Cән мен сұлулықБет күтімі

Көктемгі тері күтімі жайлы не білуіміз керек?

Қаһарлы қыста өз мәресіне жетіп, эстафетаны мамыражай көктемге берді. Жыл мезгілінің ауысуы адам ағзасына әсер етпей қоймайды. Мысалы, үш ай қыс бойы күннің көзін аз көрген теріміздің құрылымы өзгереді. Күн жылына бастаған уақытта қабыршықтанып, жарылып, құрғап кетуі мүмкін. Сондықтан, қазірден бастап теріңізді көктемге дайындай бергеніңіз жөн.

Тері не үшін бүлінеді?

Қыста таза ауада аз серуендейміз, қимылымыз азаяды, тұтынған тағамымыз көмірсу мен майға бай, жаңа піскен көкөніс, жемістер жоқтың қасы. Мұның барлығы иммунитеттің әлсіреуіне әсер етеді. Ақпан, наурыз айлары секілді екі мезгілдің ауысатын өтпелі кезінде, иммунитетіміз әлсіреп, ағза шаршаған соң теріміз де өзгереді, зиянды токсиндерге толып қалады. Қыста терінің жаңаруы бәсең болғандықтан, өңі қашып, тепе-теңдіктен арылып, сезімтал бола түседі. Міне, осы тұста бетімізді қайта қалпына келтіретін бір-екі айлық курс қажет.

 Есіңізде болсын!

Бет терісінің «күрделі жөндеу жұмыстарын» бірден ауыр әрі өте көп процедурамен бастамаңыз! Күн сайын аз-аздан токсиннен арылып отырған әлдеқайда пайдалы.

Токсиндерден қалай арыламыз?

Токсин – іштен пайда болатын зиянды қалдық. Ол адам стресске түскенде немесе теңгерімді тамақтанбаған кезде жиналады. Даладағы ауаның ластығы, темекі тарту, ұйқының қанбауы да бет терісінің қабынуына алып келеді.

 Моншаның пайдасы көп

Токсиннен оңай арылудың бірден-бір жолы – моншаға бару. Буда отырған кезіңізде тері тесіктері ашылып, денеден бөлінген тер арқылы зиянды заттар сыртқа шығып кетеді. Қан айналым реттеліп, ауа алмасу жақсарады және қоректік заттарды тез сіңіретін болады. Буға кірген кезде өзіңізбен бірге сүйікті срабыңызды алыңыз. Онымен бетіңізге массаж жасап, теріңіздің одан әрі терең тыныстауына жағдай жасаңыз!

 Тазартатын маскалар

Құрамында табиғи қоспалары бар тазартатын маскалар (мысалы, көк, алқызыл, жасыл саз балшық) токсиндердің шығуына көмектесіп, терінің беткі қабатын тегістеуге көмектеседі.

 Скраб және гоммаж

Моншаға барған кезде скрабты пайдалану керек деп жоғарыда айтып кеттік. Енді күнара гоммаж қолдануды ұсынамыз. Оның құрамы скрабқа қарағанда жұмсақ. Гоммаж бетті өлі жасушалардан тазартып, терінің сау, сергек болуына ықпал етеді.

 Күтім ұқыптылықты талап етеді

Тым күрделі және терең тазалау процедураларынан алыс жүргеніңіз абзал. Себебі, ол теріңіздің қорғаныш қабатына зақым келтіруі мүмкін. Теріде сыртқы күштерден қорғайтын, пайдалы бактериялардан тұратын микрофлора болатынын ұмытпаңыз. Сондықтан, күтіміңізге ұқыпты болып, күнделіктісін күнде жасап отырыңыз. Аптасына бір-екі рет қана өлі терілерден арылып отырғаннан гөрі, әр күн сайын зиянды заттардан бетті тазалап отыру әлдеқайда тиімді, нәтижелі.

Бетке демалыс беріңіз!

Кешке қарай бетіңізді тазалап жуыңыз да, ешнәрсе жақпай тап-таза күйінде қалдырыңыз. Аптасына бір рет осылай жасап тұрсаңыз болады. Неге тек кешкі жатар уақытта қана деп ойлап тұрған шығарсыз? Себебі, тері түнде ғана токсиндерді сыртқа шығарып тастайды.

Қимыл-қозғалысты көбейтіңіз!

Токсиндерден арылудың тағы бір тиімді жолы – қимыл-қозғалыс. Егер жұмысыңыз бір орында отыруды талап етсе, таңғы жаттығуды өзіңізге міндеттеп қойыңыз. Жұмыс арасында бел жазып алуды әдетке айналдырғаныңыз жөн. Мұның денсаулығыңызға да, сұлулығыңызға да әсері күшті.

 Массаж

Иә, бетке массаж жасау да қиыл-қозғалысқа жатады. Қазіргі таңда facefitness-тің дамып кеткені сонша, қайсысы пайдалы, қайсысы зиян екенін ажырата алмай жатамыз. Бір жаттықтырушы «осы дұрыс» десе, екіншісі «ол теріні салбыратып жібереді, осы дұрыс» деп өзгесін көрсетеді. Сондықтан, бетке арналған массаж, жаттығулардың үйде өз бетіңізбен жасауға болатын түрлерін біздің  www.syrlasu.kz сайтымыздан таба аласыз. Дәл қазір ашып, «Сұлулық» айдарына кірсеңіз, бірнеше түрі алдыңыздан шығады. Игілігіңізге жарасын!