СұқбатСыр-сұқбат

Айна Досан: Шәкірттеріме мықты ментор болсам деп армандаймын

Айна Досан - еліміздегі әсемдік әлемінде өзіндік орны бар дәрігер. Ол - Қазақстандағы пластикалық хирургиядан жоғары білікті жалғыз пластикалық хирург. Қолы алтын маман қазір Алматыдағы Al-Clinic клинакасында пластикалық хирургия бөлімінің меңгерушісі. Біздің кейіпкеріміз 1998-2004 жылдар аралығында С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық мединицина университетінің емдеу факультетінде оқыған. Одан кейін білімін Санкт-Петербор қаласында «Жалпы хирургия» саласы бойынша интернатурада оқып, кейін «Пластикалық хирургия»  бойынша клиникалық ординатурада жалғастырыпты. Бала күнгі арманы алға жетелеп, «Болашақ» бағдарламасымен білім алып, елге оралады.

С: Айна ханым, медицинаға, оның ішінде осы хирургия саласына келуіңізге кім ықпал етті?

А.Д: Нағашы атам – өте білікті хирург. Бала кезімде сол нағашы атам сияқты хирург болғым келді. Атам сияқты дәрігер боламын деп армандадым. Алайда, ол уақытта хирургияның не екенін толық түсінбейтінмін, білмейтінмін. Абитуриент кезімізде қыздардың көбісі ота жасайтын гинеколог, ұлдар хирург боламыз дейтін. Мен  де арманыма жету үшін хирург болғанды қаладым. Алайда, оқу бітіруге жақындағанда келешек ота жасайтындардың саны азайып кетеді.

С: Алайда, пластикалық хирургияға келдіңіз…

А.Д: Иә, университетте жүрген кезден бастап маған бұл сала ұнайтын. Бірақ, ол кезде пластикалық хирургияны тек жарақаттан кейін тыртықтарды, дефекттерді жабумен ғана айналысады деп  елестетінмін. Қазіргі таңда, менім мамандығым қайта қалпына келтіру оталарымен қоса әсемдік (косметикалық) оталарымен халыққа кең танылып кетті.

С: Қазіргі таңда Қазақстандағы пластикалық ота қаншалықты дамыған?

А.Д: Бүгінгі күні біздің еліміздегі пластикалық ота жақсы дамыған. Оған негізгі ықпал, теледидар, әлеуметтік желідегі модель қыздар өздерінің мінсіз суреттерін көпшілікке көрсетуі деп білем. Міне, осыны көргендер мен де осындай болсам деп армандайды. Қазір әдеміліктің стандарты өзгерген. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын жіңішке қас сәнді болса, қазір қалың қас сәнді. Сол сияқты, пластикалық отаның да өз трендтері бар. Осыдан 5-6 жыл бұрын адамдар кеудені үлкейту отасы жайлы айтуға ұялатын. Келген қыз-келіншектер: «Ешкім білмесе екен, ата-анама айтқан жоқпын, сіңлілерім де білмейді»,-дейтін. Тіпті, күйеуіне де айтпай жасайтындар болатын. Қазір оны көбісі ұялмай, ашық айтады. Кейде әлеуметтік желідегі парақшасында қалай өзгерткенін көрсетіп жатады.

Ота жасауға қарсы пікірдегі адамдар да баршылық. Діни көзқарас тұрғысынан алып қарасақ, пластикалық ота адам дене мүшесінде туа біткен (жырық ерін, жырық таңдай, саусақтардың жабысуы…т.б.) немесе жүре пайда болған (жол апаты, күйік салдары) кемістіктерді қалпына келтіру мақсатында жасалса дінге сай келер деп ойлаймын.

 С: Экраннан көргеніне қызыққаннан бөлек, қыз-келіншектердің пластикалық отаға жүгінуіне өздеріне деген сенімсіздіктері де әсер етуі мүмкін бе?

А. Д: Иә, бұл да негізгі себептердің бірі. Екіншіден, көп қыздар еліктейді. Мысалы, құрбым жасатты, менің де жасатқым келеді деген қалыспаушылық бар. Сонымен қатар, көп қыздар пластикалық операцияның соншалықты қиын емес екенін түсініп келе жатқан секілді. Бұрын қолжетімсіз дүние деп ойласа, қазір студенттің өзі шәкіртақысын аз-аздан жинап болса да операция жасатуға шамасы бар.

С: Еліміздегі пластикалық хирургтардың кәсіби біліктілігі қандай? Отандық мамандарға сенім бар ма?

А.Д: Еліміздегі пластикалық хирургия басқа елдермен салыстырғанда төмен деңгейде деп ойламаймын. Әрине, көшбасшысы Корея, Бразилиямен салыстырғанда, біз олар сияқты көп операция жасамаймыз. Халқымыздың санына шаққанда хирургтарымыздың саны көп те емес. Сондықтан, сұраныс жеткілікті болғандықтан кәсіби шеберлігімізді арттырады. Мен ғана емес, әріптестерім де шетелге барып, тәжірибе алмасып, білім алып қайтады. Егер пациент отаны бізде жасатса, оның нәтижесін дос-жарандары, туыстары көреді, статистика бойынша 1 отадан риза болған пациент 10 сондай адамды ертіп келеді екен. Сонымен қатар, әлеуметтік желіге пациенттердің дейін/кейін суреттерін жүктейміз, операция сәтін тікелей эфирде тамашалауға болады, бәрін өз көздерімен көргеннен соң, ешқандай арбау жоқ екеніне кәміл сеніп келеді. Шет елдерде жұмыс сапарымен жиі боламын, сол жердегі әріптестеріммен әңгімелескенде замануи талаптарға сәйкес оталардың бәрін біз де жасаймыз, олардан қалған жеріміз жоқ деген ойға бөленемін. АҚШ, Франция, Германия, Сингапур, Қытай, Ресей, Корея тағы басқа елдерде өткен семинар, конференцияларға үнемі қатысып, баяндаманы ағылшын тілінде жасап келемін. Сол үшін де бізге деген үміт, сенім жоғары деп ойлаймын.

С: Өзіңіз пластикалық отаның көшбасшысы деп атаған Кореяда білім жетілдіріп келіпсіз. Ол жақтың ерекшелігін айта кетсеңіз.

А.Д: Біздің елімізде заңгер боламын деп армандайтын және медицинаға түстім, түспесем басқасын көрем деп, болса болады, болмаса қойды деп ойлайтын жастар бар. Одан басқа, «Менің ағам медицина университетінде сабақ беретін еді»,-деп таныс арқылы түсетіндер де кездеседі. Кореяда ондай ұғым жоқ. ҰБТ сияқты тесттерін тапсырып, ең жоғары ұпай жинағандар ғана медицинаға түседі. Ол жақта медицинаны тегін оқытпайды, ақылы. Сондықтан, білімді, ақшалы студенттер ғана медицина университетінде оқи алады. Бітіргеннен кейін де бірден операция жасайтын хирург болып жұмысқа кіріспейді. Он шақты жыл бір мұғалімнің қасында ассистент болып жүреді. Өзін көрсетіп, білімін дәлелдей білген хирургтар ары қарай жеке өзі операция жасау хұқығына ие болады. Өкінішке орай, менде ондай мүмкіндік болған жоқ. Келдім, ешқандай жетекші жоқ,  өзім мәйітханаға барып теориялық білімім бойынша сол жерде тәжірибе жасап,  іске асыруға мұқтаж болдым.

С: Екі жыл бұрын «Үздік дәрігер» деген номинация алдыңыз. Осындай жетістікке жету үшін қанша жылыңыз кетті?

А.Д: 15 жылдан бері пластикалық хирургия саласында еңбек етіп келе жатырмын. Осы мамандықты «Болашақ» бағдарламасымен бітіріп, елге оралған кезде мені жұмысқа ала алмады. Себебі, тізілімде пластикалық хирург деген мамандық болған жоқ. Еңбек кітапшама «Хирург (хирург-пластик)» деп жазып қойды. Еңбек жолымды №5 қалалық клиникалық ауруханасының балалар бет-жақ бөлімінде бастадым. Бұрын балалармен жұмыс жасамағандықтан, басында ештене білмейтіндей сезінетінмін. Қосымша, балалар туралы оқуымды жетілдіруге тура келді. Халықаралық «Smile train» қайырымдылық қорымен бірлесіп туа біткен кемістігі бар балаларға көмек жасайтынбыз. Қайырымдылық шараларды тұрмыс жағдайы төмен азаматтарға жасауды әлі күнге дейін жалғастырып келемін. Ауруханадан тыс жеке меншік клиникада да пластикалық хирург болып істедім. Демалыс күндері науқастарды таңу, қарау, сырқатнама жазу, ал мереке күндері мәйітханада бұрын жасамаған оталарды жасап көру, адам анатомиясын еске түсірумен айналысатынмын (күледі). Сонымен қатар, кейбір сайттарда мамандығым бойынша сұрақтарға күнделікті қазақ, орыс тілдерінде біраз жылдар бойы модератор болып жауап беріп жүрдім. Ұстаздарым, оқулықтар, шетелдегі білім дамыту мастер класстары, өз денесін медицинаға арнаған мәйіттер (оларға да мың да бір алғыс), жақындарымның қолдауы тәжірибе жинақтаудың, білімімді арттырудың ең негізгі себепкелері. Мен оқу бітіріп келген кезде пластикалық ота жайлы еліміздегілер тек шетелдік сериалдар арқылы, Ресейдің әншілері ғана жасатады деп білетін еді. Бас-аяғы 10 шақты жылдың ішінде қарқынды дамып кетті.

С: Түрік қыз-жігіттері мұрындарына ота жасатуға құмар екен. Біздің өңірде қай ота түрі кең таралған?

А.Д: Аймақтарға қарай операцияның сұранысы да әртүрлі. Мысалы, Кавказ елдері мен Түркиядағы халықтың мұрны бүркіт мұрын болып келеді. Олар үшін бұл ерекшелік – үлкен комплекс. Сондықтан, бұл мемлекетте ринопластика кең тараған. Ең күшті ринопласттар сол Түркияда. Корея, Қытай, Жапония тұрғындарының көзінің үстінде қыртыс болмайды. Сондықтан олар қыртыс салып, қабақ жасау операцияларынан бірінші орын алады. Ал, Қазақстан Еуразияға жатады. Толық Еуропада емес, толық Азия да емес. Көзімізде қатпар бар, бірақ еуропалық қатпар сияқты терең, жоғары емес. Сондықтан, қыздарымыз көбіне еуропаша түр болғанын қалайды. Біз қабақ жасаумен әлектенеміз (күліп). Мұрын жасауға сұраныс көп деп айта алмаймын. Корейлердің мұрны жалпақ, қыры болмайды. Кореяда қыр жасаумен әлек, Түркияда қырды алып тастаумен әлек (күліп). Біз екеуінің ортасында орналасқанбыз, сондықтан эстетикалық мұрын проблемасы бізде айқын байқалмайды. Америка елдерінде тамақтану моделі бойынша семіз адамдардың саны көп. Сол үшін ол жақта біздегідей №1 блефаропластика емес, липосакция, яғни, артық майды алып тастау бірінші орында.

 С: Ота жасатқысы келген адам клиника таңдаған кезде не нәрсеге назар аударуы керек?

А.Д: Бірінші, пациент дәрігерді таңдайды. Дәрігер мықты болуы керек. Екінші, ол қай жерде жұмыс істейді, соған назар аударуы қажет. Санитарлық, гигиеналық нормалармен қатар операция кезінде бүкіл сақтық шаралардың сақталуы міндетті. Жақсы клиникада сапалы медициналық құрал-жабдықтар болады. Осының барлығына назар аударған жөн. Білікті дәрігер, сапалы құрал-жабдық болса операция жоғары деңгейде өтеді.

С: Өзіңізді шығармашылық адамымын деп есептейсіз бе?

А.Д: Иә, қызметімді шығармашылық жұмыс деп ойлаймын. Себебі, мен операция кезінде жан-тәніммен берілемін. Шала-пұла жасай алмаймын. Операция кезінде нағыз перфекционист болуың керек. Қате жасауға сенің құқығын жоқ. Сондықтан, толыққанды беріліп, әдемі шықса деп армандап жасаймын. Алдын-ала пациенттен не қалайтынын сұраймын. Себебі, отаның ләззатін көретін пациент. Оған ұнамаса маған да жаман тиеді. Қалауын тыңдап болған соң, қолымнан келетініне сенімді болсам, «Иә, сізбен толықтай келісемін»,-деймін. Кейде пациенттер маған тым жоғары талап қояды. Хордың қызындай сұлу қыл дейді. Оған табиғи түр-сипаты мүмкіндік бермесе, қанша ота жасаса да керемет өзгертіп жіберу мүмкін емес. Біз бәрібір анатомиялық ерекшеліктеріне қараймыз.

С: Сіз кімді ұстаз тұтасыз?

А.Д: Мектеп, университет қабырғасындағы мүғалімдерім білімімнің негізін қалап берді. Кәсіби мамандығымда ерекше атап өтетін ұстаздарым бар олар: Санкт-Петербор қаласында тұратын, пластикалық хирургия кафедрасының меңгерушісі, профессор Ирина Эдуардовна Хрусталева. Алматы қаласында оталардың бас-қасында болып, қалай дұрыс операцияны жасау, тігуді.. үйреткен профессор Серік Балташұлы Нурмаганов, Жамбыл Анаркулович Фазылов, және де әсемдікке деген көз-қарасымды өзгерткен оңтүстік Кореялық профессор Lee Hae-young. Ұстаздарыма алғысым шексіз.

С: Жұмыстан тыс уақытыңызда немен айналысасыз?

А.Д: Қарбалас тіршіліктің арасында уақыт тауып кітап оқуға тырысамын. Жақсы фильм қараймын, кейде сурет саламын. Біз жұмыс кезінде эмоцияға көп берілеміз, кейде психологиялық қысым аламыз. Соны физикалық жағынан шығарып тастау керек. Әрі денсаулыққа да пайдалы деп спортпен айналысамын. Көбіне, мен жұмысымды жұмыс деп қабылдамаймын. Бұл хоббиім сияқты. Мінезім де осы мамандығыма сәйкес. Әдемілікті өмірге алып келіп, тез нәтижеге қол жеткізгім келеді. Сонымен қатар, бәріне мұқият қараймын, салмақтылығым да осы мамандыққа алып келді ме деп ойлаймын. Жұмысымнан ләззат аламын. Арасында шаршаған сияқты күйге түсіп, жата бергің келетін кездер болады ғой. Сол кезде жұмысқа баруым керек (күліп). Сонда энергиям тасып, барлығы өз қалпына түседі.

С: Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз…

А.Д: Болашақта ғылыми жұмыспен айналыссам деймін. Шәкірт тәрбиелеу ойымда бар. Бірақ, оған тағы да тәжірибе жинауым керек пе деп ойлаймын. Мен өзім өте көп ойланатын адаммын. Шәкірт тәрбиелеу  – үлкен жауапкершілік. Оларға тәрбие беру үшін тек практикалық емес, жан-жақты түсіндіріп беретіндей мықты ментор болсам деп армандаймын.

 С: Айна ханым, сұқбатыңызға көп рахмет!