СұқбатСыр-сұқбат

Ақмарал Басирова: Бүгінгі қоғам қасіреті – ана мен бала мәселесі

Ақмарал Меңдіқайырқызы Басирова – көпбалалы ана, ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бренд-амбассадоры, «Бақытты отбасы» орталығының және «Aq alem» аналар құқығын қорғау қоғамдық қорының басшысы, «Аq alem» клининг компаниясының негізін қалаушысы, Алатау ауданы бойынша кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер кеңесінің мүшесі, Жаңатас қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығының негізін қалаушысы, «Anadan–qasiet» ассоциациясының жетекшісі, аналарды жұмыспен қамтуға көмектесетін АСП комиссиясының мүшесі. Кейіпкеріміз Ақмарал Меңдіқайырқызы ана мен бала құқығын қорғауда жасап жатқан игі істері мен осы жолда өткерген ауыртпашылықтары жайында ой бөліскен еді.

«Әр қазақ менің жалғызым» деп жүрегі соққан батыр ана, батыл көшбасшы Ақмарал ханым қоғамымыздағы саусақпен санарлық белсенді жандардың бірі. Бастаған ісінің барлығы ана мен баланың салауаты мен іргетасы мықты ел болуға мұрындық болып жүргені де рас. Бүгінгі қоғамның қасіреті мен проблемалары туралы өз аузынан естіп көрелік.

С: Ақмарал ханым, әңгімеміздің әлқиссасын ана құқығын қорғауды қолыңызға алып, қоғамдық қордың ашылуына түрткі болуыңызбен бастасақ.

 

А.Б: Қоғамдық қор мен «Бақытты отбасы» орталығының ашылуы қазақ елінің қабырғасын қайыстырып, ұлттық қасіретке айналған 5 періштенің қазасымен байланысты екенін жасырмаймын. Қаралы хабар жеткенге дейін сол кездегі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова журналистерге берген сұхбатында: «Көпбалалы аналардың өмір бойы алатын жәрдемақысы миллион теңге. Оларға 16 000 теңге жәрдемақы тым көп», – деп жарияға жар салған еді. Дәл осы сөздерден кейін дүйім жұрт әлеуметтік желі парақшаларында алтын құрсақты аналарға жағымсыз пікірлер жазып, орынсыз айыптар таға бастады. Көпшілік тарапынан «Әйелдер баланы жәрдемақы үшін туады. Содан кейін балалары мысықтың балапандары секілді көшеде жайылып жүреді» деген негатив ойлар қаптады.

Көпбалалы ана ретінде менің де, өзгенің де миллиондап жәрдемақы алмайтынын жақсы білемін. Сол кездері бала басына 2000 теңге болғандықтан, бес балама ай сайын үкіметтен 10 000 теңге алып отырдым. Жалған сөздер мен жағымсыз пікірлердің алдын алу мақсатында көпбалалы атанған уақытымнан бастап, яғни 2009 жылдан 2019 жылға дейін Мемлекеттен алған барлық қаражатымды есептеп шығардым. Тоғыз жылдың ішінде үкімет көрсеткен көмек құны 841 000 теңгені құрады.

Әбілқасымованың сұхбатын теріске шығару үшін фейсбук желісінде көпбалалы аналардың  министр сөзіндегідей көмек алмайтындығын, бала басына бар болғаны 2000 теңге ғана алатынын әрі көп балалы болу қазақта бұрыннан бар екендігін жазған болатынмын. Көйлегіне жамау сұратқандай бейшаралыққа жеткізіп, бала туғаннан бастап халықты жирендіру – дұрыс емес! Көшпелі ел кезімізде де, аса қиын уақыттарда да аналарымыз бір емес, бірнеше баланы дүниеге әкелген еді. Қазір біз әр бала өз несібесімен дүниеге келетінін ұмыт қалдырған сияқтымыз.

Желіде «Баяғыда еврей халқы «Қазақтар кім екендігін білгенде, олар қазір бізден де озып кететін еді» деп айтқан екен. Сол себепті қазақ – текті халық. Әлемдегі барлық ел-жұрттың арасында қазақтың ғана қаны таза, өйткені біздің халықта ғана ағайындар қыз алысып, қыз беріспейді. Міне, сондықтан да қазаққа тіл тигізуге болмайды. Қазақстандағы көпбалалы аналардың 90%-ы қазақ әйелдері, мынадай кең байтақ жерде онсыз да аз халықпыз. Мадина ханым, сіз керісінше туылу деңгейін қолдаңыз. Ал сіздің берген сұхбатыңыз көпбалалы аналарға деген қарым-қатынасқа іріткі салып, араңдатушылық туғызады. Сөздеріңізді қайтып алыңыз» деп жазып, министрден менімен дереу кездесу өткізуін талап еттім. Сол кезде жазғандарым дүмпу туғызғаны рас, жазбамды лезде 4000-5000 адамға дейін бөліскен болатын.

С: Қоғам мәселесін қаймықпай айтып, көпбалалы аналардың туын көтеріп жазған жазбаларыңызға қатысты министр тарапынан жауап болды ма?

А.Б: Жоқ. Жауап болмаған соң, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевқа шықтым. «Министр бізге қысым жасады. Соның салдарынан желі парақшаларында жұрт көпбалалы аналарды қаралап, жамандап жатыр» дей келе, оның сауалыма жауап беруін және Әбілқасымовамен кездесу ұйымдастыруын талап еттім.

Бұл жолғы жазғаным жауапсыз қалмай, вице-министр 4 ақпан күні қабылдауға шақырды. Мен Елордаға ұшып, қабылдауға бара жатқанымда көпбалалы отбасындағы бес қыздың өрттен қаза тапқанын естідім.

Елең еткізіп, жүректі езген хабар одан сайын ауыр тигені рас. Елімізде ешнәрсе ерте жасалмайды. Тек арты осындай қасіретке ұласқаннан кейін ғана қолға алынатындығы сол сәтте қатты күйіндірді.

Вице-министрмен кездесу барысында барлық проблемаларды ортаға жайып салып, сөзіме сенбесе, ел арасында жүріп, өз көздерімен көрулерін ұсындым. «Елде шешілмей жатқан мәселе көп. Неге қазақ өз елінде, өз жерінде тұрып, өзге ұлттың пәтерін жалдауы керек? Неге қазақ нанын таппай, өзге ұлттың құлдығында жүр? Неге өз елімізде өз қазағымыздың құқығы қорғалмаған? Көпбалалы аналарға қайыршы ретінде қарамау керек. Жана ғана көпбалалы үйдің бес сәбиі бірдей өртеніп кеткендігі жайында суыт хабар естідім, сіздер естідіңіздер ме? Жүріңіз, барып қайтайық! Хал-жағдайларын білейік», – деп едім, вице-министр: «Біз сигналсыз ешқайда бара алмаймыз», – деп жауап қатты.

Болашағымыз өртеніп жатқанда жай қарап отыра алмай, қабылдаудан кейін өртенген үйге қарай аттандым. Барлық жайтты ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жібердім. Дәл осы жағдай мені қоғам белсендісіне айналдырды.

Алматыға келе салысымен, Алматы қалалық әкімдігіне жол тарттым. Ол кезде қала әкімі Бауыржан Байбек еді. Ең беделді азаматтарды жинап, қандай мәселелермен келгенімізді сұрады. «Менімен жүріңіз, жеті жылдан бері ерікті болып жұмыс жасаймын. Қандай отбасыларға көмектесіп жатқанымызды көрсетейін» дедім.

Қала әкімі тыңдай келе «Жобаңызды жүзеге асыруға Сізге не керек?» деп сұрағанда, «Бізге кез келген ана кез келген жағдайда балаларын ертіп келе алатындай орталық керек. Онда психологиялық, құқықтық, әлеуметтік көмек көрсетілуі қажет. Аналар мәселелерін айтып, көмектеріңізге жүгінгенде келген сауалының шешімін тауып кетуі тиіс» деген ұсыныс айттым. Оған қоса «Бір апта уақыт берсеңіз, біз дайын жоба ұсына аламыз», – деп сөз байластық.

Бір апта бойы жоба айналасында бірнеше қыз-келіншек жұмыс жасап, оны бекіту жұмыстарымен жүрдік. Міне, осындай қиындықтарды өткеріп, бойдағы батылдықты жинаудың арқасында әкімшілік қолдауымен аналар құқығын қорғайтын «Аq alem» қоғамдық қоры құрылып, Алматы қаласында «Бақытты отбасы» орталықтары ашылды.

С: Орталық көмегіне кімдер жүгіне алады және ана мен бала құқығын қорғауда қандай жұмыстар жүргізілуде?

А.Б: Ауыр күйзелісте жүрген, тұрмыстық зорлық құрбанына айналған, күйеулері ащы суға салынған әйелдер кез келген уақытта орталық көмегіне жүгіне алады. Олар балаларын да құрбан етпей, өздерімен ертіп келсе болады.

Біз алдымен өмірлік қиын жағдайға түскен әйелдің бар мәселесін толықтай біліп, тексеріп, үйінде бала-шағасы қалған жағдайда, балаларды барып алып кетеміз. Жұбайларымен сөйлесеміз.

Сонымен қатар орталықта психологиялық тренингтер өткізіледі. Зорлық-зомбылық көрген аналарды түрлі әлеуметтік орталықтарға орналастырамыз, сондай-ақ оларға заңгерлік кеңес беріледі.

Жалпы әйел адам заң аясында сауатты болу керек. Заң баптарын жетік білмесе де, өзінің тиесілі құқығын білуі тиіс. Міне, осы мақсатта құқықтық тренингтер өткізіп отырамыз. Ол жерде құқық қорғау жұмыстары жағынан ажырасуға сотқа өтініш беру, аналар үйін анықтау, жұмыспен қамту, оқыту сияқты толық құқықтық жұмыстар жүргізіледі. Өкінішке қарай, бүгінгі күні орталық көмегіне жүгінетін әйелдер аз деп айта алмаймыз. Бұл – бүгінгі қоғамның қасіреті. 

С: Әйел құқығын қорғаумен белсенді айналысып келе жатқандығыңызға да бірнеше жыл болды. Осы жылдар ішінде құқық қорғау барысында қандай проблемалар көп кездесіп еді?

А.Б: Біріншіден, қазақтарды «ұят» деген стереотип ұстап қалатындығы қыңжылтады. Көп әйел өз проблемасын қоғамға жар салып, жария етуге қымсынады. Тіпті, шаңырағы шайқалмас үшін барлық көріп жатқан азаптарына көз жұма қарап, отбасындағы мәселені табалдырықтан ары асырмайды.

Екіншіден, аналарымыздың өз құқығының тапталғанын іштей жасырып қалатындығына әлеуметтік орталықтардың аздығы, бөлімшелік полиция қызметкерлерінің іске мардымсыз қарауы, дұрыс көңіл бөлінбеуі де себеп. Сондай-ақ, әйел ішіп келіп шу шығарған күйеуіне арызданса, учаскелік полицейлер ол азаматтарды бар болғаны үш сағат қана ұстап, жібере салатындығы да үлкен мәселе болып отыр.

Үшіншіден, екі тарап ажырасып кеткеннен кейінгі әйел адамның құқығы заң бойынша қорғалмауы да қордаланған мәселелер қатарында.

 С: Әңгіме төркінін бала құқығы мәселесіне қарай бұрсақ. Бала құқығы қалай қорғалуда? Қорғансыз қалып жатқан балаларымыз кімнен көмек сұрауы керек?

А.Б: Дұрыс айтасыз, елімізде балалар мүлде қорғансыз. Ата-аналар өз балаларының қамын жеудің орнына оларды ұрып, соққының астына алатын кездердің де куәсі болдық. Ондай жауыз әкелер де, тасжүрек аналар да бар. Өкініштісі – бұл жағдайда полиция қызметкерлері үнсіз қалады, «өз балалары ғой» деп жайбарақат жүре береді. Қамқорлыққа алу органдары мен бөлімшелік полиция қызметкерлері дұрыс жұмыс істемейді.

Тағы айта кетер маңызды дүние, елімізде сәбилер сатылып жатыр. Бастапқы бағасы 500 000 тг-ден басталады. Сұмдық емес пе?! Бұл – өте өзекті әрі ауыр мәселелердің бірі. Мәселен, Алты балалы ана жетіншіге жүкті болып отырып, «1 000 000 тг-ге бір баламды сатып, жер аламын. Есесіне, қалған алты балам үйсіз қалмайды. Алтауына үй соғып беремін ғой», – деген жиіркенішті ойдың жетегінде жүреді. Қазақ, қайда барасың?! Осындай ойдың өзі күнә ғой!

Үкіметке әркез алақан жая бермей, әйелдер өздері де бала-шаға қамы үшін әрекет жасап, ерте қимылдауы керек. Себебі, бала үшін ана жауапты! Баланы сату үшін тумайды. Соны біліп жүріңіздер!

С: «Бақытты отбасы» орталығында әйелдерге арналған қандай бағдарламалар іске асырылуда? Аналарды жұмыспен қамтуға қатысты жағдай жасалған ба?

А.Б: Бұл орталықта мемлекеттік орган қызметкерлері жұмыс істемейді, тек өзім сияқты өмірдің қаншама қиындығын бастан өткерген белсенді аналар ғана еңбек етеді. Тағдырдан менің де талай теперіш көргенім рас. Шағын там мен жертөледе тұрып, балаларымды барынша еңбек етіп, тер төгумен асырап бақтым. Сондықтан да орталыққа келетін әр әйелдің жанайқайын мен жақсы түсінемін.

«Бақытты отбасы» орталығы ашылғанға дейін «қиын жағдайға түскен аналар келе алатын әрі өз ойларымен бөлісе алатын орталық болсын» деген ниетпен өз қаражатыма кішігірім үйді жалға алдым. Сол жерде аналармен сырласып, болашаққа жоспар құрып отырдық. Осы тарапта бізді қолдап, демеу көрсеткен аудан әкімдігі мен қала әкімдігіне алғысымыз шексіз.

Орталықта әйелдерге арналған отыз бір курс бар. Сондай-ақ, Алматылық әйелдерге бизнес негіздерін үйретіп, аналарды жұмыспен қамтуға арналған «Іскер ана» бағдарламасы да жемісті жұмыс жасап келеді. Бұл бағдарлама аясында қаншама әйелдер өз кәсібін бастап, күнкөріс қамын жасап жүр.

«Іскер ана» бағдарламасы бойынша кәсіп бастау үшін 34 әйел 5 млн теңгенің грантына ие болды. 860 әйел 555 000 тг грант алды. Соларды ары қарай жүзеге асырып, әйелдердің өз бетінше табыс табуына, кәсіптерінің алға басуына әрі жасап жатқан заттарының сатылуы мен тендерге қатысуына көмектескен «Аnadan–qasiet» ассоциациясы құрылған болатын. Мен аталмыш ассоциацияның жетекшісі болып табыламын. Бөлінген грант өз иелерін тауып, кәсіптің дұрыс дамуына сеп болды.

Жалпы әйелдердің 50%-ы «біреуге жұмыс жасағым келмейді, өз кәсібімді ашамын» деп кәсіпкерлікке ұмтылса, қалған 50%-ы «кәсіп жүргізе алмаймын, одан да айлыққа жұмыс жасағаным жақсы» деп жауап береді. Біздің орталықта өз кәсібіңді бастауға толық мүмкіндік бар, сондай-ақ өзгенің кәсібіне көмектесуге арналған жағдай да жасалған.

Алда «Бақытты отбасы» орталығы Қазақстанның түкпір-түкпірінде бой көрсетсе деген тілек бар. Егер басқа да қала мен аудан орталықтарының әкімдіктері осындай орталық ашуға ниетті болса, қашанда өз тәжірибемізбен бөлісіп, сол жерлерге баруға дайынбыз. Себебі бұл – әрбір өңірге аса қажет жоба.

С: Өзіңіз көпбалалы ана ретінде бала тәрбиесінде не нәрсеге баса мән бересіз?

А.Б: Әрине, бала тәрбиесі, балаларымның болашағы мен үшін өте маңызды. Бастысы, білімдеріне баса көңіл бөлемін. «Адамды адам ететін мінез» демекші, мінездерінің де көркем болуы қояр талаптарымның қатарында.

Жалпы тәрбие – тек сөзбен айтып, бұйрық беру емес. Әрбір ата-ана өз баласына үлгі бола білуі керек. Сонда бала ата-анасына қарап бой түзеп, келешекте де солардай болуға ұмтылады.

Балаға жақсы тәрбие беріліп, оның толық бақытты болуы үшін ата-ананың басында баспана болуы керек. Қазіргі таңда үй мәселесі де отбасындағы үлкен проблемаға айналып отырғандығы өтірік емес. Үйде ананың көңіл күйі болмаса, баланың да мазасы қашады. Тұрғын үйге қол жеткізу мәселесі аналарды да сары уайымға салып келе жатқандығы рас. Болашақта министрлер айтулы мәселеге көмек қолын созса екен деген назымыз бар.

С: Салиқалы сұқбатыңызға алғысымыз шексіз. Ісіңізге тек сәттілік тілейміз.