Сырласу қонағы

Әйгерім Ілиясова: Әйел табиғаты сұлулыққа ұмтылады

Әйгерім Ринатқызы Ілиясова – дерматокосметолог, лазеролог. Бүгінгі санымызда сұлулық саласында он жылдық еңбек өтілі бар Әйгерім Ринатқызы косметологиядағы қызметі мен сұраныстағы сұлулық процедуралары жайында ой бөлісті.

 

– Әйгерім ханым, сұхбатымызды сұлулық саласына келуіңізбен бастасақ.

Ә.І: Алғаш еңбек жолымды жалпы тәжірибелі дәрігер, терапевт ретінде бастадым. Адам өміріне араша түсетін мамандыққа жайдан жай келмедім, себебі біз отбасымызбен дәрігерлер династиясымыз. Өз өмірлерін медицинаға арнаған жақындарыма қарап бой түзеп, медициналық жоғары оқу орнына түсіп, кардиоревматолог, терапевт ретінде білім  алдым. Дейтұрғанмен, өмірде ойламаған жайттар орын алып жатады. Арманымнан алыстап, бағытымды басқа арнаға бұруға тура келді.

Өз басым медицина саласында кәсіби жетістіктерге жетуді көздедім. Сол жолда қаншама ұйқысыз түндер өтті. Десек те, еңбегім ақтала қоймады.

Еліміздегі медицинаны ғылым арқылы дамыту да жоспарымда болған. Бірақ бұл Қазақстанның 10 жыл бұрынғы медициналық жағдайында тіптен мүмкін емес еді. Жалақының аздығы, материалдық жағдай да алаңдатқанын мойындаймын. Бұл – қазіргі таңда көп дәрігерлерді толғандыратын мәселе. Жаңа салаға ауысуға түрткі болған тағы бір жайт, Қазақстандағы медицинаның келешегін, алға басуын көрмегендігім еді. Осылардың барлығын салмақтап, сарапқа салғаннан кейін сұлулық саласына, яғни, косметологияға ауысуға белді бекем будым. Сөйтіп, дерматовенеролог, дерматокосметолог ретінде қайта біліктілігімді арттырдым.

Қызметімді дәрігер ретінде бастағандықтан, жаңа жұмыс алғашқыда психоэмоционалды тұрғыдан қиын соққаны рас. Қазір етім үйренді. Бүгінде өз жолымды тауып, тек алға жүріп келемін. Сұлулық саласының басы-қасында жүргеніме он жылдан аса уақыт өтті. Әйел затының табиғаты сұлулыққа ұмтылатындықтан, косметологияның нәзік жандыларға ұнамауы мүмкін емес деп ойлаймын. Жаңа қызметімде табысым мен мүмкіндігім тек өзіме байланысты екендігі қуантады.

– Бүгінгі таңда клиникаларыңызда қандай сұлулық процедуралары сұранысқа ие?

Ә.І: Жарты жыл бұрын әріптестеріммен бірігіп, су жаңа сұлулық клиникасын аштық. Клиникамызда сұраныстағы сұлулық процедураларының барлығы, яғни күтім процедураларынан бастап, мезотерапия (әжімдерге қарсы инъекциялық процедура), толық операциялық қызмет түрлері де көрсетіледі. Мұның бәрі терапиялық косметологияға қатысты. Операциялық процедураларға, ең алдымен, безеу аурулары, хроникалық қартаю және т.с.с дендеген дерт түрлері жатады.

Клиникамызда косметологиялық, терапиялық қызмет түрлерінің барлық спектрі қамтылған. Қазіргі сұлулық эталонында ерінді үлкейту сәнге айналғандықтан, бүгінгі таңда клиникамызда сұранысқа ие процедура ерін контурын жасау болып табылады. Бұған көбінесе жас қыздар жүгінеді. Томпақ ерінді жасау барысында ерінге гиалурон қышқылын егеміз. Айта кететін жайт, процедура кезінде ерін анатомиясын өзгертпейміз, тек оның пішінін жақсартамыз. Ерін пішінін өзгертпес бұрын, алдымен пациенттің денсаулығын толық тексеруден өткіземіз.

 

– Әйгерім ханым, әңгіме төркінін жиі кездесетін тері ауруларына қарай бұрсақ. Көмегіңізге көбіне-көп қандай аурулармен жүгінеді?

Ә.І: 12 жастан бастап қыз балалар да, ұл балалар да безеуден зардап шегеді.

Ең жас емделушімнің жасы 11-де ғана. Баланың терісі безеуге бейім болғандықтан, анасы клиникамызға көмек қолын созуымызды өтініп келген еді. Жұбайы безеу ауруының асқынған түрінен азап шеккендіктен, бет кемшілігінің бұл түрі баласында да қайталанама деген қорқыныш билеген. Дерттің алдын алу үшін ата-анасының рұқсатымен, күтім процедурасын ерте тағайындадық.

Жалпы безеу белгілері байқалса, бет күтімін ерте бастау міндеттеледі. Жасөспірімдер, ең алдымен, бетті дұрыс жуу ережесін білуі керек, бұл бетке крем жағу әдісімен шектелмеуі тиіс. Өз басым мұндай тәсілді құптамаймын.

Бет терісіндегі проблемалар адамның ағзасына әрі тері типіне байланысты болады. «Тері генотипі», «тері фенотипі» деген ұғымдар бар. Жалпы тері майлы, аралас және құрғақ болып бөлінеді. Менің ойымша, бет терісіне әсер ететін фактор, ең алдымен, генетика. Егер генетикаңыз жақсы болса, онда қорқынышқа бой алдырудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайда барлық агрессивті факторлар мейлінше аз әсер етеді. Ал егер терінің генетикалық жағдайы нашар болса, оған әсер етуші экология, тамақтану жүйесі, жүйке кернеуі сияқты ілеспе факторлар теріні одан сайын нашарлата түседі.

Қызметіме түрлі жас аралығындағы адамдар жүгінеді. Солардың арасында терінің іріңді ауруларына шалдыққан жастар жағы басымырақ. Тері құрылымы мен тері түсі бұзылған науқастар лазеролог ретінде қол ұшын созып, ем-шара қолдануымды өтініп келеді. Өз басым әр түрлі санаттағы науқастарды қабылдауға тырысамын.

 

– Сіздің ойыңызша, тән сұлулығының шебері қандай болу керек?

Ә.І: Көп косметологтар ақшаны ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп табуды құп көреді. Маман ретінде жауапкершілікті мойныңа алып, тынбай еңбек ететіндер саусақпен санарлықтай. Ал мен жұмысымды қашан да жоғары қоямын. Өз ісімді сүйемін, қолдан келгенше тер төгіп, еңбегімнің жемісін көруді қалаймын. Әркез түрлі идеяларды қолға алып, кәсібімді әртараптандыруға тырысып келемін. Адам қалай еңбек етсе, солай бағаланады деп ойлаймын.

 

– Бет терісін күтуде нені ескерген жөн? Косметолог ретінде қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

Ә.І: Тері жағдайы жақсы болса бетті жақсылап жуып, тоникпен тазалау жеткілікті. Күтім бет терісінің аурулары туындағанда ғана қажет. Жалпы біз тері проблемаларын тексерістен өткізгеннен кейін ғана анықтаймыз. Әдетте ол – бетті дұрыс жуу, тері тонизациясы, тері типіне сәйкес крем, косметологпен кеңес және т.б. күтім шаралары болып табылады.

Ұзақ уақыт бойы бетін сабынмен жуса да, бет терісінде еш кемістік білінбейтін жандар бар. Сондай-ақ, толық күтім тәртібін орындап, қадағаласа да, мінсіз теріге ие бола алмайтын емделушілер де жоқ емес. Оларға әркез бетке ерекше күтім жасауға тура келеді.

– Әйгерім ханым, Қазақстандағы косметологияның дамуына көңіліңіз тола ма? 

Ә.І: «Елімізде косметология саласы қарқынды дамуда» деп ауыз толтырып айтуға болады. Жалпы ТМД елдеріндегі сұлулық саласының даму деңгейі жаман емес. Себебі мұнда жоғары бәсекелестік байқалады. Бүгінгі күні дамыған елдердің косметолог-дәрігерлерінен алда болмасақ, артта қалмадық.

Қазақстандағы косметологиялық қызметтердің қолжетімділігі қыз-келіншектердің қалтасына да қатты салмақ түсірмейді. Клиникамызға шет мемлекеттерден келіп, қызметімізге жүгінетін әйел азаматтары да аз емес. Осыдан-ақ, еліміздегі сұлулық саласы жоғары деңгейде екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізуге болады.