Жан әлеміӨзіңді дамыт

Күйеуіңізге қуаныш сыйлар 10 қадам

young couple having romance

Көпшілігіміз «Біреуге қуаныш сыйлау үшін ерекше жағдай орын алуы керек» деген қате пікірдеміз. Көзге ілінбес ұсақ-түйектің өзі мол қуаныштың себепшісі бола алатынын ескере бермейміз. Сол себепті жан жарыңызды қуантудың жолдарымен таныс болыңыздар.

Дәмді тағам

«Ер адамның жүрегіне апарар жол – асқазан» дегенді естіген боларсыз. Ендеше, азаматыңызды қуанту үшін оның сүйікті асын әзірлеуді ұмытпаңыз. Қандай да бір диета ұстап жүрсеңіз де, ерте тамақтанып алсаңыз да, күйеуіңіз жұмыстан келгенде дастарқан жаюлы болсын.

Кешірім

Кейде болмашы нәрседен үлкен мәселе туындап жатады. Бетпе-бет отырып, ұзақ әңгімелесудің өзі көмек болмайтын кездер де болады. Осындайда әңгімені ұзаққа созбай, жай ғана кешірім сұрау – бар мәселеге шешім бола алады.

Тосынсый

Жігіттер тосынсый мен ойынды жақсы көреді. Олар күтпеген жерден жасалған сыйлыққа балаша қуанады. Осыны ескеріңіз!

SMS

Жан жарыңызға жиі SMS жазуға әдеттеніңіз. Әрине, жұмыстан шыққанда ала келетін азық-түліктің тізімін емес, оны қалай жақсы көретініңізді, кешкі асқа қандай тағам дайындап, күтіп отырғаныңызды жазыңыз.

Кішігірім мерекелер

«Тек мемлекеттік мерекелер аталып өтілсін!» деген заң жоқ. «Отбасын құрғанымызға 2 жыл толды», «Танысқан күніміз», «Демалысқа 10 күн қалды» деген сияқты желеумен кішігірім мерекелер ойлап табыңыз. Соған сай дастарқан жайып, бір-бірлеріңізге сый дайындаңыздар. Олар міндетті түрде еріңіздің көңілін көтереді.

Балалардың сыйы

Кішкентайыңыздың әкесіне арнап өз қолымен жасаған кез келген туындысы еріңізге мол қуаныш сыйлары сөзсіз. Балаңызға қолқа салып, әкесіне бірлесе сый жасаңыздар.

Cute couple sitting outside at a cafe head to head on a sunny day

Шоколадты торт

Түрлі елдердің аспаздары жүргізген тәжірибеге назар аударсақ, ерлердің жартысынан астамы тәттіге, соның ішінде шоколадқа құмар екен. Сондықтан сүйіктісінің дайындаған шоколадты тортынан ешкімнің бас тартпасы анық.

Көңіл бөлу

Күйеуіңізбен әңгіме барысында кімнің көбірек сөйлейтініне, кімнің сұрақты көп қоятынына, басталған әңгімені аяғына дейін жеткізбей, кімнің бөле беретініне назар аударыңыз. Осынау тәжірибеңізден нәтиже шығарып, келесі жолы жолдасыңыздың сөзіне көбірек құлақ түруді, сөзін бөлмеуді үйреніңіз.

Бала күлкісі

Балалардың риясыз, шынайы күлкісі кімді болса да, бейжай қалдырмасы анық. Әсіресе, өз баласы мәз-мейрам болып отырғанда отбасы тіреуі – жолдасыңыз қалай қуанбасын?! Әрине, бұл күлкі еріңізді қуанышқа бөлейді.

Сенім

Кез келген отбасының берік болуы үшін сенімнің алар орны бөлек. Бір-бірлеріңізге сенім артыңыздар. Оның істеріне күмән келтіріп, сенімсіздік таныту – ең үлкен қателік. Қандай жағдай болмасын, жолдасыңызға сенетініңізді айтып, арқа сүйеңіз. Бұл ісіңіз еріңізді жігерлендіріп, оның жауапкершілігін де арттырады.