Екеудің құпиясыЖан әлемі

Отбасылы еркекпен кездесіп жүрмін…

Он екі жылдан бері отбасы бар ер азаматпен кездесіп жүрмін. Екеуіміз бір мектепте сабақ беріп жүріп танысқанбыз. Сол кезден бастап жұбымыз жазылған емес. Ал осыдан үш жыл бұрын сүйіктіме қыз сыйлаған едім.

Екінші жартымның мектеп жасындағы үш ұлы бар. Әйелін мүлде сүймейді. Айтуынша, жан досының қарындасы оны ұнатып қалып, артынан қалмай қойған. Бетін қайтаруға ұялғандықтан сүйіктім онымен кездесіп жүріпті. Қызды тастап кетіп, досының көңілін қалдыруға жүрегі дауаламапты. Солай қаламаса да сүймеген жанға үйленуіне тура келген.

Екеуіміз бір-бірімізді кездестіргеннен бері менің де оның да өмірі 180 градусқа өзгере кеткен. Әу баста екеуіміз өзгелердің көзінен таса жерде, Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде кездесе бастадық. Бос уақыт табыла қалса оны бірге өткізуге тырысатын едік.

Ал мұның барлығын оның әйелі білмейтін. Тіпті, әлі күнге дейін сезіктенбейді де. Ал мен өзгелерден жасырынып өмір сүруден шаршадым. Сүйіктімді өзге әйелмен бөлісуіме тура келеді. Мұны ойласам одан әрі жындана жаздаймын. Бірнеше жылдан бері ажырасуын өтініп келемін. Ал ол әйелін жақсы көрмесе де үш баласын тастап кете алмайтынын, олардың толыққанды отбасында өскенін қалайтынын айтты. Ал менің қызыма әке керек емес пе? Ол толыққанды отбасында өспеуі керек пе? Ата-анасы бірін-бірі сүймей, қадірлемесе, ондай отбасыдан бала бақытты бола ма? Соңғы кездері екеуіміз бір-бірімізді түсінуден қалдық.