қайын әпке
Жан әлеміОтбасы

Қайын әпке “екінші ене” ме?

Қайын әпке мен қайын әпкелері барлардың құлағына алтын сырға болсын…

Басқа ұлттарда қалай екенін қайдам, бірақ қазақта тұрмыс құрғанда таңдауың түскен адаммен ғана ғұмырымды әрі қарай жалғастырам деу бекершілік. Ата-енеңнің орны бөлек. Болашақ жарыңды дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиелегеннен кейін өмір бойы парыздарсың. Бірақ қайын әпкелердің жас отбасының ішінде неге белсенділік көрсететіні мен үшін құпия. Шынайы қазақ келіні атану – қиынның қиыны десек, осы қиындықты еселей түсетін осы қайын әпкелер.

Қазақта сүйгеніңе қосылып, отбасы құру бақыты бір бөлек те, ата-ене, қайын аға, қайын әпке, абысын – тағысын тағыға келін болу бақыты бір бөлек.

Қайын әпке мәселесі:

Қайын әпке тақырыбын ала салысымен, ой елегінен есімдегі барлық қайын апа атану бақытына ие болған жандарды өткіздім. Өзіме осындай екі жанды бақытты ету нәсібі бұйырыпты. Бірі – өте белсенді жан. Кез-келген істе алдына жан салмайтын, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін адам. Жаңа отбасын құрып, ыстығы мен шыжығына күйіп жүрген шағымызда үлкен қайын әпкем Құдайдың құтты күні қоңырау шалатын. «Қалымызды» біліп, кеңестерін аямай төгіп жүрді. Мұның арты, өкінішке қарай, отбасымыздағы келеңсіздіктер мен түсініспеушілікке әкелетін. Тіпті, қазіргі тілмен айтқанда, стрессті – жан күйзелісін бастан кештім. Жолдасым да екі оттың арасында қалды. Бір жағынан көңілін қалдырғысы келмейтін сүйікті әпкесі, екінші жағынан – сол әпкесінің айтқанына көнгісі келмейтін мен. Қызын алақанына салып, еркелетіп өсіретін атам қазақ сол еркесінің жас келінді қыспаққа алғанын «жаны ашығаннан» деп түсіндіреді ғой. Менің ата-енем де қыздарын барынша ақтап, оның бізге «жамандық тілемейтінін» айтатын. Тіпті, кейде ештеңе болмағандай кейіп танытатын. Мен де барлық ақыл-кеңестеріне басымды изеп, өз айтқаныммен жүре бердім. Күндердің күнінде әбден титығыма тиіп, жүйкемді тоздырған қайын әпкеммен сөзге келіп қалдым. Содан бері құлағым тыныш. Әрине, ол кісінің бізге жасаған жақсылығы да жоқ емес. Алайда оның орны бөлек. Қазір қарым-қатынасымыз жақсы. Әрі қарай да бұзылмасын деп үмітімді үкілеп отырмын.

Қайын әпке мен келін арасындағы шиеленістің себептері:

📍 Келіндер мен қайын әпкелер қарым-қатынасының шиеленісуі бірнеше себептен туындайды.

📍 Қайын әпкенің ата-анасына жаны ашып, келінге ақылын айту ниеті. Қайын әпкенің сол ниетін дұрыс түсінбей қалатын келін, әрине, ренішін білдіреді.

📍 Қайын әпкенің жеке өмірі болмауы. Ондай адам кез-келген уақытта басқалардың мәселелерін шешуге дайын тұрады.

📍 Біреудің жеке өмірін сыйламау (әдетте, қайын әпке тарапынан).

Қазақтың отбасы институтында кез-келген адам келінге мінез көрсету – адамзат алдындағы парызы деп есептейді.

Қайын әпке конфликтінің шешімі:

Қайын әпке мен келін қарым-қатынасымен әжептәуір таныс адам ретінде келіндерге – шыдамдылық, қайын апаларға – сабырлылық, ал енелерге даналық тілегім келеді. Өмірлік тәжірибесі мол осы аналарымыз туындаған мәселелерді жаба салмай оң шешім қабылдаса, келін мен қайын әпке конфликті орын алмайды деген ойдамын. Қыз баланың ата-анасына ерекше жаны ашып, ер балалар ескере бермейтін жайттарды көретіні белгілі. Осы тұрғыда үйге жаңа келген келінге жылдар бойы қалыптасып қалған отбасы заңдарын, дәстүрлерін түсіндіруге талпынады. Бірақ екінші енеге айналу міндет емес! Ал ініңді және оның жасаған таңдауын сыйлау – борышың деп білемін.


Жоғарыда айтып кеткенімдей, дәстүрді дәріптейтін қазақы отбасына келін болу – үлкен сын. Үйдің отынымен кіріп, күлімен шығу былай тұрсын, тіпті қазақтың келіндеріне қайын жұртының есімдерін атамай жүру парыз. Сондықтан жас келіннің мұндай сыннан мүдірмей өтуіне, тастай батып, судай сіңуіне қолғабыс болмасақ та, кедергі жасамайық. Этика жөніндегі бір кітаптан оқығаным есіме түсіп тұр. Ол жерде жас келін мен туысының арасында кикілжің орын алған жағдайда, отағасына әділдік іздеп шарқ ұрудың қажеті жоқ деген кеңес беріледі. Тек жаңа жанұяға сіңісе алмай жүрген жан жарына аз ғана қолдау көрсетсе болғаны.

P.S. Өзімнің інілерім де ержетіп, келін түсіріп, отбасы құратын жасқа келіп қалды. Алла жазса, мен де қайын әпке атанамын-ау…

Жанат НҰРХАН.

Ұқсас мақалалар: Ене мұңы: Келінім жерге қаратты…