Жан әлеміӨзіңді дамыт

«Жұрт не дейді?» Өзгенің ойына тәуелді болмаңыз!

Қазіргі уақытта өзгенің ойына тәуелді болу - тым кең таралып кеткен мәселе. Дегенмен, мықтыл бұл проблеманы еңсеріп, ешкімге жалтақтамай өміреді. Ал, қалғандары қайтпек? Жалпы, басқаның пікіріне кіріптарлық дегенді қалай анықтайды?

Басқаның ойына тәуелді болу – психологиялық күй. Нақтырақ айтар болсақ,аАдамға өзіне керекті емес, өзге жұртқа қажет дүниені істеткізетін, айтқызатын психологиялық қысым. Кіріптарлықтың пайда болу себептері де әртүрлі. Олар келесідей болады:

Ата-ананың пікірі мен қысымы

Баланы тым қатты ұстап тәрбиелеу керек деп ойлайтын ата-ана: «Мен қалай айттым, солай болады, менімен салғыласпа!»,- дегенді жиі айтады. Мұның түп-төркініне үңілсек, орны толмас қатені көреміз. Әке-шешесі баласына таңдау құқын бермеу, ойын ашық айтқызбау арқылы үлкен өмірде өз бетімен шешім қабылдауына тұсау салады. Жігерсіз, мінезінің боркемік болып өсуіне іргетас қалайды.Сондықтан, баланың болашағына, табысты болуына балта шапқысы келмеген ата-ана осы туралы ойланғаны жөн.

Өзгенің мақұлдауын күту

«Жұрт не деп ойлайды»,-деген түсініктің бала кезден қалыптасатынын білдік. Бұл жерде ата-анамен қоса, мектеп кезіндегі мұғалімдердің де ықпалы бар екен. Өзгенің ойына мұқтаж болып тұратын және өз ісін екінші біреудің бағалауын күтіп отыратын бала өмір бойы осы дағдысынан айни алмауы мүмкін.

Өзін төмен бағалау

Бұл жерде барлығы түсінікті болар?! Егер адам білімді, көп оқыған бола тұра, өзін мүсәпір сезінсе, онда оның ойы салмақсыз, ешкімге қызық емес.

Жауапкершіліктен қорқу және қашу

Мұндай адамдар қандай да бір салмақты шешім қабылдауға, күрделі мәселелерді шешуге қорқады. Сондықтан, жауапкершілікті мойнына алмаған әлдеқайда оңай. Олар жиі өтірік айтады. Өзі шешім қабылдағанша, өзгенің көрсеткен жолымен жүргенді құп көреді. Осылайша, өз өмірін емес, басқаның өмірін сүреді.

Өз пікірі мен көзқарасына тұрақты емес

Бұл бала кездегі қатарластарымен, ата-анасымен және үлкендермен қарым-қатынас кезіндегі қысым кесірінен пайда болады.

Осы аталғандардан бөлек, «жұрттың ойын» күтетін жанды «Әрі қарай не істеймін?» деген сұрақ үнемі мазалайды. Қанша дегенмен, қасында бұйрық берер серігі болмаса, өз әрекетіне, әрбір қадамына сенімсіз болып, жауапкершіліктен жалтарып, қара басын алып жүре алмайтындай сезінеді.

Қалай арылуға болады?

Психолгтар адамды өз бетімен әрекет етуге итермелейтін алгоритм ұсынады. Бұл басқаның пікіріне кіріптар болудан да арылтады дейді білетіндер.

Өзіңді сырттай бақылау.

Ішкі даусыңды, өзіңді ғана тыңда! Әрбір эмоцияны, әрбір ойды, әрбір әрекетті саралау керек. Өз ойыңыздың түп тамырына дейін зерделеу жағымсыз, алайда, пайдалы эмоцияға алып келеді. Бұл ерте ме, кеш пе өз ойыңызды сыртқа шығаруға мәжбүрлейді.

Жалғыздықтан қорықпау.

Өзіңізбен-өзіңіз оңаша қалудан жүрексінудің қажеті жоқ. Осылайша, сізге тәуелсіздік те құшағын айқара ашады. Тыныштық орнаған кезде өзіңізбен сөйлесіп, не қалайтыныңызды сұраңыз. Әдетте, өзгенің ойымен жүретін адамдардың қалауы, арманы, мақсаты болмайды. Себебі, оларда басқанікі бар.

Эмоцияны жасырмау.

Бірнәрсе ұнамады ма, оны бүгіп қалудың қажеті жоқ. Айтыңыз! Міне, осылайша, өзіңіздің жеке пікіріңіз қаз-қаз басып, жүгіріп кетеді.

Тәуелділікпен күресу оңай емес.

Егер ол сіздің бойыңызда ұзақ жылдар бойы мекендеп, әбден шырқау шегіне жеткен болса, тіпті, қиын. Өзіңізге шынайы болып, өзгеге кіріптар болып жүрсіз бе, жоқ па, қазірден анықтап алыңыз. Жоғарыда аталған белгілердің бір-екеуін бойыңыздан байқасаңыз, дереу өзіңізбен жұмыс істеуді бастаған дұрыс.