Жан әлеміӨзіңді дамыт

Декреттік демалыстан қалай шығамыз?

Балаңыз өсті, ал сізді жұмысқа оралу жайы қорқытып жүр. Қорықпай әрекет ету үшін не істеу керек? Балаға: «Сенің жұмысың –  балабақшаға бару, анаңның өзінің жұмысы бар», – деп үнемі ата-аналар тарапынан түсіндірулер болады. Әрине, үлкендерге ешкім ештеңе айтпайды. Ал психологиялық адаптация (үйренісу) жұмыс істейтін аналар үшін тіптен оңай емес, балалардың жағдайынан да қиын болуы мүмкін. Декреттен «үлкен өмірге шығу» біз елестеткеннен гөрі басқаша...

Маңыздысы: заманауи өмірде әйелдерде мүмкіндік көп. Әйел жұмыс істеп, құлпырып, отбасын құрып, мансап жасап және өмірге ұрпақ әкеле алады. Таңдауы өзінде. Үйде отырғаныңызда «өмір өтіп жатыр, бір нәрсе өзгерту керек, жаңа ортада өзімді сынап көремін» десеңіз – жұмысқа шығыңыз. Болмаса жұмысыңызды өзгертіңіз, өзіңізді ол жерден бақытсыз сезінсеңіз, кетіп қалыңыз. Декреттен шығу – табысқа жету жолындағы міндетті емтихан емес. Ол өзіңізді дамытудың бір жолы. Жақсы ма, жаман ба – оны өзіңіз шешесіз!

 Баланы қалай тастаймын?

Қызыңыз, не ұлыңыз бетіңізден сүйіп, балабақшадағы тобына қарай мейірімді апайына жүгіреді. Өзім де жұмысқа жүгіремін деп күтесіз, солай ойлайсыз.

Шындығында

Ал, шындығында бала киінетін жерде жылайды, өзінің бөтен жерге келгенін сезінеді. Өзін кінәлау әрбір жұмыс істейтін анада болады. Елдің көзінше жұмысқа шығып кетті. Басқаша қалай деуге болады? Өзінің баласын өзгеге тастап мансап қуды. Ал, балаңыз балабақшадан мені қашан алады деп күтумен күнін өткізеді.

Не істеу керек?

Психологтар бірінші баламен емес, өзгелермен емес, өзіңізбен келісуіңіз керек дегенді құптайды. Сол кезде басқалар да қабылдайды. «Мен жақсы анамын, барлығын дұрыс істеп жүрмін» деп ішіңізден сан мәрте қайталап,  өзіңіздің және балаңыздың тез үйренісуіне сенуіңіз керек. Себебі, сіз шынымен керемет анасыз!

Жұмыс істейтін әйел отбасыға табыс та, береке де әкеледі дегенді өз-өзіңіздің есіңізге салып тұрыңыз. Өмір әр түрлі құбылуы мүмкін, ал ақша ешқашан артық болмайды. Оның үстіне балаңыз өскенде анасы арқылы мақтанатын  болады және «анамызда отбасы да, сүйікті жұмысы да бар» деп, түсіністікпен қарайды. Бұл түсінік болашақта балаңыздың кәдесіне жарайды. Кінәлі сезініп, балаңыздан алшақтасаңыз мәселені одан әрі ушықтырып аласыз. Сол үшін балаңызбен көп сөйлесіп, күніне кемінде жарты сағатты тек бауыр етіңізге арнаңыз.

Бәріне үлгеремін!

Күндіз жұмыстасыз. Кешкі алтыдан кейін үйге қайтамын, сосын отбасымыз болып кешкі аста бәріміз жиналамыз деп күтесіз.

Шындығында

Ал, шындығында үйге келсеңіз үйдің жұмыстары үйіліп тұрады. Табалдырықтан аттай салып, шаңсорғыш пен қазанды бір мезетте қатар ұстауыңызға тура келеді. Нәтижесі белгілі – шаршайсыз, жастыққа басыңыз тигенше асығасыз, демалысты аңсайсыз.

Не істеу керек?

Өзіңізге қиын болмау үшін отбасының басқа мүшелерін көмекке шақырыңыз. Күйеуіңіз дүкенге барып келсе, үлкен балаларыңыздың бірі еденді жуса…

Табалдырықтан кейін – басқа өмір

Жаңа кәсіп, жаңа танысулармен өмір қызықтырақ бола түседі деп ойлайсыз.

Шындығында

Шындығында, алғашқы кездері шаршайсыз. Балалардың ойын алаңдарындағы бітпейтін әңгімелер, педиатрлардың ақыл-кеңестері, үй жұмыстары сіз үшін мереке болып көрінеді. Себебі, жаңа ритмге түсу оңай емес. Себебі әріптестермен ортақ тіл табысу, күн тәртібінің өзгеруі алғашында оңай тимейтіні анық.

Не істеу керек?

Жұмыс істейтін аналар үнемі қозғалыста болады. Баланы балабақшаға апару-әкелуден бастап, бір қолымен тамақ істесе, екіншісімен басқа бір нәрсе істейді. Шаршағаннан, үлгермей жатқаннан жұмысқа шыққанына өкінуі де мүмкін. Өзін тығырыққа тірей бастауы да ғажап емес. Сол себепті жаңа өмір үрдісіне қалыптасу үшін өз өзіңізге 1-3 ай көлемінде уақыт беріңіз. Асығыс шешім қабылдамаңыз. Айтулы уақыт ішінде жаңа өміріңізге үйренісіп, тіпті осы өміріңізді жақсы көріп кетуіңіз әбден мүмкін.

 Жұмыс ритміне қалай кіру керек?    

Бар-жоғы үш жыл үйде отырдыңыз. Кетпеген сияқты қайтып келдіңіз. Миыңыз сағат секілді жұмыс істеп, қолыңызға түскен кез келген жұмысты тез аралықта жайпап тастаймын деп ойлайсыз.

Шындығында

Ақиқатында, барлығын кереметтей тындырамын деп шапқылауыңыз – тығырыққа тірелу. Бірін істесеңіз, екіншісін ұмытып қалып, әріптестеріңізге ілесе алмауыңыз жаныңызға батып, түрлі комплекстерге әкеледі.

Жұмыстан біраз қол үзу расымен қиын. Ештеңе тоқтап тұрмайды. Бәрі алға жылжиды. Сіз декретте болғаныңызда басқа жұмыстармен айналыстыңыз. Енді әріптестеріңізді қуып жетуіңіз керек.

Не істеу керек?

Әрине, сіз жаман қызметкер емессіз. Өз-өзіңізге сеніп, мәселеден шығуға тырысыңыз. Жұмыс берушілер декреттен шыққан әйелдерді жақсы көреді. Себебі олар аса жауапты, бір мезетте бір-екі жұмысты қатар істей алады, күнін жоспарлауды біледі, келісу, процесстерді басқара білу деген қасиеттер болады. Сізден ешкім ерлік күтпейді. Сондықтан жай ғана жұмыс ритміне кіру үшін өз өзіңізге уақыт беріңіз. Сенімділігіңізді арттыру үшін тематикалық мақалалар мен кітаптар оқыңыз, семинарларға қатысыңыз, лекциялар тыңдаңыз, тәжірибеңізді өсіріңіз. Сонда барлығын қуып жетесіз.

Бәсекелестіктен қорықпаймын.

Мен декретке дейін жақсы маман болдым, әлі де кереметпін, жақында менің қызметім жоғарылайды деп ойлайсыз.

Шындығында

Шындығында айналаңызда өте жақсы жұмыс істейтін мамандар көп. Олардың көбі жас қыздар және олардың жалақылары сіздікінен де көп болуы әбден мүмкін.

Не істеу керек?

Біреулер өзіне сенімсіздік танытады, біреулер стереотиптерінің құрбаны болады. Біреулер балаларының ертеңгіліктеріне байланысты көп сұранып, өзінің қабілет-қарымын азайтып алады. Декреттік демалыста көп әйелдер өзін басқа қырынан танып, жаңа кәсіпті қолға алуы ғажап емес.

Өзіңізді ешкіммен салыстырмаңыз. Тек бірнеше ай не бірнеше жыл бұрынғы өзіңізбен ғана салыстырыңыз. Оның орнына өзіңізді сенімді сезінетін, табысты болатын ортадан өзіңізді іздеңіз.