да жатқызбайтын” деген əңгімені сол үйге қатысы бар адамдар айтып та жүрді.

“Мына үй бұрынғы үйлеріңізге ұқсайды екен” дедім. Жаңагүл кемпір: “Сол үйдің проектісі ғой. Қаладан келсем мына бөлмені қатты созып жіберіпті. Жылыту қиын деп цементті бұздырып, жарты метр ішке жақындаттым”,- деді. Рас, оның айтқаны айтқан еді ғой. Сол күндерді өзі де сағынады, білем. Мына иығы қушиған əлсіз кемпір бір кезде “бəрін жатқызып, тұрғызатын” десең, танымайтындар бұл кемпірдің қазіргі күйін көріп сенбейді.

Əйтеуір Жаңагүл кемпір мені ұнатпайтын. Бала кезімде екеуміз жиі ұрсып қалатынбыз. Кеше: “Ойпырмай, бала кезіңде көкбет едің ғой. Ұрыссам қайтпайтынсың. Басқа балалар қорқып тұратын. Ал сен қорықпай бетіме айтатынсың. Қақшаң қақшаң ететінсің. Бізге жуас балалар ұнайды ғой. Қақшаңдаған баланы ұнатпайтынбыз. Сол қақшаңдаған, еті тірі бала бір жерден шығады екен ғой”, – деп күледі. Кетіп бара жатқанымда “Жасым болса келді. Өмір өтеді де кетеді екен ғой. Ренжіткен жерім болса, кешір. Сені ренжіткен кездерім болды. Кешір…” деді.Жүрегім ауырып кетті. “Апа, сіз менен кешірім сұрайтындай ештеңе істемедіңіз”,-дедім. Ол өзі жеңілдеу үшін кешірім сұрады. Оны екеуміз де түсіндік. Бірақ бір кездегі адуынды адамның қартайып, күші кеткені, кешірім сұрағаны ауыр екен… Бірақ көзім жасаурады десем өтірік. Ренішім болса керек… ұмытыппын… Бірақ түпсанамда қалса керек.

Аягүл Мантай