ДенсаулықСаулық үшін

Ерте қартаюдың алдын ал!

Бүгінгі әйелдер бұрынғы әйелдерге қарағанда әлдеқайда жас көрінеді. Оған аналарымыз бен әжелеріміздің ескі суреттерін қарап отырып-ақ көз жеткізуге болады. Бұған себеп: өмір сүру жағдайының өзгеруі, урбандалу, заманауи ғылым мен медицинаның инновациялық және технологиялық жетістіктері, соның ішінде косметологиялық процедуралар, сән индустриясы. Бұлардың барлығы сыртқы келбетіміздің кейпін сақтауға көмектесіп келеді. Дегенмен бір жас шамасындағы әйелдерге бақылау жасаған кезде біреулері жас көрінсе, енді біреулері, керісінше, үлкен көрінеді. Жастық ішкі ағзаның, қан тамырларының, жүйке жүйесінің саулығынан басталатынын ұмытпағанымыз абзал.

С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің «Ішкі аурулар пропедевтикасы» кафедрасының профессоры, м.ғ.к., жоғары санатты дәрігер-терапевт Шолпан Болатқызы Жангелова  қартаюдың алдын алуға бірнеше кеңестермен бөлісті.

«Қабынған қарттық» деген не?
2000 жылы Клаудио Франчески алғаш рет «қабынған қарттық» терминін қолданып, бірқатар бақылауларға негізделген гипотезаны ұсынған. Бұл ‒ созылмалы, стерильді, инфекцияның болуымен байланысты емес, бірақ ең алдымен, ішкі ағза белгілері (эндогендік белгі), субклиникалық (симптомсыз) ерте қартаюды тудыратын жеңіл қабыну. Қабынған қарттық адам ағзасында мынадай ауруларды тудыруы мүмкін:

  •  жүрек-қан тамырлары (жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия);
  • метаболикалық (2 типті қант диабеті);
  • тірек-қимыл жүйесі (остеоартроз,остеопороз, саркопения);
  • неврологиялық (депрессия, деменция, Альцгеймер ауруы);
  • онкогематологиялық (қатерлі ісік, анемия) аурулар.

«Қабынған қарттықтың» салдары
Қан тамырларының қартаюын «атеросклероз» деп атауға болады, атеросклерозда қан тамырлары холестерин түйіншектерімен бітеледі әрі сынғыш келеді. Бұл бүкіл жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысына кері әсерін тигізіп, инфаркт пен инсульт қаупін арттырады. Мойын мен мидың тамырлы зақымдануының алғашқы белгілері ‒ бас ауруы және құлақ шуылы.
Шуыл құлақ төңірегіне жақын орналасқан тамырлардағы қан ағымының кедергісінен туындайды. Сондай-ақ, бас пен мойын тамырларының зақымдалуынан адамдарда:

  • есте сақтау қабілеті нашарлайды; 
  • жұмысқа қабілеттілік пен көңіл-күйі төмендейді; 
  • метеосезімталдық туындайды; 
  • ұйқы қанбайды; 
  • бас айналады; 
  • тез шаршағыштық пайда болады. 

Көптеген ер-азаматтар белсіздікті табиғи қартаю үдерісінің белгісі ретінде қарастырады. Алайда бұл ‒ олай емес, эректильді дисфункция ерлердегі қан тамырларының бұзылуының алғашқы белгілері болуы мүмкін.

Қан тамырларының жасын ұзарту жолдары
Ол үшін жағымсыз факторлардан арылу керек, мысалы, темекі шегу. Бұл әдеттен арылу арқылы сіз жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларының даму қаупін едәуір азайта аласыз. Қолайсыз факторларды жою тамырлардың жасын ұзартуға айтарлықтай ықпал етеді:

  1. артық салмақ;
  2. тамақтану жүйесінің дұрыс болмауы;
  3. физикалық белсенділіктің жеткіліксіздігі;
  4. ұйқысыздық;
  5. күйзеліс жағдайлары.

Десе де, салауатты өмір салтын ұстанатын адамдарда да қан- тамырлары аурулары болуы мүмкін. Олар:

  1. артериялық гипертензия;
  2.  жалпы холестериннің және тығыздығы төмен липопротеидті холестериннің жоғарылауы;
  3. глюкоза деңгейінің жоғарылауы.

Мұның бәріне ‒ атеросклероздың және атеросклерозбен байланысты аурулардың біртіндеп дамуы ‒ семіздік, жүректің ишемиялық ауруы, цереброваскулярлық ауру, II типті қант диабеті және т.б. себеп.
Қан тамырлары тіндер мен ағзаларға жеткілікті қан беруді қамтамасыз ете алмаған жағдайда жүрек ауруы, бас ауруы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі белгілері пайда болады.


Скринингтің маңызы
Қартаюдың алғашқы белгілерін және жасқа байланысты аурулардың дамуын анықтау үшін 18 жастан бастап скринингтен немесе тексеруден өту керек. Бұл жас жігіттерде денінің саулығы мен қуаттылығын анықтаса, қыз-келіншектерде денсаулыққа қатысты мәселелерді анықтау мен оларды жүктілік кезеңіне дейін шешуге көмектеседі. Скрининг кезінде дәрігер міндетті түрде қан қысымын, тамыр соғысын өлшейді және қанды, жалпы холестеринді, глюкоза мен электрокардиографияны тексереді. Осы жаста тұқым қуалайтын гиперхолестеринемияны ‒ холестериннің көбеюін анықтауға болады. Мұндай адамдарда инфаркт пен инсульт 25-40 жас аралығында кездеседі.

40 жастан асқан әйелдер скрининг өткен кезде холестериннің жоғары деңгейі анықталса, дәрігер
жүрек- қан тамырлары асқынуының қаупін анықтайды, тамыр жасын есептейді. Қан қысымының қалыпты жағдайында да атеросклероздың барлық каскадын қоздыратын гипер- холестеринемияны бақылау және емдеу қажет. Егер бұл дертті дер кезінде емдемесе, адамның жастық шағын анықтайтын компоненттердің ерте қартаюына әкеліп соғады. Олар: қан тамырларының, терінің, шаштың, сүйектің, бұлшықеттің ерте қартаюы.

Тиімді ем
Мұндай жағдайларда дұрыс тамақтану, физикалық белсенділікті жоғарылату ұсынылады. Егер ол тиімді болмаса, я жүрек-қан тамырларына қаупі жоғары болса, холестерин деңгейін төмендететін арнайы препараттар тағайындалады. Солардың бірі әрі бірегейі ‒ Еуропалық кардиология қоғамы, Американдық кардиология қауымдастығы мен Қазақстандық кардиология қауымдастығы тағайындаған статиндер. Питавастатин ‒ ұзақ уақыт бойы жас, қарт кісілер, диабетпен ауыратын, артық салмағы бар және басқа аурулары қатар жүретін кісілер қабылдай алатын, өзара әрекеттесу тұрғысынан ең бейтарап, қауіпсіз статин. Ол ең аз, 1, 2 және 4 мг дозада тығыздығы төмен липопротеидтерді төмендетеді.
Cтатинді пациентте COVID -19 пайда болған кезде жалғастыруды ұсынады. Көптеген дәрі-дәрмектер  тағайындалған жағдайда, питавастатин статиндердің бірінші таңдауы болып табылады. Сонымен қатар, ол тамыр жүйесінің қабыну деңгейін төмендетеді, қан тамырларының қабырғасындағы түйіншектерді тұрақтандырады, жарылу мен тромбтың пайда болуына жол бермейді. Статиндердің көптеген түрлері бар, бірақ өлім, инфаркт, инсульт қаупін азайтудың ең үлкен дәлелді базасы және тиімділігі жоғары препараттар болып табылатындығы тек аторвастатин, розувастатин және питавастатиннен анықталған. Питавастатин ‒ диабет пен артық салмақпен ауыратын науқастарға қабылдауға болатын ең қауіпсіз статин. Ол COVID-19-бен ауырған науқастарға да ұсынылған. Пандемия кезінде статин қабылдамайтын науқастарға қарағанда, статин қабылдайтын науқастардың өлім-жітімі екі есеге аз болған. Бұл дәлелденген факт.

Егер сізде статиндер рецепті бойынша нұсқаулық болса, дәрігердің өмір салтын өзгерту, тамақтану, физикалық белсенділікті арттыру, дәрі-дәрмектерді таңдау, оны үнемі қабылдау және атеросклерозға оң әсер ететін ұсыныстарын орындағаныңыз жөн. Сіз қан тамырларыңызды жақсартуға, көптеген жылдар бойына жас болып көрінуге, ерте қартаюдың алдын алуға, сау өмірді ұзартуға және жасқа байланысты аурулардың пайда болуын кейінге қалдыруға мүмкіндік аласыз.