СұқбатСыр-сұқбат

Марал Байғара: Ата-анасы ажырасқан балалар ерте есейеді

Телеарнада жаңалықтарды көрерменге жеткізетін жүргізушінің экраннан тыс өмірі қандай? Өмірлік пайымы мен пікір -көзқарасы қай межеде? Осы сұрақтардың жауабын табу мақсатында кейіпкерді сөзге тарттық.

Ол заманауи мүмкіндіктердің барлығын қолданса да, қазақи болмысын сақтап қалуды құп көреді. Қарапайымдылық пен ұстамдылықты өмір мен өнерде серік ете отырып, алға жылжып келе жатқандығын байқатады.

С: Марал, балалық шаққа саяхаттан бастайықшы? Сіздің балалық шағыңыз қалай өтті?

– Мен кішкентайымнан ойшыл бала болдым. Анам мен әкемді үнемі ойлап жүретінмін. Олар өнер адамы болғандықтан гастрольдік сапарлармен сыртта көп болатын. Әпкем екеуміз апамыздың қолында өстік. Екеуін ойлап, тілегін тілеп отырғанымды көріп апам: “қасқырдың бөлтірігін қанша бақсаң да, орманға қарап ұлуын қарашы” деп айтып отыратын.

С: Ата-анаңыз туралы толығырақ айтып өтіңізші?

– Анам туралы үнемі айтып жүремін. Ол кісі халықтың алдында Бағдат Самединова болса, бізге талапшыл да мейірімді ана. Ол кісінің қолы тимей жатса, менің өмірлік сұрақтарыма әкем жауап беретін. Әкем маған ақылшы дос та бола білді. Қайсар мінезді болуға үйретті. Алайда, тағдырдың жазуымен анам мен әкем ертеректе айрылысып кеткен. Адам есейген сайын досының сирегенін сезінетін секілді. Сондай сәттерде анамның да маған ақылшы бола білгеніне қуанамын. Мен табиғатымнан тұйық адаммын. Осы болмысымды білетін анам мені үнемі жігерлендіріп отырады.

С: Анаңыз сізге сын көзбен қарай ма?

Менің қатал сыншым сол кісі. Киген кимім мен шаш үлгіме дейін анам бақылап отырады. Анам мен әкем ажырасып кеткеннен бе екен, кішкентай кезімнен анамның көңіліне қаяу түсіргім келмейді. Міндетті түрде күнде хабарласып тұрамын.

С: Ата-ананың екі жақта өмір сүруі бала Маралға қалай әсер етті?

– Ата-анасы ажырасқан балалар ерте есейеді. Ойға берілгіш болып келеді. “Неге? Не себепті? Басқаларда қалай” деген сауал көп мазалайды. Ал, баланың балалықты басынан кешіргені дұрыс қой.

С: Анаңыздың жолын қуып әнші болғыңыз келмеді ме?

Жоқ. “Әнші” десек біз бірден әдемі дауысты адамдар жайында ойлаймыз. Ал, анығында әнші болу үшін таза жүрек пен табиғи талант керек. Орындап тұрған әннің образына еніп, өзгенің жүрегіне жеткізе білу – екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Тыңдаушының өне бойына жігер беріп, құлақ құрышын қандыра білу – әншінің әншісінің ғана қолынан келер. Анам әнші болғандықтан сахнаның киесін де кішкене кезімнен түсініп өскенмін.

С:Бүгінгі кәсіпке анаңыз бағыт берді ме, әлде өз шешіміңіз бе?

– Кішкене кезде кім болсам да, өнер адамы болмаймын деп өзіме шарт қоятынмын. Бірақ осы төңіректе жүрмін ғой. Десе де, қазіргі жаңалық оқып жүрген кәсібім маған өте ұнайды, менің табиғатыма жақын мамандық.

С: Жаңалық оқу барысында сезімге берілетін кезіңіз бола ма?

Алғашқы кезде қиын болатын. Қазір жұмысым екенін әбден түсінгенмін. Салқын қандылық танытуға тырысамын. Бірақ осыдан екі жыл бұрын ұшақта қаза тапқан жерлестеріміздің тізімін оқыған сондай қиын болды. Жаныма жақын қабылдадым.

С: Қазақ журналистикасынан “әттеген-ай” байқайсыз ба?

– Барлық салада кемшілік пен жетістік болады ғой. Тәуелсіздік алғалы бері қазақ журналистикасы анақұрлым дамыды. Бірақ тіл тазалығын ұмытып кететін әріптестерім бар. Өңірлік тілдік ерекшеліктерді ақпараттық тілге араластырудың қажеті жоқ. Байқағаным, журналистика саласына қатысты Алматыда тіл тазалығы жақсы сақталған.

С:Демографияға үлес қосу туралы аз ойланасыз ба?

– Алланың бұйыртқаны болады ғой. Қазір Әмина есімді қызым бар. Санға қарағанда сапаның да дұрыс болғаны жақсы. Мен бала жыламауы керек деп ойлайтынмын. Сәби кезінде сәл “қыңқ” ете қалса жанымды қоярға жер таппай жүгіріп баратынмын. Қазір де бар тапқан-таянғанымызды оның заманауи әрі жан-жақты болып қалыптасу үшін жұмсап жатырмыз. Сабаққа даярлық, сурет, би, вокалға беріп жүрмін.

С: Бала тәрбиесіндегі ұстанымыңыз қандай?

– Біз үшін “ұят болады” деген сөз серт болатын. Осы сөзден ары қарай аса алмайтынбыз. Аталмыш тіркесті естігенде біз ерсі әдетті сап тия қалуымыз керек. Тіпті осы сөзді айтқызуға ұялатын деңгейдегі сіңілілерім көп болса екен деп ойлаймын. Қызымды да дәл солай тәрбиелегім келеді.

С: Мінезіңізді өзгеркіңіз келе ме?

– Өзгерткім келеді. Кейде тік мінезділігім мен жағымпаздана алмайтындығым өзіме кедергі деп ойлайтын кездерім бар. Бірақ, бұл бір сәттік қана ойлар ғой, бала кезден қалыптасқан болмысты түп-орнымен қопарып тастай алмайсың.

С: Шығармашылық адам ретіндегі ұстанымыңыз қандай?

Қойған мақсаттың үдесінен шыға білу үшін жігерлі болу керек. Мен өзіме талапшылымын. Өз кемшілігімді байқап, өзімді аямай сынаймын. Алғаш эфирге шыққан кездерімді қараймын да, іздену керек екенін түсінемін. Әсіресе біздің жұмыста жинақылық пен ұстамдылық бәрінен маңызды. Мен жоспар арқылы жүремін. Екі күн бұрын жоспар құрамын.

С: Әңгімеңізге рахмет, шаңырағыңызға шаттық пен береке тілейміз.

Сұқбаттасқан, Айнұр Төлеу