Ас мәзіріНегізгі ас

Кәуап – пайдасы мол тағам

Көктем келіп, күн жылынса болды, қала сыртына қарай тартып тұрғымыз келеді. Ал, табиғат аясын кәуапсыз елестету мүмкін емес. Қазір дәрігерлер иісі мұрын жаратын шоққа піскен еттің зияны туралы бұрынғыдай дабыл қақпайды. Яғни, бүгінде қой және басқа да еттердің пайдалы заттарға бай екені белгілі болуда. Қане, сол кәуап асқазанға түскенде денеде қандай өзгеріс болатынына көз жеткізіп көрелік.

Бауыр

Сиырдың небәрі 100 гр немесе тауықтың 150 гр бауыр еті ағзаға күнделікті қажетті темір мөлшерін құрайды. Диетологтардың пікірінше, темір өсімдіктерден гөрі бауырдан әлдеқайда жақсы сіңіріледі. Темір – қан аздық және әлсіздікпен жақсы күреседі. Соңғы күндері жұмыстан қажып жүрсеңіз, бауырдан жасалған кәуаппен бір сергіп алуға уақыт табыңыз. Бауыр – құрамында гепарині бар жалғыз өнім. Бұл қанның ұюын тежеп, жүректің жұмысын жеңілдетеді, көгерген жерлердің тез кетуіне көмектеседі. Жақында оның шашқа да өте пайдалы екендігі мәлім болды. Сондай-ақ, бауырда ұйқы безіне қажетті, дене белсенділігін реттейтін кобальт тәрізді сирек кездесетін элемент бар.

  • Бауырды сірке қышқылы немесе шараппен маринадтауға болмайды. Бұлар бауырдың дәмін және пайдалы құрамын жойып жібереді. Оны сүтпен немесе су қосылған қаймаққа малып алсаңыз, жеткілікті. Құрғақ болмас үшін дайындар алдында өсімдік майын сеуіп, шанышқыға пияз сақиналарымен араластырып тізбектеп шығыңыз.

Сиырдың 100 гр бауыр етінде шамамен 190 ккал бар. Ал, тауықт бауырында – 150 каал.

Қой етінен кәуап

Бұл – кәуаптың классикалық түрі. Оны қазір әркім өзбетінше түрлі рецептермен дайындайды. Мұны көбісі майлы, әрі асқазанға ауыр деп санайды. Шын мәнінде олай емес. Қой еті АҚШ-та танымал «энергетикалық» диетаға енген еттің жалғыз түрі. Аталған ет түрі денедегі каллорияны қуатқа айналдырып, дене шынықтыру кезінде ағзаға күш беретін тағамдардың бірі. Оны тіпті, әлемдік актриса Кэтрин Зета Джонс біраз уақыт тұтынып, жемісін көріп, риза болған. Қой етіне көкөніс қосып дайындалған тағам мен майсыз сорпа актрисаға босанған кейін мүсінін жылдам қайтарып алуына көмектескен. Сондай-ақ, қой етінде ойды тез жинақтауға әсер ететін лецитин көп. Ол инсулин гармонының бөлінуін реттейді. Ең бастысы – ет өнімдерінің ішінде қой етінде ғана тіс эмалін қатайтатын фтор бар. Алайда, диетологтар қой етін аптасына бір реттен көп жемеуге кеңес береді.

  • Бұл етті қышқылды қоспалармен маринадтаған жақсы. Оған шарап, жүзім немесе алмадан жасалған табиғи сірке қышқылдары және йогуртты қолдануға болады. Ал, синтетикалық асханалық сірке қышқылы етті қатты етуі мүмкін.

100 гр қойдың сан етінен жасалған кәуапта шамамен 320 ккал, ал жауырынында 280 ккал бар.

Сиыр еті

Бұзау және жас мал етінің құрамында темір мен А дәрумендерін өте жақсы сіңіретін жоғары сапалы ақуыз бар. Бірақ «ескі» етте қаныққан, зиянды майлар мен ағзада тотығу процесстерін тудыратын заттар көп жинақталады. Оған қоса, соңғы кезде қартаюға қарсы терапиямен айналысып жүрген дәрігерлер «қызыл ет – адам ағзасындағы қартаю үдерісін жылдамдатады» дегенді жиі айтуда.

100 гр жас сиыр етінен жасалған кәуап 250 ккалды құрайды. 

Тауық, күркетауық, қоян еттері

  • Антибиотиктермен ісірілмеген, сапалы тауық еті жүрекке өте пайдалы. Тауық еті – ет өнімдерінің арасындағы В6 дәруменіне бай бірден бір өнім. Онда күйзеліспен күресуге және жүйке жүйесін, иммунитетті нығайтуға қажетті глютамин ақуызы бар. Тауық сорпасының түрлі инфекциялардан айықтыратын тағамдар қатарына кіруі де бекер емес.
  • Күркетауық еті балық сияқты фосфор элементіне өте бай. Ол сүйекке және буындарға аса пайдалы. Жуырда бұл еттің құрамында ұйқы гармоны – мелатониннің бөлінуіне көмектесетін зат бар екендігі анықталды. Ұйқыны дұрыс қандыра алмай жүрсеңіз, оған күркетауық кәуабының пайдасы бар екенін біле жүргейсіз. Құстың кеуде еті құрғақ болып келеді. Сондықтан оны итальяндық шөптер және бальзамикалық сірке суымен маринадтаған жақсы.
  • Өкінішке қарай, қоян етінен кәуап дайындайтындар өте сирек. Қоянның еті адам денесіне жақсы сіңетіндігі дәлелденген. Қазір балалар дәрігерлері баласының ас мәзіріне ет тағамдарын енгізе бастаған ата-аналарға қоян етінен бастауға кеңес береді. Айтқандай, қоян етіне аллергия беретін сәттер өте сирек және тауыққа қарағанда әлдеқайда аз.

Тауықтың кеуде етінен дайындалған 100 гр кәуапта – 100-120, тауық етінде – 160 ккал, қанаттарында – 180 ккал, күркетауықтың кеуде еті – 150 ккал, қоян етінде – 150 ккал.

Ақиқат

Етті күніне тек 250-300 грамға дейінгі мөлшерде жеуге болады. Әйтпесе белге қауіп төніп, тұз жиналу сияқты аурулардың өршу қаупін арттырады. Еттің құрамында пуриндар көп. Зәр қышқылына тарайтын бұл заттар артып кетсе, бөртпелерге, қабыну және буындардың ісінуіне алып келуі мүмкін.

Маңызды

Кәуаптың зиянды канцерогенге толы болуы жайында не айтуға болады? Негізінде канцерогенді заттар етті табадағы майға қуыру үстінде пайда болады. Оның өзі майдың қыздырылуына, әсіресе майды бірнеше рет қолдануға байланысты туындайды. Ал, кәуаптар майсыз пісірілетіндіктен, канцерогендер аса зиянын тигізе алмайды. Отқа піскен етте өмірге маңызды дәрумендер мен микроэлементтер сақталады. Бірақ етті отта ұзақ ұстауға болмайды. Егер ұзақ қуырылып кетсе, зиянды заттар бөліне бастайды.

Шоққа піскен етті немен жеу керек?

Сиыр, қой еттері крахмалға бай тағамдармен мүлде үйлеспейді. Бұлар протеиндермен байланысқа түседі де, етті қалыпты түрде қорытуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан кәуап пісірген кезде дастарқанға картоп және асқабақтан дайындалған тағамдар мен жүгері қоймаған дұрыс.

Есесіне барлық жасыл көкөністер мен жасыл өскіндер (күнзе, аскөк, ақжелкен, аю пиязы, салат жапырағы) ас қорытуды жақсартады және шоқта дайындалған еттің зиянын азайтады. Олар бауырдан алынған темір элементінің жақсы сіңірілуіне де көмектеседі.

Сондай-ақ, кәуаптың барлық түріне қияр, балғын қырыққабат, жасыл бұршақ, қасқыржем, балғар бұрышы, ақ және қызыл пияз жақсы дәм береді.