Cән мен сұлулықБет күтімі

Қыста бет қана емес, қол да күтімді қажет етеді

Сұлулыққа ұмтылу – әйел адамға тән табиғи қасиет. Нәзік жандылардың әдемі көрінуге деген ынта-жігері күннен күнге артып келе жатқаны айдан анық. Бүгінгі таңда адамның сұлулыққа деген сұранысын қанағаттандырып жүрген бет әрлеушілік кәсіп көпке нәсіп болып жүр. Сырласудың бүгінгі қонағы елімізге танымал визажист, көп қыз-келіншектердің бойтұмарына айналған «Сен ғажапсың!» атты кітаптың авторы Шынар Ізбасар аталмыш кәсіппен айналысуда. Бүгінгі мақалада Шынар ханым әдемі қартаю мен суық ауа райындағы бет күтімі туралы ой бөлісті.

Әдемі қартаюдың құпиясы

Жастық – ерік-жігердің тасып, құлшыныстың асып тұрған шағы. Күнде жаңа идеялар арқылы сүйікті ісіңізден шабыт алып жүріп, шаршауды да ұмытасыз. Жас кезде тер төгіп, еңбектенген жанның болашақта үлкен табысқа жетіп, бақыты еселенетіні сөзсіз. Десек те, мақсат, мансап, табыс, отбасы деп жүріп, өз денсаулығын күтуді ұмытатындар бар. Ал денсаулық болмаса, адам осы айтылғандарға қол жеткізе бермейді.

Ақыл-ойдың қалыпты болуына табиғаттың қосар үлесі мол. Әр демалысыңызды тиімді пайдаланып, ағзаның ғана емес, мидың да тынығуына мүмкіндік беріңіз. Табиғат аясына шығып серуендеп, санаңызға бір сәт тыныштық сыйлаңыз.

Қартайған шағыңызда жас кезіңізді еске алып отыруды қаласаңыз, әзірден көп ашу-ызаға жол бермеңіз. Дене бітіміңізге де жиі күтім жасаңыз. Сұлу келбет пен мінсіз мүсін иесі болуға тырысыңыз. Жайдары жастық шақтан – әдемі қарттыққа апарар жолды қазірден бастағаныңыз жөн.

Қысқы тері күтімі 

Теріні қыста ғана емес, жылдың төрт мезгілінде де барынша күту керек. Әрине, суық ауа райында (қыста, күздің соңында, ерте көктемде) күтім аса қажет болатыны сөзсіз. Мәселен, жаңбыр, қар, аяз сынды табиғи факторлар теріміздің қорғаныс қабатын физикалық тұрғыдан бұзып, сол арқылы оған зиян келтіреді.

Тағы айта кетер маңызды жайт, суық ауа райының басталуымен тұрғын үйлерде, жұмыс орындарында, жалпы адам жүретін барлық мекемелерде жылу жүйесі қосылатыны анық. Әлбетте, бұл – табиғи қажеттілік. Десек те, жылу жүйесі қосылған орындарда ылғалдылық күрт төмендеп, теріге кері әсерін тигізетіні де жасырын емес. 

Жалпы қысқы уақыттағы күтім: терінің қорғаныс кедергісін сақтау және қолдау болып табылады. Бұл – аса маңызды, себебі терінің липидті кедергісін сақтай отырып (немесе қалпына келтіре отырып), бір жағынан ылғалды ұстап, сусыздануға қарсы тұруға көмектесеміз, ал екінші жағынан теріні төзімді, сыртқы жағымсыз факторларға төтеп беретіндей қалыпқа жеткіземіз.

Бетті дұрыс тазалау

Суық мезгілде бетті тазарту да мұқияттылықты талап етеді. Ол үшін жұмсақ тазартқыштарды қолдануға болады. Атап айтсақ, гидрофильді майлар, аз көбіктенетін гельдер мен бетті жууға арналған сүт таптырмас шешім болары сөзсіз.

Ең бастысы, қолданатын құралыңыздың құрамында агрессивті белсенді заттардың болмауы. Есіңізде болсын, егер кремді тазартқыштарды құп көрсеңіз, құралдан майлы қабықты кетіру үшін қағаз майлықты пайдаланған тиімді болмақ.

Қабыршақтануға қарсы күтім

Қыс мезгілінде күн аз жарқырайтындықтан, SPF-ті жаздағыдай жиі қолданудың қажеті шамалы. Суық ауа райындағы күтімге белсенді ингредиенттерді көбірек енгізген жөн, себебі агрессивті сыртқы факторларға байланысты теріміз сезімтал болып келеді. Сондықтан да күшті қышқылдарды қолдану теріні одан сайын сезімтал етпек. Суық күндері тері жиі қабыршақтанатындықтан, жұмсақ қышқылдарға ауысу оңтайлы шешім болмақ. Мәселен, сүт, бадам көмек болары сөзсіз. Десек те, қышқылдарды қысқы күтімде сирек қолданған жөн. Мысалы, 10 күнде 1 рет маска қолданып, бетті тазарту үшін аптасына 3 рет тоник немесе сарысуды пайдаланыңыз. Өз басым қатты бет скрабтарын қолдануды ұсынбаймын.

Қыста SPF міндетті емес

Көп қыз-келіншектерде «Қыста SPF пайдалану қажет пе?» деген сұрақ туындайтыны рас. Егер бетіңізде шамадан тыс пигментті дақтар пайда болса әрі әжімдерге қарсы ретинол секілді кремдер мен қышқылдарды тұрақты түрде қолдансаңыз немесе жасқа байланысты өзгерістер туындаған кезде ғана SPF қолданған жөн. Ал егер бетіңізде аталған факторлар болмаса, онда күндізгі уақытта ұзақ серуендеу мен тауда демалу күндерін қоспағанда, күннен қорғайтын құралдарды күнделікті пайдаланбасаңыз да болады.

Бет терісіне қажетті компоненттер

Бетке арналған крем туралы сөз қозғағанда, бәрі де ылғалдандыруға бағытталғандығын аңғаруға болады. Кез келген сапалы ылғалдандырғыш кремде 3 санаттағы ингредиенттер бар. Олар: ылғал тартып әрі сақтайтын гиалурон қышқылы, глицерин, сахаридтер, амин қышқылдары және т.б. Бет терісін қалпына келтіретін липидті компоненттерге майлар, керамидтер, холестерин кірсе; теріні «тығыздап», жеңіл қабықша жасайтындарға окклюзиялар жатады. Олар ішінара әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, ши майы, авокадо, макадами тығыз майлар болып саналса, жүзім тұқымы, сквалан, итмұрын жеңіл майлар қатарына жатады. Әсері мықты компоненттерге силикондар, полимерлер, минералды май, баттерлер, балауыздар мен майлы спирттер кіреді. Ең бастысы, бұл компоненттердің барлығы теріде ылғалды «ұстап» қана қоймайды, сонымен қатар қабықша қалыптастырады әрі сыртқы ортаның зиянды әсерінен қорғайды. Сондықтан да суық ауа райының басталуымен тері түріне қарамастан, тығызырақ кремді текстураларға ауысу керек. Бірақ майлы және аралас теріге жазда бетке арналған жеңіл гельді қолдансаңыз, онда қыста майлы майға ауысу керек деген сөз емес. Бұл тұрғыда гель емес, күтімге жеңіл крем енгізу жеткілікті. 

Теріге қорғаныс қажет

Қатты аязда немесе жел тұрған уақытта көшеге шықсаңыз, қорғаныс кремін қолданған жөн. Яғни, бұл теріге арналған «қорғаныс» болмақ. Мұндай кремдер қоршаған ортаның зиянды әсерінен қорғайды. Олардың құрамында ылғалдандырғыштар кездеспейді және де кремнің қорғаныш компоненттері әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, минералды май, ланолин, жануарлар майлары дегендей. 

Есіңізде болсын: Суық ауа райында бет қана емес, қол да күтім мен қорғанысты қажет етеді.  Өйткені, ең алдымен, қолымыз шынайы жасымызды көрсететіндігін ұмытпаңыздар.