СұқбатСыр-сұқбат

Гүлвира ИБРАЕВА: Менің қолымнан келді, сіздің де қолыңыздан келеді!

Гүлвира өзін өз қолымен қашап жасаған адам десек қателеспейміз.Талай қиындықтан өтті. Алайда, өткеннің бәрін бүгін күліп еске алып, сұқбат берді. Өзінің, кейін мыңдаған келіншектің өмір сапасын жақсартуға үлес қосқан, еліміздегі үздік диетолог, блогер Гүлвира Ибраеваның сөзі талайға ой салады деп сенеміз.  

«Әлеуметтік желіде белсенді бола бастаған кезде, туыстарым да, оқырмандар арасынан да кері пікір айтқандар табылды. Алайда, мен өзім көмектесіп, артық салмағынан арылуына себепкер болып жатқан, «Тағы да көрсетіңізші, бізге керек» деген шалғайдағы қыз-келіншектерді ойладым. Сол маған күш беріп, тоқтамадым. Керітартпа сөзге мән берсем, бұл сұқбат болмас еді», – дейді біздің кейіпкер.

С: Гүлвира ханым, біз тамақтану кезінде қандай қателіктерге бой алдырамыз?

Г.И: Көп адамның жіберетін қателігі – таңғы ас ішпеу және кешкісін көбірек тамақ жеп қою. Осының барлығын керісінше жасайтын болса, яғни, таңғы асты тойып ішіп, кешкі асты азайтса денсаулық әлдеқайда жақсы болар еді.

С: Білуімше, сіз де кезінде осы артық салмақпен күрескен екенсіз. 8 айда 24 келіден арылудың құпиясын сізден сұрасақ?

Г.И: Иә, бұл менің осыдан 2 жыл бұрын басымнан өткен оқиға. Қарапайым келіншек болғандықтан арықтау мақсатында диетолог маманның көмегіне жүгінуге мүмкіндігім болған жоқ. Шынымды айтсам, артық ақшам болмады. Дұрыс тамақтанып, арықтау үшін өте көп ақша, фитнеске бару керек шығар деп ойладым. Бірақ олай емес екен. Кейін түсіне бастадым, тиын тұратын, үйде бар заттармен арықтауға болады екен. Осыған көзімді жеткізгеніме әлі күнге дейін қуанамын. 2,5 жылдан бері осыны басқа қыз-келіншектерге айтып келемін.

С: Әдістемеңіздің қандай ерекшелігі бар?

Г.И: Ең қарапайым, тиын тұратын тәсіліміз – ағзаны тазалау тәсілі. 20 жастан кейін адам ағзасында қалдық пен токсин жинала береді екен. Біраз уақыт өткен соң іш қату мәселесі туындайды. Әсіресе, өмірге бала алып келгеннен кейін барлық қыз-келіншектерде кездеседі. Ғаламторды ақтарып, ағзаны тазалайтын көп тәсілді көрдім. Көбі ақша қажет етеді. Ең арзан түрі – күрішпен тазалану. Бұл – тибеттік әдіс. Өзім жылына екі рет жасаймын. Кешкісін бір ас қасық күрішті жуып, суға салып түнімен қоясыз. Оны таңертең ашқарынға шикі күйінде жейсіз. Түнімен суда тұрған күріштің құрамында бос радикалдар пайда болып, жұмсарып, түсі ағарады. 30 күн жасау қажет. Осы әдістің көмегімен 4 килограмм салмақ тастап, ағзам, бетім тазарып, шашымның майы кетті. Осыдан кейін, үйде, ешқайда бармай-ақ өзімді жинақтай алады екенмін деген сенімділік пайда болды.

С: Өткізетін марафоныңыздағы ақпараттың бір бөлігін біздің журнал оқырмандарымен бөлісе аласыз ба?

Г.И: Әрине! Ертеңнен бастап өзгеремін деп, ұйқыға жатарда түрлі жоспар құрамыз. Ертесі зіл басып, шаршап оянамыз. Сондықтан, таңертең тұрған кезде ұйқыны ашып, сергітетін әдіспен бөліспекпін. Бірінші, құлақты уқалау, екінші басыңызға, үшінші тұла бойға лимфодренаж массажын жасау. Осы үш әдіс марафонымдағы қыздардың алға қарай жүруіне көмектесіп келеді. Не үшін бірінші құлақты уқалаймыз? Құлақ көздің, мидың жанында орналасқан. Оны уқалаған кезде ұйқымыз шайдай ашылады. Таңертең оятқыштың дауысын естіп, төсектен тұруға ерініп жатқан кезде дәл осы әдісті жасап көріңіз, көмектеседі. Өзім әлі күнге дейін қолданамын. Тіпті, бұл кішкентай баланы оятқан кезде де жақсы көмектеседі.

Оған қоса, қазір қыз-келіншектерде іштің шығып кету мәселесі бірінші орында. Міне, көктем! Алда жаз келе жатыр. Дәл бүгін бастайтын болса, жазда керемет нәтиже көруге болатын дүние туралы айтқым келеді. Бұл – өзім айналысып жүрген ваккум жаттығуы. Ешқандай қиындығы жоқ. Ол үшін таңертең ерте тұрып, бес минутыңызды арнайсыз. Ваккум жаттығуы арқылы өсіп кеткен ішті орнына келтіреді. Жатырдың төмен түсуі, кіші дәретті ұстай алмау 40-тан асқан әйелдерде жиі кездеседі. Осы кезеңде ваккум жаттығуының пайдасы өте зор.

Ваккум жаттығуын күнделікті жасайтын болсаңыз, қимылсыз тұрған ішіңізге жан бітіп, табиғи қалпына келеді. Босанғаннан кейін 5 жыл бойы шығып тұрған ішті осы арқылы 8 айда жинадым. Мен істей алғаннан кейін, басқа әйелдер де істей алады деген сенімім бар. Соңғы жарты жылда осы жаттығуды қолға алып, қыз-келіншектерге үйретуге кірістім.

С: Қатысушыларыңыз қаншалықты тез нәтижеге жетеді?

Г.И: Марафонға қатысушылардың арасынан шымкенттік Нұрсұлу есімді келіншек әлі күнге дейін хабарласып тұрады. 125 килограмм болған, қазір 78 килограмм. 7 айдың ішінде осындай нәтижеге жетті.

С: Сіз әрбір қатысушыңызға жеке мәзір дайындап бересіз бе?

Г.И: Иә. Ол үшін алдын-ала анкета аламын. Қайда тұратынын, көбіне қандай тағамдар қолданатынын білген соң, соған сай ас мәзірін құрастырып беремін. «Не істеймін?» деп абдырап қалмайды. «Дұрыс тамақтану қымбат. Менің оған ақшам жоқ» дейтіндерге: «Жоқ! Қымбат емес. Үйдегі бар заттарды уақытылы, нормасынан асырмай тұтыну арқылы арықтауға болады»,-деп жауап беремін.

С: Осы уақытқа дейін 12 мыңдай қыз-келіншекке кеңес беріпсіз. Аудиторияңыз бірыңғай қазақ әйелдері. 2,5 жыл ішінде не байқадыңыз, не түйдіңіз?

Г.И: Марафоныма қосымша психолог маман алу керек пе екен деп ойлаймын. Түсінгенім, біздің қыз-келіншектерге психологиялық қолдау жетпейді. Біздің менталитеттің өзі қыздарды солай тәрбиелеген. «Сен әйелсің! Сен анасың! Сен барлығын жасауың керек»,-деп жалғаса береді. Осылайша, біз өміріміздің әрбір сағатын 200% басқа адамдарға арнаймыз. Керісінше, әйел өзін бірінші орынға қоятын болса, жан-жағындағы адамдардың қарым-қатынасы өзгереді екен. Өзім осыны бастан кешіріп, барлығынан аттап «тек мен және мен» деп өзімді бірінші орынға қойып көрдім. Басында тәжірибе ретінде байқадым, бірақ бұл тәжірибе қазір менің өмірлік ұстанымыма айналды.

«Мен және мен» деп өзіңді бірінші орынға қоюды тәкаппарлықпен шатастырмау керек. Елден бұрын тұрып, таңғы уақытты өзімізге арнау. Ерте тұрып сиыр сауу, май шайқау өзімізге арналған уақыт емес. Өзіңмен-өзің қалып, басыңызға, денеңізге массаж, 10-15 минут сергіту жаттығуларын жасап, таза су ішесіз. Осылай бір ай үзбей істеген соң тағы да жүктемелер қосасыз. Сонда ішкі дүниеңіз мықты болады. Міне, осылай мен өзімді бірінші орынға қойдым. Содан кейін барып, басқаларды ойлап, олардың таңғы асын дайындап, әрі қарай өмір жалғаса береді.

С: «Семіздік ажырасуға алып келеді»,-дегенді жиі айтасыз. Не үшін? Әлде бұл марафоныңызды өткізудің бір әдісі ме?

Г.И: Жоқ! Диетолог, блогер боламын деген мақсат та, арман да болған емес. Бұл парақшаны ашып, өзіме пайдасы тиген кеңестерді жаза бастаған кезде мен отбасымыздағы қиын кезеңді жеңіп шыққан едім. Бойымда сенімділік пайда бола бастаған еді. Ажырасқан еркектермен сөйлескен кезде олардың көбі «Әйелім өз-өзіне қарамайды» деп айтады деген ақпаратты оқып қалдым. «Тек менің ғана жолдасым емес, бұл басқаларда да бар екен»,-деген ой келді. Себебі, өзім де нақты осы ажырасумен бетпе-бет келген кезде ғана миыма «өзіңді жинақта» деген дабыл барған.

С: Арықтататын шай, дәрілерден зардап шегіп алдыңызға келгендер болды ма?

Г.И: Өте көп, өкінішке қарай. Кезінде өзім де зардап шеккенмін. Арықтаймын деп не істемедім?! Өз ағзамызды тыңдап үйренген дұрыс екен. Түйсігіме сенем бе, сенбеймін бе деп жүрдім. Өзімді спортқа жақын сезінетінмін. Бірақ, дәрігерлер маған ешқандай спортпен айналысуға болмайды деген. Өйткені, бар-жоғы 27 жасымда денсаулығымды әбден құртқанмын. Бала тууға, артық қимыл жасауға тыйым салып тастаған еді. Бірақ, ішкі жан дүнием «Жоқ! Жаса!» деп тұрғандай. Содан, жаттығудың оңай түрлерін істей жүріп өзімнің жасарып қалғанымды сездім. Сондықтан, ештеңеден қорықпай, ешкімді тыңдамай, өз тәніңді тыңдасаң ол сені адастырмайды.

С: Таяуда «Үздік диетолог» номинациясына ие болдыңыз. Бұл жетістікке жету қиын болмады ма?

Г.И: Бұл мен үшін күтпеген жағдай. Әдеттегідей, әлеуметтік желіде отырған кезде «Сіз үздік диетолог номинациясы бойынша номинантсыз» деген мазмұндағы хат алдым. Парақшасына кіріп көрсем, барлығы ағылшынша жазылған. Бұлар кімдер, не парақша деп ұйымдастырушысын іздей бастадым, ақыры таппадым. Аяғына дейін сенген жоқпын. Ол жерде дауыс беру тек әлеуметтік желі арқылы ғана жүргізілген. Осы орайда мені қолдап, дауыс берген оқырмандарыма айтар алғысым шексіз. Олар болмаса, мен бұл жеңіске жетпес едім. Содан ұйымдастырушылар: «Алматыға келіңіз, сізге сыйлық беріледі»,- деп хабарласты. Жалғыз бардым. Бәрі өте жоғары деңгейде дайындалған. Басқа әлемге түсіп кеткендей болдым. Маған керемет мотивация сыйлады. Ұйымдастырушылар да, қатысып жатқан басқа блогерлер де орыс тілді еді. Бір қызығы, қазақша жазатындардан мен ғана. Үйде отырған қарапайым келіншек! Аккаунтымды кім берді, әлі күнге дейін жұмбақ. Бар шындық осы.

С: Сіз қазіргі Гүлвираны өз қолыңызбен қашап шықтыңыз. Кезінде «ажырасамыз» деген жолдасыңыз өзгерісіңізді қалай қабылдады?

Г.И: Алғашқы 10 мың оқырманымды жинағанша жолдасым парақша жүргізетінімді білген жоқ. Сол кезде ғана: «Мынаны қарашы, мен адамдарға керек екенмін»,-деп көрсеттім. Басында түсінген жоқ. Кейін өзі де маған жазылып, көптің жазған пікірін қарап отырады. Ол кісі орыстілді, қазақша жазғандарды түсінбесе де, смайликтерден жақсы лебіз айтып жатқанын біліп: «Саған бәрі рахмет айтып жатыр»,-деп қуанғаны есімде. Егер осы істі бастайын деп жатқан кезде айтатын болсам, ол маған бұрынғыша «ештеңе істемей-ақ, үйде отыршы» деп айтар ме еді?! Өйткені, қолымнан бірнәрсе келіп, жетістігімді көрсеткен емеспін, шынымды айтсам. Қанша рет «Арықтаймын, болды» деп ақшасын құртып, арықтамай жүретінмін. Осы кісіге бір нәрсе дәлелдеуім керек деп, үндемей кірісіп кеттім.

 С: Қазір сіздің дәл осылай жетістікке жетуіңізге жолдасыңыздың ықпалы көп болған секілді…

Г.И: Бір кездері 90 килограмм болып кеттім, үнемі ашуланып жүремін. Ол кезде екі балам бар. Екеуіне ұрыса беретінмін. Жолдасым сыртқа кетіп бара жатса: «Менің де бір жаққа барғым келеді, алып шықшы. Сен мені жақсы көрмейсің. Менімен әйелің сияқты сөйлеспейсің»,-десем жолдасым: «Сен өзіңді өзің жақсы көрмейсің. Сонда менің жақсы көргенімді қалайсың ба?»,-дегені бар. Ол тік мінезді адам. Мынаны естігеннен естіменген жақсы еді деп жаман күйге түстім. Ол кездері жылайтынмын. Қазір күліп еске алып отырмын. Сол күні «Қой, Гүлвира, осылай жүре берсең, бәрінен айрылатын түрің бар»,-деп нақты мақсат қойып, жинақталып, тек алға жүріп келемін.

Одан кейін өз басыма пайдасын тигізген ақпаратты әлеуметтік желіде бөлісетін болдым. Бос уақытымның көбін желідегі оқырмандарыма жіберетінмін. Жаным ашып анаған да, мынаған да түсіндіремін. Бір күні қарасам, үйім жиналмайды, екінші күні кірім жуылмайды. Өзім де, жолдасым да байқай бастады. Содан ол кісі: «Тыңда! Не сен оқырмандарыңа тамақ бер, не бізге тамақ бер. Саған соның қажеті бар ма, жоқ па өзі»,-деді. Ол кезде қазіргідей марафон ұйымдастыру, қаржылық сауаттылық дегенді түсінбеймін. Бар ойым мен сияқты қыздар өздерін жеңсе, артық салмақтан арылғаннан кейінгі бақыттың дәмін татса деген ниет болды. Алайда, отбасым, үйдегі шаруам ақсай бастады. Содан ең алғаш рет ақылы түрде марафон ұйымдастырдым.

С: Бағанадан бері әңгімелесіп отырмыз. Байқаймын, бойыңызда табандылық бар. Бұл жерде ата-анаңыздың берген тәрбиесін ысырып кете алмайтын секілдіміз..

Г.И: Білесіз бе, мен осы жайлы бір психолог ханыммен сөйлескенмін. Әңгімемді тыңдап отырып: «Үйіңнің кенжесісің бе?» – деп сұрады. Рас, мен үйдің кенжесімін. Бала күнімде мамам мен папамды үнемі сағынып өткенмін. Міне, оларға қолым жетті дегенде басқа жаққа кетіп қалады. Жұмыстары сондай еді, мен жандарында болмадым. Психолог ханым: «Осылай істеуім керек. Сол кезде мені ата-анам елейді. Көңіл бөледі. Мені көреді»,-деген оймен тәрбиеленгенсің»,- деп еді. Ойланып қарасам, шын мәнісінде, солай. Бала күнімде ата-анамның назары сәл жетіспегеннен шығар, «бәріне шыдаймын, бәрін жеңемін, қайтсем де анамның көңілін маған бұруым керек» деп, осындай табанды мінез қалыптасқан. Есесіне, қазір пайдасын көріп отырмын. Әр істің соңында бір жақсылық бар.

С: Қарапайымдылығыңызға, табандылығыңызға тәнтімін. Сұқбатыңызға көп рахмет!