Екеудің құпиясыЖан әлемі

Өнер адамына тұрмысқа шығып қателестім…

Осыдан 6 жыл бұрын көңілім жарасқан, қарапайым, сүйкімді жігітке тұрмысқа шығуға келісім бердім. Көп ойланбадым. Ойлансам ақылым мен жүрегім қырық пышақ болып қалар еді. Алып-ұшып тұрған жүрек ақылды мүлдем тыңдағысы келген жоқ. Өйткені, ол бәрін білетін, сезетін… Не керек той дүркіреп өтті, құдалық, жөн-жоралғы бәрі жасалды. Жарым мейрамханада ән айтып ақша табатын. Дегенмен, қу жүрек бұл кәсіптің түбімізге жететінін сезген еді. Барлық кикілжің осыдан басталды. Тойдан шыға сала асаба-музыканттардың бас қосып сыра ішу, бильярд ойнау сияқты дәстүрін ол отбасы құрса да бұза алмады. Табиғатымнан адамға тарпа бас салатын мінезім жоқ еді. Онымен адамша сөйлесіп, қателігін түсіндіруге тырыстым. Бірақ, қыдырыс тоқтамады. Кейін қыздардан смс хаттар келе бастады, ғаламтордағы агент деген “бәледе” күні-түні шұқшиып отыру әдетке айналды. Есін жинар деп күттім. Жинамады. Осылайша жанымды жегідей жейтін жат қылықтарының саны арта түсті. Мүмкін «шытынап бара жатқан қарым-қатынасты бала туып қалыпқа келтірмедің бе» деген ой туатын шығар? Иә, Алладан күні-түні бала тіледім, бірақ көтерген балам тұрмады. Оның күйеуімнің жанына қатты бататынын білдім әрине, бірақ, жаспыз ғой деп үмітіміз сөнген жоқ. Мен жарым «өнерлі ортадан» жуық арада кетпесе жағдайдың бұдан әрі қиындап кететінін білдім. Себебі, ғаламтордағы байланыстары былай тұрсын, кафеде қыздармен жасырын отырған кездеріне де куә болдым. Білесіз бе, сонда оның маған не айтқанын? Ол: «Мен не істедім? Жай отырмын ғой» деп ақталды. Жылап үйге кетіп бара жатқан кезімде артымнан жүрген жоқ, сол қыздың қасында таңға дейін қалды. Осылайша менің жанымның жарасы ұлғая бастады. Бірақ, оны кешірдім. Әрине, бірнеше күн бұлтиып жүрдім, сөйлеспедім, қабағымды ашпадым. Ал, ең сорақысы осыған ұқсас жағдайлар бірнеше рет қайталанды. Бірнеше рет кештім. Намысымның қайда кеткенін ақырында өзім түсінбей қалдым.

Мен болсам жұмыста табысты, еңбекқор, жақсы жалақым бар, өз-өзімді асырай алатын жағдайдағы жан едім. Десе де, ешқашан өзімді күйеуімнен жоғарымын деп кеудемді қақпағанмын. Ешқашан. Қайтейін, өз-өзімді қолға алып, отбасымның болашағы үшін мықтап күресуге бел байладым. Оған жалақысы жоғары жұмыс іздей бастадым. Бірнеше жерден жұмыс таптым, кез келгеннің уысына түсе бермейтін қызметке де сөйлесіп бердім. Бірақ, ол төрт тағандап тұрып алды. Мен салған жолмен жүрмеді. «Сенің білімің, мүмкіндігің жетеді, өмір бойы тойда бір бұрышта ән айтып тұра бермейсің ғой» деген сөздерімді тыңдағысы келмеді. Сол кезде әлгі «жақсы әйел жаман еркекті төрге сүйрейді, жаман әйел көрге сүйрейді» деген сөздің өтірік екеніне көзім жетті. Егер шын болса мен екеуміздің бақытымыз үшін қанша уақыт күрестім, өзінің мойны жар бермейтінін білген соң қиналмасыншы деп жолын жеңілдеттім. Ал, онымнан бірдеңе шықты ма? Ақыры мен де жеңіліп, мейрамханасынан шығарамын деген ойымнан бас тарттым. “Жарайды, жаны не қаласа соны жасасын”,- деп қолымды бір сілтедім. Әйелдік қылықтылығымды жоғалтпай, үйге келгенде жарқылдап қарсы алуға тырыстым, еркеледім, еркелеттім.

Бірақ, жарым мұндай үйдегі жарасымды тірлікке бар жоғы 2 аптаға жуық уақыт шыдай алды. Сосын баяғы «музыкант асабалармен» отырыстар, таңға дейін үй көрмей кету сияқты әдетіне қайта басты. Осылай есеңгіреп, жанымды қоярға жер таппай жүргенде «әке-шешемді қолыма аламын» деген әңгіме айта бастады. Біздің баспанамыз болған жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүретінбіз. Ал, оның өзінен үлкен бауырлары үйлі-күйлі еді. Ендеше әзірге солармен тұра берсін,- деп қолға алуға сыңай танытпадым. Шынымды айтайын, егер күйеуім менің жанымды түсініп, маған көрсеткен қиянаттарын, қиындықтарын біліп, олардың орнын толтыруға тырысқан болса мен жалдамалалы пәтерімізге ата-енемді алып келер едім. Бірақ, қаншама жылдан бері жүйкемді жұқартып, көңілімді құлазытқаннан басқа еш жақсылық көрсетпеген күйеуіме ренішім әбден күшейіп кеткен еді. Сол себептен оның бұл ұсынысын әзірге кейінге шегердім. Оның үстіне жарыма деген реніштен қайын жұртымнан да алыстай бастаған едім. Себебі, олар да «балам, әйелің саған тек жақсы болсын деп ақылын айтады, алға сүйрейді» демеді. «Егер ұлдарына басу айтып, менің жақсылығымды оның санасына құюға тырысқанда біз де ұйыған отбасы болар ма едік» деп ренжідім. Сөйтіп мен суыдым, мені суытты… Егер кейбір әйелдер сияқты отбасылық өмірді материалдық құндылықтармен өлшейтін болсам, мен «нағыз кедей едім». Жарымнан ешқашан сыйға алтын бұйым, құндыз ішік, тіпті француз әтірін алып көрмегенмін. Сыйламадың деп сүйген адамыма ренжімедім де, одан талап етіп сұрамадым да. Сонда мен жан жарымнан не сұрадым? Тек сыйластық пен ыстық сезім. Ал, жан жылуының орнына ол маған не берді, мен не көрдім? Жан күйзелісінен басқа ештеңе… Сенім мен үміт жоғалғасын отбасының берекесі қ ашады екен. Мықты тірегі бар, өз идеологиясы бар шағын мемлекет құрамын деп шаршаған қолбасшы секілді мен де әлсіреп араға 6 жыл салып жұптық өмірімді тәмамдадым. Заңды түрде ажырастым.

  • Ол өз кінәсін тіпті сезінбеді. Өміріміздің тас-талқаны шыққанына тек мені кінәлаудан ары аса алмады. Осылай өміріміз екі айырылды. Мен болсам өмірімді қайта бастауға тырыстым, жаныма жара салған бұрынғы жарымды ұмытуға талпындым. Өзгелермен тіл табысқым келді, табыса алмадым.Қазір мен жалғызбын. Жанымды түсінетін жанды әлі жолықтырмадым. Себебі, мен әлі күнге дейін күйеуімді сүйемін. Бұл ауру ма, әлде дерт пе, білмеймін. Мүмкін сүйемін дегенім қате шығар. Мүмкін мен өзімді солай сендіріп қойған шығармын. Иә, мен жан дүниеммен өткеніме байланып қалыппын. Оны ойша жібере алар емеспін. Неге? Мүмкін қорқатын шығармын. Психологтардың тілімен айтсақ, ол туралы менде жақсы толыққанды мағлұмат бар. Ал, болашағам белгісіз. Не боларын білмеймін. Сол білместік аяғымды басқызбайды, артқа сүйрейді. Демек, менің жауым тек өзім ғана. Кезінде ішкі интуицияма құлақ аспай тұрмысқа шыққанымда да сол жаудың құрбаны болғам. Жоқ, енді тоқтауым керек. Мен өзіммен күресуім қажет. Өйткені, менің құлазыған көңіліме шуақ сыйлайтын, қапастан шығаратын тек өзім ғана. Сол кезде мен өмірімді өзгерте аламын. Жаңа белеске шығамын. Ендеше неге мен өз бақытыма апаратын жолды өзім ұзартып жүрмін?! Мен қандай ақымақпын!? Иә, мен ақымақпын, себебі өз-өзімді бағалаған емеспін, ал, мен бақытқа лайықтымын! Ендеше міндетті түрде бақытты боламын.