бала шашы
Бала саулығыДенсаулық

Бала шашы көп түссе

Бала шашы мезгілсіз әрі мол түсе бастаса жас аналар әбігерге түсіп, шошитыны анық. Алайда, алопеция (шаш түсуі) тек қана егде тартқан адамдарда ғана емес, балаларда да жиі кездесетін жағдай. Шаштың түсуі емшектегі баладан бастап мектеп бітіріп жатқан балаға дейін де кездесуі мүмкін. Оның себептері әртүрлі.

Бала шашы түсуі өз бетімен жеке кездесетін ауру емес, ол көптеген басқа да аурулардың бір белгісі. Сондықтан, бала шашы түсіп, алғашқы белгілері біліне бастағаннан дәрігерге қаралған абзал. Себебі, дәрігер тиянақты қарап тексеру барысында оның себебін анықтап, не болмаса себебін күмәнданған жағдайда нақты қай маманның кеңесі қажет екендігін дұрыс көрсетеді. Балалардағы алопеция себебі дұрыс анықталып ем жүргізілген жағдайда ол өзгерістер толық қалпына келуі әбден мүмкін.

 

Бала шашының түсуінің себептері

✅ Емшек жасындағы бала шашының түсу себептері: Бұл жастағы балаларда көбіне бастың самай, шүйде бөліктерінде шаш түсуі анықталады. Егер де шаш түсуден басқа ешқандай басқа да ауруларға тән белгілер табылмаса мұны қалыпты (физиологиялық) жағдай деп санауға болады. Бала ерте басын ұстайды және көп уақыт коляскада немесе төсекте жатуына байланысты шаштары жастыққа үйкеліп түсе бастайды. Себебі, осы жастағы бала шашы өте жұмсақ және сирек келеді. Шаш түбірі зақымдалмайды, сондықтан шаш қайта шығады.
Егер де шаштың түсуімен қатар бала өте терлегіш келсе, басының терлегендігі төсекте су болып анықталса, бала мазасызданып, түнде нашар ұйықтайтын болса, онда шаш түсуінің себебі рахит деген ауру болуы мүмкін.
Осы жастағы балада туылғандағы шашы ары қарай өспей қалуы мүмкін. Оның себебі туылғаннан кейінгі бала ағзасындағы гормоналды өзгерістерге байланысты. Бұл жағдай толық қалпына келеді.
Кейде бала ағзасында өте күрделі өзгерістердің анықталуының салдарынан бала мүлдем шашсыз туылуы мүмкін және ары қарай да шаш өспейді. Бұл жағдайдың себебі туа пайда болған эпидермолиз, эндокринді бұзылыстар және т.б. Дұрыс жүргізілген ем барысында 2 жыл бойы шаш шықпаса, онда ем сәтсіз деп саналады және шаш мүлдем шықпайды.

✅ Ересектеу балалардағы шаш түсуінің себептері:

  • Теміреткі (лишай) – саңырауқұлақты инфекция. Бала шаштарының кейбір жерлері қайшымен кесілген шаш сияқты кесіліп түсе бастайды, сосын дөңгелек, овал пішінді әртүрлі диаметрлі шаш түсуі анықталады. Ол шашы түскен жерлер қабыршықтанады, аздап қызарады, кейде қышиды. Зақымданған жерден тексеруге жағынды алып тексеріледі де ем тағайындалады.
  • Шаш түбірінің зақымдануы. Бала шашының түбірі күйгенде, қыз балалардың шашын өте қысып өргенде немесе резеңкемен қатты тартып байлағанда зақымданады.
  • Трихотилломания – бұл жағдайда бала әрдайым шашын қолына орап немесе тартып отырады. Соның салдарынан шаш жұқарып түсе бастайды. Ал, асқынған жағдайда бала шашы зақымдалып, тыртық қалып, ол жерге шаш мүлдем шықпауы мүмкін. Кейде бала жұлып алған шашын аузына салуы, ары кетсе жұтып жіберуі мүмкін. Оның бәрі асқазан- ішек жолдарының бұзылыстарына әкеледі.
  • Телогенді таздану. Түсінікті болу үшін қалыпты шаш өсу механизмін айта кетейік. Адам шашы кезеңдермен өседі. 1 кезең – белсенді өсу кезеңі. Екі жылдан алты жылға дейін созылады, кейін шаш түбірінің дегенерациясы кезеңі – 20 күндей. Осы кезеңдерден кейін 3 айға созылатын тыныштық кезеңі – телогенді фаза анықталады. Бұл кезеңде ешқандай шаш түбірінде өзгерістер анықталмайды. Үш айдан соң қайта ояну, яғни осы кезеңдер қайта басталады, ескі шаш талшығы жаңа шаш талшығын итеріп шығарады. Ал, осы тыныштық жағдайдан кейін қайта оянбай, жаңа шаш шығу кезеңі тоқтағанда телогенді таздану пайда болады. Оның себептері әрқилы: операция кезіндегі жалпы наркоздың әсері, өте жоғары температура, дәрумендерді дұрыс қолданбау, яғни, дозасының асып кетуі (мысалы: А витаминінің), дәрілік заттардың салдары, стресстік жағдайлар.

Ерекше айта кететін жағдай – ол ұялы алопеция, аутоиммунды ауруларға жатады. Бала шашы әр жерден дөңгелек, овал форма түрінде түсе бастайды. Теміреткіден ерекшелігі қырқылған шаш сияқты сынбайды, тері қызармайды, қабыршақтанбайды. Шаш түсіп тұрған жердің шетіндегі шаш талшығын аздап тартсаңыз оңай жұлынып алына береді. Қысқа уақыттың ішінде үлкен көлемді таздану анықталады. Кейде қас, кірпіктің де түсуі қосылады. Баланың тырнақтары сынғыш, тырнақ бетінің тегістігі бұзылады, тырнақта ойықтар немесе төмпешіктер пайда болады. Ұялы алопецияның себебі нақты анықталған жоқ, бірақ төменде келтірілген жағдайлармен жиі байланыстырады. Олар:

шаш түбіріне өз иммундық жүйесінің шабылуы;

психикалық күйзеліс;

қалқанша бездің қызметінің бұзылысы.

Емдеу тәсілдері:

Емі өздеріңіз байқағандай аурудың себебіне тікелей байланысты. Сондықтан, ем ауру себебі анықталғаннан соң, дәрігердің қадағалауымен жүргізіледі. Емде қолданылатын дәрі-дәрмектерге тоқталмай-ақ қояйық, себебі үй жағдайында өз бетіңізбен емді жүргізуіңіз кейде кері әсер беруі мүмкін. Ал, ата-анасы баланың шашының түсе бастағанын анықтаса, тез арада дәрігерге қаралғаны дұрыс болар еді. Қайта айта кетейін, кез келген ауруды ерте анықтап, ерте емді бастау баланың толық сауығуына мүмкіндік береді.

Дендеріңіз сау болсын.

Ұқсас мақалалар:

Бала тістеріне назар аударыңыз!

Бала бойындағы жағымсыз әдеттер

Мақала көңіліңізден шықты ма? Ұнаса төмендегі 👇сілтеме бойынша өзіңіздің әлеуметтік желідегі парақшаларыңызда бөлісіңіздер