Сыр-сұқбат

Әсия Сыдыққызы: Әйел – ана, әйел – дос, әйел – басшы

Әсия Сыдыққызы Әбдіқадырова – кәсіби есепші, Қазақстан Республикасының салық кеңесшісі, жеке кәсіпкер, «KLAAS» білім беру орталығы мен «ISKER CONSULTING» атты бухгалтерлік компанияның негізін қалаушы. Әсия ханым «Сырласу» оқырмандарымен есепшілік қызметтің қызығы мен қиындығы әрі аталмыш мамандықтың келешегі мен қажеттілігі жайында ой өрбітті. Сондай-ақ, әйел адамның өзін-өзі тұрақты дамытуы мен бала тәрбиесінде көңіл бөлуге тұрарлық дүниелерге тоқталды.

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» демекші, қазақ әйелдерінің жаратылысы бөлек қой, шіркін! Аяулы аналарымыз отбасы ошақ қасының қамы мен жұмыстың да жайын қатар алып жүр. Бүгінгі кейіпкеріміз Әсия Әбдіқадыровада осы айтылғандарды бір бойына сыйдырып отырғаны рас. Ұл-қыз тәрбиелеумен бірге кәсібін де өрге домалатуда. Ол ұрпақ өсіріп отырған барша аналар қауымына үлгі боларлық жан.

С: Әсия ханым, әңгімеміздің әлқиссасын бухгалтерлік салаға келуіңізбен бастасақ. Жалпы еңбек жолыңыз қашан және қалай басталып еді?

А.С: Әңгімемді осыдан отыз екі жыл бұрын Алматы облысындағы шағын ғана Қаспан ауылында кең дүние есігін ашқанымнан бастайын. Неге десеңіздер, кіндік қанымыз тамған жер мен алғаш білім алған шаңырағымыз әрқайсысымыз үшін тәрбие алып, адам болып қалыптасудың бастауы емес пе?! Сол себепті өзім туралы сөз қозғар алдында балалығыма да саяхат жасауды жөн көріп отырмын. 

Бар балалығым ауылда өтті. Жалпы ауылды тілге тиек етсек, айтылар әңгіме бөлек қой. Осы бір алтын бесікте орта мектепті тәмамдадым. Кейін Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білімімді жалғастырдым. 

Өз басым мамандығым – өмірде қателесуге қатаң тыйым салынатын таңдаудың бірі деп санаймын. Себебі, «есепші мамандығын – ғасырлар мен келешек мамандығы» деп білемін. Әрине, таңдау барысында халқымыздың «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген нақыл сөзіне құлақ түре отырып, әбден сарапқа салып, қалың ойға берілгенім рас. Сондай-ақ, осы мамандықтың етегінен ұстауға кеңес берген асқар тау әкешіме де айтар алғысым шексіз! Бүгінгі күні жұмысым өзіме қатты ұнайды әрі оны мақтан тұтамын! Мен сандарды, ал сандар мені жақсы көретіндігіне сенімдімін.

Жалпы сұрағыңызға қайта оралсақ, оқумен жұмысты қатар алып жүріп, еңбек жолымды студенттік шақтан есепшінің көмекшісі ретінде бастаған болатынмын.

C: Сіздің бір емес, бірнеше кәсіпті нәсіп қылып отырғандығыңыз жайлы естіген едік. Қазіргі таңда қолға алған басқа да жобаларыңыз бар болса, оқырманмен бөліссеңіз.

А.С: Бес жыл ішінде «Platimun» компаниясының бас есепшісі болып қызмет жасадым. Аталмыш жұмыс орнынан декреттік демалысқа шықтым. Баламды дүниеге әкеліп, бауырыма басқаннан соң, яғни декреттік демалысым аяқталғаннан кейін сүйікті ісімді жеке кәсіпке айналдыруға бел будым.

Бүгінгі күні «ISKER CONSULTING» атты бухгалтерлік фирмам жемісті еңбек етіп келеді. Компаниям есептік қызмет көрсетумен әрі заң қызметкерлерін қолдаумен айналысады. ISKER CONSULTING «2021 жылдың ең үздік фирмасы» деп танылған болатын. Биыл алған марапат мұнымен ғана шектелмеді, сондай-ақ «Еңбек озаты» төсбелгісіне ие болдым. Мақтанғаным емес, бірақ еңбегімнің жемісін көрудемін деп сенімді түрде айта аламын. Қос марапат қуантқаны рас.

Айта кетер тағы бір жайт, қыркүйек айында өзім негізін қалаған «KLAAS» білім беру орталығының тұсауын кестім. Бұл орталықта балаларға арналған барлық білім беру жүйелері толық қамтылған. Мәселен, мектеп бағдарламаларымен қатар тілдерді оқыту, сондай-ақ тігін тігу негіздері, ұлт аспаптарында ойнау, зайырлы этикет, көркемсурет сабақтары, түрлі үйірмелер мен шеберлік сағаттары өткізіледі. Орталықтың әр баладан ғұлама өсіру мүмкіндігі бар. Болашақта қос кәсібім өрісін кеңге жаяр деп сенемін.

C: Көп жылдық тәжірибесі бар есепші ретінде қызметіңіздің артықшылықтары мен кемшіліктері жайында не айта аласыз?

А.С: Жалпы есепші – сұранысқа ие мамандық. Бүгінгі таңдағы қызметкерге деген сұраныс бойынша сату менеджерінен кейінгі екінші орында десем қателеспегенім болар. Бірақ менеджердің түрі көп, ал есепші қай жерде, қандай компанияда жұмыс істесе де, істің мәні өзгермейді. Десек те, бухгалтерге әрқашан дамып, білімін жетілдіріп, семинарлар мен вебинарларға қатысу міндетті. Өйткені, заңнама жиі өзгеретіндіктен, есепшілерге де сол өзгерістерді жіті қадағалау қажет.

Ал енді қызметімнің артық тұстары жайында әңгімелейтін болсам, есепші негізгі қызметі мен қосымша жұмысты қатар атқара алады. Жақсы есепші, ол – адал есепші!

Ақшамен жұмыс жасау арқылы жеке қаражатын дұрыс басқара білу қабілетін дамытады. Бұл тұрғыда «есепші өзіне деген ақшаны үнемдейді» деген ой да келуі мүмкін. Айтарым, ондай ойдан аулақ болыңыздар, бұл жерде мәселе қаржыны басқару қабілеті жайында ғана.

Бухгалтер, өзі қаласа, тіпті декреттік демалыста да жақсы қаражат таба алады. Қатардағы қарапайым есепші мен бас есепші арасы бір-ақ қадам екендігі рас. Пысық әрі шаруақор есепшілер жоғары деңгейге жылдам жетері анық. Тіпті, қаржы директорларына дейін көтерілу мүмкіндігі бар.

Барлық мамандықта бірдей білім алу мен дамудың нақты алгоритмі жоқ! Жоғарыда айтылғандай, қашықтықта жұмыс істеу уақытты басқарудың маңызды қадамы болып табылады.

Ал енді бұл жұмыстың кемшін тұстарына тоқталатын болсам, алдымен, есепші болу бәрінің дерлік қолынан келе бермейді.

Біреу табиғатынан көз майын тауысып, қағаздармен жұмыс істеуден ат тонын ала қашады. Десек те, қазірде заман талабына сай электрондық құжат айналымы енгізілуде. Түскі ас уақытынан басқа кездерде тапжылмай бір орында отырғызатын жұмыс. Кейбіреулер мұндай шаруаға шыдамсыз келеді.

Жұмыстағы әріптес қызметкерлердің басым көпшілігі есепшілерді жақтырып, жақсы көре бермейді (неге екенін білмеймін).

Қателесуге жол жоқ, әрбір қатенің құны ақшаға тең. Осы тұста айта кетер дүние, маңызды ақпаратты ұмытып, естен шығаруға да қатаң тыйым салынады. Ол үшін үнемі оқып, ізденісте болу керек.

C: Қағаздар мен сандарға жақын жанның бос уақытында немен айналысатындығы журнал оқырмандарына да қызық болары анық. Әңгіме төркінін есеп-қисаптан әріге бұрып, хоббиіңіз туралы айтып өтсеңіз.

А.С: Өз басым бос уақытымды бассейнде өткізгенді құп көремін. Жалпы жүзу жаныма тыныштық сыйлайды әрі денсаулығыма да пайдалы. Сонымен қатар түрлі кітаптар оқып, білімімді толықтыру да сүйікті ісіме жатады. Мәселен, жақында ғана орыс жазушысы А.Некрасовтың «Материнская любовь» атты аналық сезімге толы кітабын оқып шықтым. Бұл кітаптан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, адамның өзін-өзі дамытуы мен құндылығы жайында керемет жазылған. Сондай-ақ, бала психологиясына арналған кітаптарды да жиі оқитындығым көпке аян. Мотивациялық кітаптар да жанымнан жиі табылады. Адам өзін-өзі тұрақты дамытып отыруы керек деп есептеймін. Яғни, кәсіпкер кәсіппен айналыса отырып, сыни ойлау қабілетіне ие болуы қажет. 

Саяхаттау да ең сүйікті хоббилерімнің бірі болып саналады.

C: Ал енді жеке өміріңізге тоқталсақ. Құдай қосқан жарыңыз бен бауыр еті балаларыңыз жайлы айтсаңыз. Отбасыңыз бен кәсібіңізді қатар алып жүруіңіздің сыры неде?

А.С:Тұрмыс құрғаныма биыл – сегіз жыл. Қазіргі таңда екі баланың анасымын: ұлым – Ерасыл және қызым – Әдия. Жолдасым Ербол атты азамат. Сұрағыңызда дұрыс түртіп өткеніңіздей, Алла қосқан жарым үшін Тәңірге де, тағдырыма да ризамын. Себебі, жұбайым – өте ақкөңіл әрі қайырымды жан. Ол қай жерде қолдап, қорғау керектігін әрі қай тұста көмектесу қажеттігін біледі. Оған деген сезімім мен алғысым шексіз.

Әрине, бала-шағам мен бизнесімді қатар алып жүру басында қиын соққаны рас. Дейтұрғанмен, бұл тұрғыда біраз еңбектеніп, тер төгуге тура келді. Осы тұста қос міндетімді қатар алып жүруімнің сырларымен бөлісуді жөн көріп отырмын. 

✅ Алдымен, ұйқы қану қажет, яғни кемінде 7-8 сағат ұйқы жүйке жүйемді қалпына келтіріп, жақындарыммен жақсы қарым-қатынасты сақтауға көмектеседі.

✅ Екіншіден, жұбайыммен ортақ ісіміздің маңыздылығы мен даму бағыты жайында жиі сөйлесемін. Екеуміз жақын достарша сырласамыз.

✅ Үшіншіден, жұмыс күнін сағат 18:00-де аяқтаймын, сондай-ақ кешкі уақытта жұмыс жасамауға тырысамын.

✅ Төртіншіден, демалыс күндерін 100% жанұяммен бірге өткіземін.

✅ Бесіншіден, «жоқ» деп айтуға бой үйреттім.

✅ Алтыншыдан, өзіме арнап демалыс күндерін ұйымдастырамын. Осы айтылғандарды орындап, өзін-өзі дамыта білген жан «Әйел – ана, әйел – дос, әйел – басшы» бола алатыны шүбәсіз.

Мен – ең алдымен анамын. Сондықтан да бала тәрбиесі мен үшін бірінші орында. Балаларыма көп уақыт арнауға тырысамын, оларға бақытты сәттер сыйлағым келеді. Сондай-ақ, бос уақытымда балапандарыма кітап оқып, оларды еңбекке баулимын.

Қазірде мені жұмысқа шығарып салып, ұлым мен қызыма қарайласып отырған алтын анама алғысымды білдіремін! Мансап қуып, армандарымды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отырғаныңызға мың да бір рахмет, анашым!

C: «Сырласу» оқырмандарына жаңа жылдық тілегіңіз…

А.С: Журналдың барша оқырмандарына мықты денсаулық пен барлық салада толағай табыс тілеймін! Бақытты әрі ұзақ өмір сүрулеріңізге тілектеспін! Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Жаңа жылда тілеген әр арман-тілек Алланың құлағына шалынсын!