бала тәрбиесіндегі 6 стиль
Бала тәрбиесіОтбасы

Бала тәрбиелеуде ата-ана ұстанатын 6 стиль

Бала тәрбиесіндегі 6 стиль бар. Бұл ғылыми зерттеліп, нәтижесін дәлелденген дүниелер. Отбасылық тәрбие стилі – ата-ананың балаға деген қарым-қатынасы, яғни балаға әсер етудің белгілі бір әдістері мен тәсілдерін қолдану, ауызша қарым-қатынас пен бүлдіршінмен өзара әрекеттесу. Отбасындағы кез келген мәселе баланың жеке басының дамуындағы қолайсыз салдарға, мінез-құлықтағы қиындықтарға әкеліп соғуы мүмкін.

Бүгінгі санымызда отбасылық тәрбие стилінің негізгі 6 түрін қарастыратын боламыз. Олар: авторитарлық, либералды-рұқсат етуші, демократиялық, хаотикалық, алшақтату және гиперқамқоршылық.

Бала тәрбиесіндегі 6 стильдің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар және олар баланың жүйке жүйесі мен жеке дамуына да әр түрлі әсер етеді.

Авторитарлық стиль

Аталмыш тәрбие стилінде ата-аналар баланың ынта-жігерін басады, оның әрекет-қылықтарын қатаң басқарады әрі бақылауда ұстайды.

Тәрбиелеу барысында баланың шала ісіне бола физикалық жазаларды қолданады: мәжбүрлеу, айқайлау, тыйым салу дегендей. Осылайша балалар ата-аналық махаббаттан, мейірімділіктен, қамқорлықтан, жанашырлықтан мақұрым қалады.

Мұндай ата-аналар баланың мойынсұнғыш және айтқанға көнгіш болып өсуін қадағалайды. Алайда балалар өздеріне сенімсіз, жасқаншақ, психикасына зақым келген әрі өзін-өзі қорғай алмайтын, тіпті, керісінше, агрессивті, авторитарлы, жанжалға жаны құмар болып өседі. Балалар өзін-өзі қорғау үшін әртүрлі амалдарды қолдануы мүмкін. Мысалы: жылау, дәрменсіздіктерін көрсету және т.б.

Мұндай бүлдіршіндер ата-ана алдында тыныш әрі ақылды болып көрінуі мүмкін, бірақ әке-шешесінің жаза қолданбайтындығын білгеннен кейін қайтадан жүгенсіз кетеді.

Либералды-рұқсат етуші стиль

Мұндай стильдегі баламен қарым-қатынас жүгенсіздікке және төмен тәртіп принципіне негізделеді.

Өзін-өзі таныту мақсатында бала қыңырлыққа салады: «Бер!», «Маған!», «Мен қалаймын!» деп талап етеді, наразылық көрсетіп, ренжиді. Бүлдіршін «Қажет!», «Болмайды!» деген сөздерді түсінбейді, үлкендердің нұсқаулары мен талаптарын орындаудан бас тартады.

Либералды ата-аналар қамқор, мұқият келеді, демек балаларымен тығыз қарым-қатынаста болады. Олар балаға өзін көрсетуге, қабілеттерін танытуға, шығармашылық қырларын әрі даралығын ашуға мүмкіндік сыйлайды. Ата-аналар балаларының осындай тәртіп негізінде «ненің дұрыс», ал «ненің бұрыс» екендігін ажырата біледі деп сенеді. Десе де, кейде нәтиже ата-ана күткендей болмай жатады.

Гиперқамқоршылық стиль

Бұл тәрбие стилі баланы физикалық, психикалық, сондай-ақ әлеуметтік дамудағы еркіндіктен айырады. Ата-ана әр кез бауыр еті баласының қасында болады, олардың мәселелерін шешеді, балалары үшін өмір сүреді. Перзентінің денсаулығына да жиі алаңдап, қамқорлық танытып, пана бола біледі.

Гиперқамқоршылық бала ынтасын, ерік-жігері мен еркіндігін, күш-қуаты мен танымдық белсенділігін басады әрі дербестіктен айырады. Баланы бағыныштылыққа, ынжықтыққа, дәрменсіздікке тәрбиелейді.

Мұндай стильдегі ата-ана тәрбиесі бейсаналы түрде бала бойында түрлі дағдыларды дамытуға, сондай-ақ мақсатқа жетудегі табандылыққа әрі еңбек сүйгіштілікке тежеу салатыны анық.

Алшақтату стилі


Аталмыш стиль ата-ананың баланың жеке басына деген немқұрайлылығын білдіреді. Яғни,

әке мен ана баласын «елемейді», оның дамуына және ішкі рухани әлеміне қызығушылық танытпайды. Өз балаларымен қарым-қатынастан қашады, оларды өздерінен алшақ ұстағанды құп көреді.

Мұндай стиль, көбінесе, тұрмысы нашар отбасыларда, яғни ата-аналардың бірі ащы суға салынып, болмаса есірткі қолданатын жанұяларда кездеседі.

Хаотикалық стиль

Бұл стиль бала тәрбиесіне бірыңғай дәйекті көзқарастың болмауымен сипатталады. Демек, ата-ана тарапынан балаға нақты әрі ашық талаптар қойылмайды. Хаотикалық стиль ата-ана арасында білім беру құралдары мен әдістерін таңдаудағы келіспеушіліктер негізінде пайда болады.

Отбасындағы жанжалдар жиілейді, әке-шеше өзара қарым-қатынасты көп жағдайда балаларының алдында талқылайды, бұл балада невротикалық реакциялардың пайда болуына әкеліп соғады.

Осылайша, ұрыс-керіс, дау-жанжалдың куәсі болып өскен бала тұрақтылық сезімінен айырылады. Бала бойында сенімсіздік, импульсивтілік, алаңдаушылық, ашулаңшақтық, бақылаусыздық, әлеуметтік бейімсіздік қалыптасады.

Демократиялық стиль

Демократиялық тәрбие стилінде ата-аналар баланың әр бастамасына, еркіндігіне қолдау білдіріп отырады. Перзентіне әрқашан көмек беріп, оның қажеттіліктері мен қызығушылықтарын ескереді. Жалпы ата-ана балаға сүйіспеншілік сыйлап, ізгі ниетін білдіреді, бүлдіршінмен қызықты тақырыптар төңірегінде ойнайды.

Сонымен қатар ата-ана балаға отбасылық мәселелерді талқылауға қатысуға мүмкіндік береді және шешім қабылдау кезінде бала пікірін ескереді. Ата-ана баласына біреудің ала жібін аттамауды үйретеді, үлкенге құрмет, ал кішіге ізет көрсетуді де бала бойына сіңіреді.

Осылайша, балада сенімділік пен күш-жігер артады. Мұндай отбасындағы балалар ата-ана ақыл-кеңесіне үнемі құлақ түріп, «қажет» деген сөзді түсінеді, өздерін тәртіпке келтіріп, сыныптастарымен қарым-қатынас орнатуды үйренеді. Сондай-ақ, осындай тәртіп негізінде ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністіктің болуы, жылы сезімдердің көрініс беруі, етене қарым-қатынас пен тұрақты тәртіп байқалады. Ал ата-ана болса, баласына мұқият қарап, оны эмоционалды түрде қолдайды, отбасында махаббат пен қамқорлық атмосферасын жасайды.

Ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік сенім, талқылау, ымыраға келу арқылы жүзеге асады. Әке-шеше әрқашан баласына құлақ асып, қолымен жасағанды мойнымен көтеруге мүмкіндік береді.

Міне, бала тәрбиесіндегі 6 стиль әр отбасында кездесетін жағдайлармен сипатталады. Ал сіз қай стильді ұстанасыз?

Ұқсас мақалалар:

Бала тәрбиесіне кері әсер ететін 10 шектеу

Сын – әлжуаз бала өсіреді

Көп ойыншық бала психологиясына кері әсер етеді