вайнер
СұқбатСырласу қонағы

Гүлира Байботаева: Вайнер үшін вайн – мотивация!

«Сырласудың» бүгінгі қонағы – Отандық танымал вайнер, блогер әрі ақын Гүлира Қайратқызы. Гүлира Байботаева – «Үздік вайнер-2019-2020» аталымдарының иегері. Көңіліңізді көтеретін вайнер ару бұл санымызда вайн өмірін қалай өзгерткендігін әрі дәл осы саланың қыр-сыры жайында әңгіме өрбітіп, журнал оқырмандарымен бөлісуді шешті.

«Сырласудың» бүгінгі қонағы – Отандық танымал вайнер, блогер әрі ақын Гүлира Қайратқызы. Гүлира Байботаева – «Үздік вайнер-2019-2020» аталымдарының иегері. Көңіліңізді көтеретін вайнер ару бұл санымызда вайн өмірін қалай өзгерткендігін әрі дәл осы саланың қыр-сыры жайында әңгіме өрбітіп, журнал оқырмандарымен бөлісуді шешті.

Актерлікке басқан қадамым

Әлеуметтік желілерде қазақ вайнерлері көбейіп кеткені рас. Олардың қатарына мен де қосылдым. Адамның көңілін көтеріп, жүзіңе күлкі сыйлайтын вайнерлікке алғаш келуіме езу тарттырар видеоларға деген қызығушылық себеп болған еді.

Бір күні «Бәлкім, мен де вайн түсіріп көрермін» деген ой басыма сап етті. Ой келген соң, оны орындауға бекіндім. Сөйтіп, күлкілі, әзіл-шыны аралас видеолар түсіре бастадым. Түсірген вайндарымды әлеуметтік желілерге монтаждап салдым. Видеолар көпшілікке қызық болса керек, бәрі қолпаштап, қолдай кетті. Вайндарымның астында желі белсенділері «Тағы да осындай вайн түсіруіңізді сұраймыз. Керемет ойнайсыз. Әбден күлкіге қарық қылдыңыз, рахмет сізге!»,- деген пікірлерін жиі қалдырып отырды.

Мұндай қолдаудан кейін адам одан сайын шабыттана түспей ме?! Көрерменге ұнап, көптің көңілінен шыққан соң, өзім де қолға алған дүниемді тоқтатпай, жалғастыруға бел будым. Осылайша, вайн түсіруді әдетке айналдырдым. Жалпы вайн авторы болу кез келген адамның қолынан келеді деп ойлаймын. Түсірілім үшін кәсіби техника мен жарық көзі талап етілмейді. Вайнерлер өз бетінше видеожазба түсіріп, оларды монтаждап, басқалармен бөлісе алады. Вайнерлерге қажет негізгі қасиеттер: позитивті ойлау мен көңілді болу.

Сұраныста – пародия

Вайнерлер вайнды түрлі мақсатта түсіреді. Бірі «Атың шықпаса, жер өрте» деген аталы сөздің аясында тезірек танымал болуға ұмтылса, ал екіншісі бос уақытында айналысатын хобби ретінде қарастырады. Оның бәрі адамның өз сана-сезіміне байланысты. Мен екіншілердің қатарынанмын. Себебі, вайн түсіруді үйде отырып, зерігіп кеткенде бастағаным көпке аян. Көпшілік қолдауы мен бойымдағы талантты көре білген жұртымның сүйіспеншілігі мені алға жетелеп келеді. Видеоларым пабликтер мен ватсап желілерінде де кеңінен таралуда. Себебі, вайн бейнероликтері қазақстандық ғаламтор тұтынушылардың арасында нағыз қызығушылыққа ие. Осылайша, вайн мен үшін үлкен мотивацияға айналды.

Вайн түсіруге идея қоғамдағы адамдарды, күнделікті күйбең тіршілікті бақылау арқылы келеді. Өйткені, әртүрлі өмірлік жағдайлар негізінде жасалған пародия вайн арасында танымалырақ. Шабытым түнгі уақытта оянып, түнделетіп сценарий жазамын. Оның өзін жеті рет өлшеп, бір рет кесуге тура келетін сәттер болады. Сценарийге де мұқияттылық пен сабырлық керек.
Елімізде плагиат деген дүние белең алған. Өз басым әр вайнер ұрлық атаулының осындай үлгісінен аулақ болса екен деймін. Яғни, өзгенің нанын тартып алмай, өз ойлау қабілетіңді дамытып, фантазияңды қосып, мағыналы, өмірде орын алған шынайы оқиғаларды түсіруге кеңес берер едім. Өз ойыңыздан шыққан дүниеге ештеңе жетпейді.

Вайндарымның енеме қатысы жоқ

Көпшілік мені ене рөлін сомдаушы кейіпкер ретінде немесе «Абысындар» көп сериялы вайны арқылы жақсы таниды. Осы ретте айта кететін жайт, менің бейнероликтеріме енемнің мүлде қатысы жоқ. Келін ретінде өз енемді сыйлаймын, құрметтеймін. Екінші анамды вайн арқылы сынау, келемеж, мазақ ету ойымда да болмаған. Тек ене мен келін арасындағы вайндар жақсы қаралым жинайтындықтан ғана осындай бейнероликтер түсіруді қолға алдым. Енеме де ол кісінің менің жасап жүрген вайндарыма еш қатысының жоқтығын түсіндіремін. Ол кісі де түсінеді. Еш қарсы болған емес. Осындай шектеу болмағандығына ризамын. Дегенмен енем түсінсе де, ел түсінбейді. Кейде жұрт мені мақтап, жоғары көтерсе, кейде «Енеңді неге жамандайсың?» деген теріс пікірлерімен төменге түсіреді. Бұл орынсыз сөгіс. Себебі, мен енемді ешқашан мазақ еткен емеспін!

Вайнерлікпен қатар ақындықта да бар

Асыл анам, ардақты әкем – жұмағым,
Солар жайнап, жымиса деп тұрамын.
Әке-шешем ең қымбаттым мен үшін,
Аман жүрсін, бір алладан сұрарым, -деп екінші сыныптан бастап өлең жазамын. Себебі, жыр жазу – қанда бар қасиет. Анам Шолпан да, атам Құдайберген де – ақын жандар. Әкем жақта да, нағашы жұртымның арасында да жыр иелері баршылық. Ақ сүт беріп өсірген анам бала кезінен бастап газет беттеріне өлең жазған екен. Сол қасиет менде де қалыптасқан. Кейде тапсырысқа өлең жазамын. Бір айда 4-5 адамнан тапсырыс түседі. Кейде одан да көп болуы мүмкін. Вайн түсіріп, әртістік қабілетімді дамытып жүргенде үлгермей жататын да кездерім болады. Ал жалпы өлеңім – менің екінші өмірім.