In the Kitchen гастрономиялық арт жобасы жалғасын тапты. Жуырда арт-жобаның қысқы шығарылымы аясында өткен жиында жобаның мақсаты мен маңызы әңгіме өзегіне айналған болатын.
Бранчтың ерекшелігі – қонақтардың австриялық мүсінші және инсталлятор Норберт Бруннер жасаған бірегей арт-нысанның үстінде тамақтануы болды. Бұл туынды идеяларды, талғамдар мен мәдениеттерді біріктіретін символға айналды.
«Бұл тек италиялық аспаз дайындаған кешкі ас емес. “In the Kitchen” жобасы – аспаздық шығармашылық пен диалог арқылы Еуропа мен Қазақстан арасындағы көпір», – деп атап өтті жобаның негізін қалаушы Айнұр Ахметова. – «Бастапқыда біз мұндай іс-шараларды тоқсан сайын өткізуді жоспарлаған едік, бірақ қонақтарымыздың жылы пікірлері бізді шабыттандырды. Енді біз оларды әр екі ай сайын ұйымдастырамыз. Мен үшін шақырылған аспаздардың жергілікті мамандармен тәжірибе бөлісіп, қазақстандық гастрономияның кәсіби өсуіне негіз құруы аса маңызды».
Мамандар үш күн бойы қонақтарға мейрамхананың кәсіби командасы дайындаған ерекше тәжірибе сыйлады. Қатысушылар арасында әлемге танымал италиялық фотограф Габриэле Галимберти, австриялық суретші Норберт Бруннер, қазақстандық аспаздар және екі Michelin жұлдызының иегері аспазшы Сильвестр Вахид болды. Іс-шараның кульминациясы – Норберт Бруннердің «Cook Local – Act Infinite» атты арт-объектісі болды, ол қонақтарды өнер арқылы мағыналы диалогқа шақырды.
«Біз адамдар, елдер мен мәдениеттер арасында диалогтар құрудамыз», – деп бөлісті “365 ART” жобасының негізін қалаушы Ольга Даниеле. – «Біздің жоба гастрономия мен өнердің тоғысуына арналған. Норберт Бруннердің арт-нысаны үстінде өткен кешкі ас – бұл жай ғана дизайнерлік шешім емес, әрбір бөлшегі маңызды өзара әрекеттесу символы. “In the Kitchen” Еуропа мен Қазақстанды шығармашылық пен өнер арқылы біріктіреді. Бұл біз үшін жай ғана іс-шара емес, мәдени саяхат, ол шабыт береді және жаңа көкжиектер ашады».
Қысқы шығарылымның басты кейіпкері ретінде Милан қаласынан келген италиялық-америкалық аспаз Эудженио Ронкорони танылды. Оның тағамдары инновация мен дәстүрді үйлестіре отырып жасалған. Басқа қатысушылар сияқты, Эудженио да Габриэле Галимбертидің фотосериясына еніп, өзінің фирмалық тағамы мен оның ингредиенттерімен бірге бейнеленді.
Эудженио Ронкорони Қазақстанға сапарының күтпеген және ерекше шабыт бергенін атап өтті:
«Бұл жерге келерде не күтерімді білмедім, – деп мойындады Эудженио. – 23 килограмм италиялық өнімді өзіммен бірге алып келдім, себебі мұнда сапалы ингредиенттерді таба алмаймын деп ойладым. Алайда, мені жергілікті өнімдер таң қалдырды! Өз тағамдарым арқылы италиялық дәстүрлерді қазақ асханасының ұлттық ерекшеліктерімен біріктіргім келеді. Бұл – бір-бірін толықтыратын мәдениеттердің үйлесімі».
Іс-шараның тағы бір ерекше қонағы атақты миксолог Франко Туччи Понти болды. Ол Миландағы I Mirador барын басқарған және қонақтарға қысқа, бірақ әсерлі сусындар картасын ұсынды.
«Досыммен жұмыс істеу – әрдайым ерекше қуаныш, – деп атап өтті Франко. – Біздің тағам мен сусындарға деген көзқарастарымыз керемет үйлеседі. Жергілікті мәдениеттен шабыт ала отырып, қымыздан коктейль жасап көруді жоспарлап отырмын. Бұл – гастрономияның шекарасын кеңейтуге көмектесетін бірегей тәжірибе».
“In the Kitchen” жобасы Ольга Даниеле тарапынан өнер мен гастрономия арқылы өзін-өзі көрсету платформасы ретінде құрылды. Жобаның негізгі мақсаты – гастрономиялық өнер рецептерінің кітабын шығару, бұл кулинария мен өнер сүйер қауымға үй жағдайында шығармашылықпен тәжірибе жасауға шабыт бермек.
Жоба «365 ART» (Швейцария) пен Айнұр Ахметованың бірлескен ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асырылды. Бұл бастама Еуропа мен Қазақстанды біріктіру, адамдарды шығармашылық, диалог және гастрономиялық өнер арқылы жақындату миссиясын көрсетеді.
Жиналған қаражаттың бір бөлігі «Аман» инклюзивті даму орталығын қолдауға бағытталатыны хабарланды.