Cән мен сұлулықДене күтімі

Дене күтіміне арналған ең тиімді скрабтар

Үй жағдайында скраб дайындау өте оңай. Керегі – ас үйіңізде қолданатын заттар.

Скраб дайындаудағы басты ереже:

Кез-келген скраб дайындауда негізге алынатын зат – ол майлы, ұсақ әрі қатты бөлшектер. Бұл қосындылар терідегі майлы жылтырдан, өлі теріден арылтады. Көп жағдайда тұз, қант, жарма, өсімдік тұқымы және цитрус қабығы қолданылады. Қалғаны теріні жұмсарту мен ылғалдандыру мақсатында пайдаланылады. Жасап көріңіз, нәтижесі SPA салонға барғаннан кем емес.

Жалпы ереже:

  • Скраб дайындау

  • Душ немесе ванна қабылдау

  • Ылғал теріге массажды қимылмен скрабты жағу

  • Жылы сумен жуу

  • Ылғалдандыратын иісмай жағу.

Тұз және сұлы үлпектерінен дайындалатын скраб

Тұздан дайындалған скрабтар өте танымал. Қалыпты және майлы дене терісіне қолдануға болады. Ең дұрысы, ірі теңіз тұзын қолданған жөн. Ол – микроэлементтерге бай. Сұлыны блендерде ұсақтау керек. Бірақ қатты ұнтақтамаған жөн. Сұлыны, тұзды, өсімдік майын және балды 1 ас қасықтан араластырыңыз.

Нәтижесі: нәзік әрі ылғалды тері.

 

Күріш скрабы

Проблемалы және майлылығы жоғары дене терісіне арналған мінсіз скраб. Алайда терісі құрғақ, аллергиялық реакцияға бейім жандарға басқа скраб түрін таңдаған абзал. Күріш – күшті табиғи абсорбент. Теріге демалуға кедергі жасайтын заттарды өзіне тартады. Әзірлеу тәсілі: тазаланған және жақсы кептірілген 300 г күрішті блендерде ұнтақтаңыз (бұл жолы ұн секілді етіп) және бірнеше қасық су қосып, ботқа секілді күйге жеткізіңіз.

Нәтижесі: таза, кептірілген тері.

Қанттан дайындалған скраб

Тәтті бикеш болғыңыз келе ме? Болыңыз! Түк қиындығы жоқ: қантты өсімдік майымен араластырыңыз. Кез-келген май түрін қолдануға болады, алайда зәйтүн майын қолданған дұрыс. Себебі ол теріні нәрлендіреді. Ал шырғанақ майы безеу бөртпесімен күреседі.

Нәтижесі: тегіс әрі балғын тері.

Кофе және кілегейден дайындалған скраб

Кофе теріні сергітеді, шымырландырады. Табиғи, жаңа дайындалған кофе ішіңіз. Ыдыс түбінде қалған кофе қоюына кілегей қосыңыз. Кофеин – мінсіз тері күтімінде таптырмас құрал.

Нәтижесі: тегіс тері.

Жарма ұнтағынан және балдан дайындалған скраб

Барлық тері типіне арналған. 4 ас қасық жарма ұнтағымен балды араластырыңыз: скраб дайын.

Нәтижесі: жұмсақ әрі жібектей тері.

Апельсин қабығынан дайындалатын скраб

Кептірілген цитрус қабықтарын блендерде ұсақтаңыз. Жылы сумен араластырып қаймақ секілді күйге жеткізіңіз. Бұл скрабты теріде 10-15 минут қалдырсаңыз, целлюлитпен күреседі.

Нәтижесі: жасарған тері.

Көкнәр (мак) скрабы

½ стақан көкнәр, 2 ас қасық ірі тұз, 3 ас қасық өсімдік майы, 2 тамшы кез-келген цитрусты эфир майы

Нәтижесі: жақсы ылғалданған тері.

Кептілірген бұрыштан дайындалған целлюлитке қарсы скраб

3 ас қасық тұз, 3 ас қасық қант, 2 ас қасық бадам майы, 1 ас қасық қызыл бұрыш. Ескерту: бұл скрабты тек жамбасқа және бөксеге қолдануға болады. Ол қан айналымын жақсартып, зат алмасуды жылдамдатып, целлюлитпен күреседі. Сезімтал теріге қолдану қауіпті.

Нәтижесі: тегіс әрі шымыр тері.

Грейпфруттан дайындалған скраб-пилинг

1 грейпфрут жұмсағы, 2 ас қасық ұнтақ кофе және 2 ас қасық теңіз тұзын араластырыңыз. 2 тамшы апельсин және лимон майын қосыңыз.

Нәтижесі: сергітілген тері.

Өсімдік скрабы

4 ас қасық кептірілген жебіршөп (тимьян), 3 шай қасық ұсақталған фенхель дәні, жарты лимон шырыны, 3 ас қасық зығыр майы. Жебіршөппен аскөк дәніне қайнаған су және лимон шырынын қосып, 15 минут тұндырыңыз.

Нәтижесі: нәзік, тыныс алатын тері.

Ескерту: Дайындалған скрабты қолданбас бұрын, кішкентай тері аумағына жағып, сынап көріңіз. Жағымсыз сезім мен қызартулар болмаса, іске сәт!