өтпелі кезең
Бала тәрбиесі

Сындарлы уақыт. Жасөспірім кезеңінен қалай жеңіл өтуге болады?

Өтпелі кезең. Қазіргі таңда балалар ерте, нақтырақ айтқанда, 10-11 жасында жасөспірім кезеңіне өтеді. Кеше ғана тілалғыш, сыпайы, еңбекқор болып жүрген ақылды бала бүгін адам танымастай өзгеріп кетті. Ашушаңдық, ұялшақтық, қатыгездік, сезімталдық – бұл жасөспірім кезеңінің әдеттегі белгілері. Көп жағдайда ата-ана баланың мінез-құлқының өзгеруіне дайын болмай, оны әдеттегі тәсілмен тәрбиелеуге тырысады. Алайда жағдай керісінше ушығып кетеді. Мұндай жағдайда не істеу керек екенін психолог Арайлым Қанапиянова әңгімелеп берді.

Гормоналды кезең

Өтпелі кезең – бұл организмнің белсенді дамып, гормоналды өзгерістерге ұшырайтын уақыты. Қарқынды дамудың арқасында ішкі органдардың жұмысында, соның ішінде мидың қанмен қамтамасыз етілу процесінде қиындықтар туындайды. Бұл көңіл-күйдің өзгеруіне әкеліп соғады.

Әдетте өтпелі кезеңде жасөспірімдерде тәуелсіздікке, еркіндікке деген құштарлық басым. Олар үшін достары мен қызығушылықтары алдыңғы қатарға шығады. Сондай-ақ жасөспірімнің өзін-өзі бағалауы жоғары немесе өте төмен болуы мүмкін.

Негізінен жасөспірім үшін ең қиын кезең 11-15 жас болып есептеледі. Одан кейін жағдай түзеліп, өз орнына келуі мүмкін. Дейтұрғанмен, бұл орайда көп нәрсе баланың сыртқы ортасына тікелей байланысты болады.

Өтпелі кезеңдегі дау-дамайлар уақыты

Ата-ана өтпелі кезеңінің адам өміріндегі ең қиын сәттердің бірі екенін ұмытпауы керек. Демек, олардың басты міндеті – осы уақытта ұлын немесе қызын қолдау.

Жасөспірім кезеңінде көңіл күйдің күрт өзгеруі байқалады. Бала өзінің есейгенін, енді шешімді өз бетінше қабылдай алатынын айтады, ал ересектер әдетте мұндай мәлімдемені елемей, дегенін істетуге тырысады. Алайда осылайша жасөспірімнің шамына тиіп, оны алыстатып алуға болады.

Мұндай жағдайда ата-ана не істеу керек?

  1. Сабырлы болыңыз.
  2. Балаңызбен ересек адам сияқты сөйлеңіз, бірақ алдыңызда жасөспірім тұрғанын ұмытпаңыз.
  3. Балаңызға өз ойын жеткізуге мүмкіндік беріңіз.
  4. Жасөспірімнің қызығушылықтарына немқұрайлы қарамаңыз.
  5. Кішкентай жеңістері үшін де мақтап отырыңыз.
  6. Оның жеке кеңістігін құрметтеңіз.
  7. Өсіп келе жатқан баланың уайымын елемей кетпеңіз.

Ең бастысы, өтпеліпел кезеңінің уақытша екенін естен шығармаңыз. Бұл шақта баланың сенімін жоғалтып алмау үшін барынша қолдау көрсетіңіз. Ұлыңыз не қызыңыз іс-әрекетімен өзінің ересек екенін дәлелдегісі келгенімен барынша сіздің махаббатыңызға зәру.

Дейтұрғанмен, жасөспірім жалғыз қалғысы келген сәттері одан үнемі бірдеңені талап етіп, мазасын алудың қажеті жоқ.