СұқбатСырласу қонағы

Ринат Тәттібай: Нысанаға жетер жол кедергісіз болмайды

Бүгінгі жұлдыздардың елге танылуы жолында қаншама адам қызмет ететінін бірі білсе, бірі білмес. Осы тұста Қазақстан шоу-бизнесіндегі PR-менеджер саласын танытып жүрген өз ісінің маманы Ринат Тәттібаймен ашық-сұхбатты назарларыңызға  ұсынамыз.

Сізді кей жерде продюсер деп те көрсетеді. Жалпы, пиар-менеджер деген кім?

PR-шы – «ақпаратты халыққа жеткізіп, жарнамалаушы». Өнер адамдарының жаңа  туындысы жарыққа шықса, соны телеарна, радио, газет-журналдарға таратуға ат салысамын. Сондай-ақ, әншілерге жағдай жасау жағын да ұйымдастырамын. Алайда, мен продюсер емеспін. Продюсер әншісінің шығармашылығын тұтас қолға алып, қаржы бөледі. Ал, мен ақша бөлмеймін, белгілі бір соммаға келісіп, жұмыс істейміз. Олар өнерін қалай дамытуды өздері таңдайды. Бірақ, менімен ақылдасады. Бұл сала шет елдерде бұрыннан бері дамыған. Тіпті, кейбір әншілер 3-4 пиар-менеджермен жұмыс істейді. Қазақстанда бұл істі ең бірінші қолға алған менмін деп толық айта аламын. Мұнымен айналысып келе жатқаныма 6 жыл болды. Қазір Өмірқұл Айниязов, Серікбол Сайлаубек, Жадо және Оралхан Алтынбеков сынды танымал адамдармен жұмыс істеймін

Бұған дейін журналистика саласында қызмет етіпсіз?

Ол рас. Бірақ өкінішке қарай, журналистикадағы оқуымды толық аяқтамадым. Үйдің үлкені болған соң, барлық жүк өзіме түсті. Сөйтіп жүргенде жүргізушілікке қатысты кастинг жарияланып, 60 адамның ішінен екі адам таңдап алындық. Содан кейін радио, телеарналарда қатар жұмыс істедім. Ең бірінші «НС» радиосында, одан кейін алыстығына қарамай, Ақтаудағы «Қазақстан-Ақтау», «Алматы», «Қазақстан» арналарында жаңалық жүргіздім.

Астанада «Доброе утро» бағдарламасында тележүргізуші болдым. Телеарнада жұмыс істегенім мен үшін үлкен жетістік. Өйткені 5-6 сыныптарда жаңалықтарды үзбей қарап отырып, «мен болашақта жаңалықтар жүргіземін» деп мақсат қойып, соған сенгенмін.

 

 

Бір сұхбатта «істемеген жұмысым жоқ» дегенсіз?

Иә, мен 5-сыныптан бастап жұмыс істедім. Ең алғаш көшеде газет саттым. Кейін нағашы тәтем «сен «бәліш» деп айқайлап тұрасың» деп, сабақтан соң алып кететін. Базарда кәріс салатын да сатып, тауарым өтпейтін. Сонда бір әйел келіп, «Сенікі неге өтпейді? Түрің кәріске ұқсамайды ғой, ұлтың кім?» деген сөзін естіп, қулыққа басып, небәрі 20 теңге пайда көретін тауарды өткізу үшін «әкем қазақ, шешем кәріс» деп алдайтынмын. Бөтелке де жудым. Ең бастысы – сабағымнан қалмадым. Өсе келе жүк тасушы болып, бір қорап бөтелке сындырып, екі ай айлықсыз жұмыс істеген кезім болды. Мұның бәрін жасауыма түрткі болған – әкемнен еш қайыр болмағандығы. Әке-шешем ажырасып, он алты жыл үйсіз жүрдік. Әкеммен мүлде араласпадым. Ол кісі 2008 жылы қайтыс болды.Мұның бәрі мақсатқа жету жолымдағы сынақтар болса керек.

Еліміздегі эпатажды жігіттер қатарына сізді де жатқызып қойыпты.

Ең бірінші жаңа жылдық бал-маскарадқа бетімді жап-жасылға бояп, фиона болып бардым. Өнер адамдары арасындағы кеште ешкім ешкімді танымауы тиіс еді. Сол образдың арқасында анам екеуміз Дубайға 10 күнге демалып қайттық. Сиви Махмуди 30 жас мерейтойын шығыс стилінде жасап еді. «Оған не киемін?» деп жүріп, бір-ақ күн қалғанда никап киген қызды көріп қалып, «бір қызық нәрсе жасайыншы» дедім. Дүкенге барып, өзіме киім сұрадым. Қыздар аң-таң. Сөйтіп тек көзімді ашық қалдырып, никап киіп бардым. Мені әуелде ешкім танымады. Бірде Мақпал апамыз өтіп бара жатып, маған бір қарады да «мынау кім тағы» деп, қайта бұрылды. Бір кезде «Әй, мынау біздің Ринат қой» дегені. Жалпы, осы сияқты ешкімге ұқсамайтын дүниелерді жақсы көремін. Халықты қызықтырып, айналама күлкі сыйлағым келеді. Бір жағынан халық мені эпатажды образдарым арқылы тани бастады. Қазір адамдардың көбі жаңалық қарамайды. Сондай елең еткен дүниеге әуес. Осындай образдарыма «мынаның есі дұрыс емес, елден шеттету керек» деген пікірлер жазылған. Оларға күлемін де қоя қоямын. Мені олар аса алаңдатпайды.

Алда қандай мақсаттар бар? Телеарнаға қайту ойыңызда жоқ па?

Телеарнада шынайы ток-шоу болса, жүргізетін едім. Әзірге ұсыныстар түскен жоқ. Жалпы, той-томалақ, кештер ұйымдастыратын компания ашқым келеді. Қазір оны қолға алуға уақытым тапшы. Бірақ алда іске асады деген сенімдемін. Сосын өз өмірім жайлы кино түсірсем деймін. Ол әлеуметтік оқиғаға құрылған кино болуы тиіс. Әр отбасында мәселе бар. Мақсатым «Сол мәселе неден туындайды? Оны қалай жоюға болады?» дегенді көрсету. Әкенің қатыгездігі, ананың дәрменсіздігі де сол жерде көрінсе екен деймін. Дегенмен қазір әлеуметтік тақырыптар үлкен экранға өтімсіз. Себебі адамдар мәселеден шаршаған, олардың өмірінің өзі кино. Сондықтан болса керек қазір бәрі комедияға құмар.

Шоу-бизнестің қайнаған ортасында жүрсіз. Осы салада нені өзгерту керек деп ойлайсыз?

Қазір халықтың көзі ашық. Қай жерде фонограмма, қай жерде жанды дауыс – бәрін ажырата алады. Халықты елең еткізу үлкен мәселе. Неге көп өнер адамдары ішіп кетеді? Себебі бір хит әнді шығарып алып, оны ел шаршағанша айтып жүреді де, екінші әнді іздеуге ерінеді. Жақсы ән таппаса, қолын бір сілтеп, өз жанкүйерлерін жоғалтып алады. Содан соң әншіде комплекс пайда болады. Сол себепті өнер адамы ең бірінші еріншектікті жойып, бәрін өз уақытында жасауы тиіс. Сосын жанашыр адамдарды тыңдай білу керек.

Өзіңізге ұнамды және ұнамсыз қасиетіңіз?

Жағымсыз қасиетім: бірдеңе болмай жатса, қатты күйгелектеніп кетемін. Өз ойымды бетке айтатыным да бар. Үндемей қою, өтірік күле салу деген нәрсе жоқ. Оны адамға міндетті түрде айтып, талқылаймын. Кейде «маған сол керек пе» деген ой келеді. «Нем бар еді?» дегендей. Жақсы жағым: бастаған жұмысымды аяғына дейін жеткізбей тынбаймын. Адамдарды жолда қалдырғанды жек көремін. Адамдардың бәрін жақсы көремін, оларға сенемін.

Өнер адамдарымен жұмыс істеуде қандай қиындықтар кезеседі?

Мен «Бірдеңе шығады-ау, оны халыққа таныстырудан ұялмаймын-ау» деген адамдармен ғана жұмыс істеймін. Бір кісілер «айына 1 млн. теңге төлейміз. Бәрі жақсы болып кетсе, көлік алып береміз» деп ұсыныс жасаған. Бірақ, баласы қабілетсіз болып шықты. Ұсынысты қабылдаған жоқпын. Өйткені халыққа сапасыз дүниені қалай таныстырамын? Мен ол жұмыстан шабыттана алмаймын. Кейін олардың бопсалаған кездері де болды.

Әртүрлі бағдарламаларға шақырту үшін журналистермен келісемін. Сонда кейбір әншілер ұйықтап қалып, ортада мен таяқ жеймін. Өкініштісі – кейбірі танымал болып алған соң, «өз талантыммен шықтым» деп, сөздерінен айнып қалады. Оның артында қаншама жұмыс жасалғанын ұмытып кетеді. Менде келісім-шарт жоқ. Қазір басқа да әншілер іздеу үстіндемін. Енді келісім-шартты қолға алып, бекітпек ойым бар. Әйел адамдармен жұмыс істеген өте қиын, енді әйелдермен жұмыс істемеймін деп шештім.

Басыңыздан қиын да, қызық та күндер өтті. Осы жолда не түйдіңіз? Адамдар нені ескерсе дейсіз?

Маған осы тектес сұрақтар жиі қойылады. Менің айтарым, ең бірінші алдыға мақсат қойдың ба, сол мақсатқа талпыну керек. Нысанаға жету жолында оң жақтан да, сол жақтан да кедергілер келіп отырады. Қиындықтарға дер кезінде төтеп беріп, жеңе білу керек.

Бүгінде Құдайға шүкір пәтерлі болдым. Анам екеуміз «жеке үйіміз бар» деп қатты қуандық. Анам 18 жасында тұрмысқа шығып, бізді аяқтан тұрғызғанша көрмеген қиындығы жоқ. Сол себепті мен әйелдерді қатты жақсы көремін, сыйлаймын. Осы орайда адамдар ең бастысы – жар таңдауда қателеспесе екен. Әркім өз шамасына қарап, қолынан келмейтін дүниеге жауапкершілік алмай-ақ қойса екен. Әр адамның арманы орындалып, жанұялар бақытты болсын.