тест
Жан әлеміӨзіңді дамыт

Дұрыс шешім – тағдырың!

Өмірде бізге түрлі шешімдер қабылдауға тура келеді. Осындайда «Мұны істеу керек пе, әлде жоқ па?» деген екі ойдың шырмауында қалып қоямыз. Тіпті, кейде қалай әрекет ету керектігін де түсіне алмаймыз. Қалай әрекет етеміз? Істеген ісіңе кейін өкініп қалмас үшін қандай қарекет жасаған дұрыс?

Ақылдасу

Бұл – логикалық тұрғыдан ұтымды ойлай білетін адамдар үшін жақсы. Алдымен сізге қай істің тиімді екенін таразыға салып көріңіз. Ол үшін екі жақтың бар артықшылығы мен кемшілігін қағазға тізіп жазыңыз. Мысалы, сізге жаңа жұмыс ұсынды делік. Сіз оған «келіссем бе екен, әлде жоқ па?» деп бас қатырудасыз. Осы кезде бір қағазды алып, сызықпен екіге бөліңіз де, әлгі қызметтің артықшылықтарын: «айлығы көп», «мансап өсіруге мүмкіндік бар», «қосымша ақы төленеді» дегендей етіп көрсетіңіз. Ал екінші жағына: «жұмыс үйден алыс», «кестесі тұрақты емес», «компания туралы ақпарат аз» және т.б. деп жағымсыз жақтарын жазыңыз.

Сөйтіп парақтағы артықшылықтар мен кемшіліктерді есептеңіз. Сіз үшін қайсысы маңызды екенін таңдаңыз. Кейбір адамдар жалақы мен мансап көп мәселені шешіп бере алады деп ойласа, сіз үшін ең бастысы үйге ерте қайтып, бос уақытыңызды отбасымен бірге өткізу болар?! Осылайша артығы мен кемісін саралап, өзіңізге орайлы тұсын таңдап аласыз және оңай шешім қабылдауға мүмкіндік туады.

 

 Интуицияға жүгіну

Бұл – интуитивті ойлау қабілеті бар адамдарға арналған.

Ішкі түйсігіңізді тыңдаңыз. Сізге жұмысқа тұруға немесе тұрмысқа шығуға ұсыныс жасалды. Былай қарасаңыз, екеуі де нашар ұсыныс емес. Бірақ неге екені белгісіз, бұларды қабылдағыңыз келмейді. «Мүмкін, керек емес шығар» деп ойлайсыз. Я болмаса, санаңыз бірдеңеден күмәнданып, жүрегіңіз атаулы істі құп көріп тұр. Мұндайда, әрине, түйсікке жүгінбейсіз бе? Егер бұрын интуицияңыз алдамаған болса, демек оған толықтай сене аласыз деген сөз.

Байқап көру

Бұл – сиқырға, түрлі болжауларға сенетін адамдар үшін.

Мұнда міндетті түрде көріпкел, балгерге бару деген сөз емес. Жай ғана былай болжауға болады: «Қазір сөмкемнен қолыма жасыл кәмпит ілінсе, онда мен сол жерге барамын. Егер қызыл кәмпит болса, барудан бас тартамын». Ең бастысы – көзбен көрмей алу.

Кейде сағатпен де «бал ашуға» болады. Білгіштердің айтуынша, сағат тіліне бірден көз тастау арқылы болжай алады екенбіз. Айталық, сағат 11-ден 11 минут кетті. Онда кездесу немесе әлгі кәсіпорынның сіз үшін сәтті болатынына еш күмәндәнбаңыз. Егер сағат тіліндегі алдыңғы сандар кейінгі екі саннан үлкен болса, яғни, 21 сағат 03 минутты көрсетіп тұрса, шешім  қабылдауға асықпаған жөн. Ал керісінше, сағат 15:39-ды көрсетсе, демек уақыт өтіп барады, мүмкіндігіңізді жіберіп алмаңыз дегенді білдіреді.

Тіпті қазір шешім қабылдауға көмектесетін арнайы шарлар сатылады. Сіз оған нақты сұрақ қоясыз да, шайқайсыз. Сосын терезесіне қарасаңыз, ол сізге жауабын шығарып береді. Бірақ есіңізде болсын, доп болашақты болжай алмайды. Ол тек нені күту керек, дәл сол жағдайда қалай әрекет қылған дұрыс екеніне үндейді.

Тағдыр белгілерін оқу

Тылсым күшке емес, психологияға және бейсаналық құпияға қызығатындар үшін.

Шешім қабылдамас бұрын айналадағы жағдайға назар аударыңыз. Сіз бір жаққа баруды ойладыңыз делік, бірақ ішіңізден екіойлы болып отырсыз. Сонда кенеттен телефоныңыз шыр ете қалып, таныстарыңыз өтініш айта бастады. Сөйтіп жүргенде пәтеріңіздің кілтін жоғалтып, аяқ киіміңіздің шатырдан ұшып кеткенін білдіңіз. Түптен келгенде мұның бәрі сізге бұл кездесуге барудың қажеті жоқ екендігін түсіндіріп тұр емес пе?!

Болмаса біреу сізге серіктестік ұсынады. Оның фамилиясы дәл сізге бірнеше жыл бұрын жайсыз жағдай тудырған адамдыкіндей болып шығады. Бұны кездейсоқтық деп білесіз бе?..

Беліңіздің ауырып жүргеніне үшінші ай. Бірақ сіз дәрігерге бару туралы ойламайсыз. Кенеттен метрода келе жатып, біреудің әңгімесінен: «Мен кеше УДЗ-ға барып едім, енді бүйрегіңде тас бар деп отыр» дегенді естіп қаласыз… Немесе, бірде өзіңіз пір тұтып жүрген адам кездесуге шақырды дейік. Сіз «барғаным жөн бе, жоқ па?» деп көп ойланасыз. Сол сәтте радиодан: «Кездесуге бармаңыз, бармаңыз. Оның кеудесінде тас жүрек» деп ән салып жатады. Осының өзі сізге ескерту емес пе?..

Жолай кездескен белгілі бір көріністер де сізге өзінше кеңес беруі мүмкін. Мысалы, бір адаммен тағдырыңызды нақты байланыстыруға болатынына сенімді емессіз. Сол оймен көшеде келе жатып, кенеттен тоғандағы бірнеше нәзік аққуды көріп қаласыз. Я болмаса, қарсы алдыңыздан екі мысықтың бір-бірімен қатты жұлысып жатқанын көресіз…

Тағы осы сияқты көріністер сізге тиісті шешім қабылдауға ой тастауы ғажап емес. Әрине, көрінген нәрсенің бәрін «жасырын белгі» деп қабылдауға болмайды. Бірақ сөз немесе оқиға назарыңызды өзіне аудартып, есіңізден шықпай қойса, айналаның бәрі сізге белгі беріп тұрғандай көрінсе, онда оларды ескеру қажет. Болашағыңыздың жарқын әрі кемел болуы үшін ең табысты шешімдер тілейміз!