Өзіңді дамытСырласу қонағы

Динара Болат: Саяхат – өмір салтым

Отбасын, қызметін, саяхаттауды қатар алып, сұлулығы мен сәніне де уақыт тауып жүрген жиһангез, блогер, саяхатшы, «Радио саяхат» бағдарламасының жүргізушісі Динара ханыммен болған сұқбатқа назар аударыңыз

Суреттегі елдің бәрін көрдім

Бала кезімде географ анамның елдер бейнеленген көрнекі құралдарына қарап, «болашақта міндетті түрде осы жерлерді аралаймын» деп, өзіме сөз бердім. Қысылтаяң шақта жүрсек те, барғым келетін елдердің суретін журналдан қиып, өзіме ғана көрінетін жерге жапсырып қойдым. Қанша қиындық көрсек те, үмітім еш үзілген емес. Соның әсері болар, екінші рет ана атанып, жағдайымыз тұрақталған соң, саяхаттаудың сәті түсті. Шыны керек, суреті жапсырылған елдің барлығын көріп шықтым. Жылдар бойы ішімде бұғып жатқан арманымның жарқ еткені соншалық, төрт жыл ішінде 18 мемлекетті аралап үлгердім.

Отбасым мен қызметім

Тұрмыс құрғанмын, бір ұл, бір қыздың анасымын. Жолдасым саясаттанушы, политтеxнолог. Өзі қызмет бабымен шет елдерге жиі шығатындықтан, менің саяxаттауыма түсіністікпен қарайды. Жалпы, отбасымызбен саяxаттауды тұрақты үрдіске айналдырғанбыз.

Мен Орал қаласында туып-өстім, қазір Астанада тұрамын. Негізгі мамандығым – псиxолог болғандықтан, псиxолог-консультант қызметін атқарамын. Көпшіліктің мәселесі отбасына келіп тірелетіндіктен, әйел және отбасы психологиясы тақырыбын жиі қозғаймын. Көбіне онлайн кеңес беріп, телефонмен және әлеуметтік желі арқылы жұмыс істеймін. Оған қоса, Қазақ радиосында «Радио саяxат» атты авторлық танымдық бағдарламамды жүргіземін. Жақында алғаш рет «телефонмен фото-өңдеу» мастер-класын өткіздім. Аудитория өте жақсы қабылдады. Бұл істі өзім Марокко еліне саяxаттап барғанда шетелдік әйгілі тревэл блогерлерден үйрендім.

Алғашқы саяхатты жоспарлау

Бірінші, баратын мемлекетті таңдап, жолға, тұрақтайтын жерге, азық-түлікке кететін қаражатты есептеп, саяхат бюджетін құрап алу. Екіншіден, ұшақ билетін 2-3 ай бұрын сатып алып, қонақ үй бөлмесін ерте брондап қойса, бағасы әлдеқайда арзанға түседі. Көбісі бәрін тақалған уақытында жасайды. Сондықтан қымбатқа ұрынып, біраз ақшасын жоғалтады. Ойыңыздағы елге тікелей рейспен емес, басқа мемлекет арқылы ұшсаңыз, бірнеше сағат жоғалтқанмен, 100 000 теңгеден де жоғары ақша үнемдеуге болады. Тұрақтайтын жердің ақысы да қонақ үйлер, хостел, каучсерфингті таңдауыңызға байланысты. Хостел қонақ үйден 2-3 есе арзан болса, каучсерфинг бағдарламасы алдын ала келісіп, тегін орынға тұрақтауға мүмкіндік береді. Саяхаттау мүмкіндігі көп, тек оны таба білу керек. Бір елге ғана барып, қымбат қонақ үйде қонып, мейрамханаларда тамақтанғаннан гөрі ақшаны үнемдеп, бірнеше елді көрген артық. Туристерге қарағанда жиһангез жермен, сол елдің мәдениетімен жақын танысып, жергілікті тұрғындардың жан-дүниесін сезінеді.

Тіл білудің маңызы

Тіл білу аса маңызды емес. Ағылшын тілін жартылай білгенімнің өзі маған біршама көмектеседі. Адам барған жерінде өзіне керегін ым-ишарамен болса да сұрап-біліп ала алады. Ең бастысы – қорықпай, сенімді жүру. Тілдің аса қажеттілігін барған жерімде ойымды толықтай жеткізе алмай қиналғанда ғана сезінемін. Яғни, әр елден үйрену керек сөздерді үйреніп жүрмін.

Ғаламтор пен қосымшаның көмегі

Әр саяхаттың алдында 2-3 ай бұрын дайындалып, баратын мемлекетті толық зерттеймін. Ғаламтордан бүкіл ақпаратты қарап, түбіне дейін қопарып, ең тиімді, ең жақсы жерлерді іздеймін. Оған қоса, саяхат кезінде телефоныма керек қосымшаны жүктеп алып, солардың көмегіне жүгінемін. Santufei – ұшаққа ең төмен комиссиямен авиабилеттер ұсынса, Booking – баратын елдегі қонақ үйлерді тауып береді. Google translate – шет тілдерін білмейтіндер үшін интернетсіз оффлайн режимде де жұмыс істейді. Maps.me – қай жерге қалай тиімді жетудің жолын ұсынады. Around.me. – жақын маңдағы дәмхана, мейрамхана, дәріхана, кітапхана сияқты орындарды көрсетеді. Guide қосымшасынан баратын ел туралы пікірлерді оқып, толық ақпарат алып, қанша ақша кететіндігі туралы да мәлімет ала аласыз. Currency converter – ақша ауыстырып, сол сәттегі валюта бағамын анықтауға көмектеседі. Ең бастысы – ерінбей іздену. Әйтпесе, менің жанымда барлығын білетін, саяхатшылар жүрмейді.

Сұлулықты көзбен көру – бір бақыт

Қаншама жол жүру, сан алуан ландшафттар, терең мұхиттар, асқар таулар, ұшы-қиыры жоқ далаларды көрген кездегі сезімімді жеткізу мүмкін емес. Оларға қараған сайын, кейбір мәселелердің түкке тұрғысыз екенін, асқан сұлулықты көзбен көрудің өзі бақыт екенін сезінемін. Бұрын ең әсем жерлерді көріп, ерекше толқитынмын. Қазір эмоцияларым бәсеңсіп келеді. Десе де, сұлу табиғатты көргенде үлкен ойға шомып, өмірге одан сайын ғашық бола түсемін. Осындай әлемнің бір бөлшегі болып, керемет жерді басып жүрудің өзі жеңіс, жетістік деп білемін.

Қазақ жастарымен саяхаттау жобасы

Саяxат туралы инстаграмда бірнеше жылдан бері жазып жүрмін. Маған оқырмандарым «Сізбен бірге саяxаттағымыз келеді» деген толассыз пікірлер қалдырады. Олар саяхатқа өздері шығуға қорқып, жол білмейтінін алға тартады. Осыларды ескере отырып, авторлық турымды ашып, адамдарды өзіммен бірге ертіп барамын шештім. Бұйырса, маусым айында екі елге саяxаттауды жоспарлап отырмыз.

Қай жерде де адамгершілік сәнді

Әлемнің қай түкіпірінде өмір сүрмесін, қай дінді ұстанбасын, барлығы жақсы өмір сүру үшін күресіп жүрген жандар. Қай қайсысына да өзіміз дұрыс қарым-қатынас жасасақ, олар да соған сәйкес, ұлтымызды алаламай жауап қатады. Жалпы, ұлтқа қатысты пікірлерге келсек, Үндістанда алаяқтар көп, Италия халқы өте эмоционалды, айқайлап сөйлейді деген тұстары бар. Кейде ұлт ішінде жеке адамдарға тән мінез-құлық, қасиеттер болуы мүмкін.

Саяхаттау байдың ғана ермегі емес

Қай еңбек жолындағы адам болмасын, тіпті бүкіл өмірі саяхаттан тұрса да баспанасы болуы қажет. Оралда ата-анам пәтерді жалға беретін. Сонда әртүрлі, тіпті, 60-70 жастағы кісілер де пәтер жалдап тұратын. Олар аз ақшаның өзін әрең төлейтін. Мұндай жандар саяхаттауды қайдан ойласын?! Сол үшін баспанасыз адам баспаналы болуға барынша әрекет етсе, ал баспанасы бар адам өзін қай жағынан да дамытып, ақша тауып, қыдырып, саяхаттаса екен деймін. Көпшілік саяxаттауды байлардың ғана ермегі деп түсінеді. Алайда, амалын тапса, аз қаражатпен де саяxаттауға болады. Ел мен жер аралаудың кез келген адамға берері мол. Сондықтан, несиеге тон, алтын алғанша, саяxаттауды ойласақ, өзіміз үшін анағұрлым пайдалы болар еді.