Ақ босаға

Бөлме биіктігін арттырудың 11 тәсілі

Қазіргі таңдағы көп пәтерлердің биіктігі төмен болып келеді. Төбесі көк тіреген биік үйде тұруды қаласаңыз, міндетті түрде басқа үйге көшудің қажеті жоқ. Өйткені дұрыс таңдалған жиһаз, бояу әрі жарық биіктікті көрнекі түрде арттыруға көмектеседі. Бүгінгі санымызда осы тақырыпты басшылыққа ала отырып, журнал оқырмандарына кең кеңістік пен биік төбе жасаудың тиімді шешімдермен бөлісетін боламыз.

Биік емес бөлменің артық тұсы

Биік төбенің де кемшіліктерін дөп басып айта аламыз. Мәселен, биік бөлмелерді жылыту оңай емес, сондықтан ауа айналымына байланысты мәселелер туындауы мүмкін. Мұндай бөлмелерде жақсы дыбыс оқшаулағышты ұйымдастыру да қиынға соғады. Сонымен қатар қабырғалардағы бояу, терезелердегі перделер мен бөлме дизайны екі есе көп шығынға ұшыратады. Төбесі күмбезді әрі биік бөлмеде шам ауыстыру тіпті қиын. Төмен немесе орташа биіктіктегі пәтерлерде шам ауыстыру үшін жай ғана орындыққа тұру жеткілікті. Сондай-ақ мұндай кеңістіктер жылырақ, жайлырақ әрі эргономикалық болып келеді.

Дегенмен айтулы дәйектерге қарамастан бөлме биіктігін арттырғыңыз келсе төмендегі 11 айла-тәсілге назар аударыңыз.

1. Төмен жиһаз

Төбені көрнекі түрде биіктетудің ең оңай жолы – барлық жиһаз бөліктерін еденге «жақындату». Егер терезе сыртынан әдемі пейзаж көрінсе, онда төмен жиһаз бұл көріністі одан сайын жандандырып, ашық әрі жайлы кеңістік сыйлайды.

2. Пердесіз терезе

Егер перде қажеттілігі туындаса, онда терезеге жалюзи орнатуыңызға болады. Бөлмеге қараған уақытта бірден жарыққа деген «тартылысты» байқайсыз. Мұндай әдісті «пейзажбен әрекеттесу» деп те атайды.

3. Аспалы шамсыз төбе

Бөлмеге қараған уақытта көзіңіз тек ашық кеңістікті көретін болады. Бұл тәсіл еркіндік сезімін сыйлау қабілетіне ие. Жергілікті жарықтандыру мүмкіндіктерін белсенді қолдана біліңіз. Мысалы, еден және қабырға шамдары дегендей.

4. Еден шамын ауыстырыңыз

Төбеден шағылысатын жарықты құп көрсеңіз, жарық сәулесі жоғары және төмен бағытталған еден шамдарының үлгілерін іздегеніңіз жөн. Шағылысқан жарық – төбенің биіктігін көрнекі түрде арттыруға таптырмас мүмкіндік, ал бағыттаушы жарық тек кітап оқуға ғана қолайлы жарықты туғызады. Сондай-ақ, ол бөлмеге кеңістік сыйлай алмайды.

5. Тік жолақтарды қолданыңыз

Тік жолақтар бөлмені биік етіп көрсете алады. Бұл әдіс, әсіресе, жуынатын бөлме сияқты тар кеңістікте тиімді болмақ.

Тігінен бағытталған қабырғалық панельдер, сондай-ақ тік жолақты тұсқағаздар төбенің биіктігін көрнекі түрде арттыруға арналған оңтайлы шешім болып табылмақ.

6. Биік есік орнатыңыз

Адамдар арасында биіктікті есік ұзындығы бойымен есептеу әдісі әдет болып қалған. Десе де, төбеге жететін биік есік бөлмені биіктетуге қолайлы.

7. Суреті бар перделерді таңдаңыз

Суреттің назар аудартатындығы әрі көзімізді жоғары көтеруге мәжбүр ететіндігі белгілі. Сол себепті мұндай тәсіл төбенің биіктігін көрнекі түрде арттыруға көмектеседі. Дейтұрғанмен, бұл әдіс интерьердің басқа бөліктерінде де сәндік үлгіде қолданылмаса ғана іске аспақ.

8. Заттарды тігінен орналастырыңыз

Пластиналар мен фотосуреттерден тұратын сөрелер топтамасының жоғары орналасуы маңызды. Олар биіктік иллюзиясын жасайды. Сонымен қатар бірнеше затты алып, еденнен төбеге дейін орналастырсаңыз, қалаған нәтижеге қол жеткізе аласыз.

9. Төбе құрылымын кеңейтіңіз

Пәтердегі төбені көрнекі түрде үлкейтудің ең қарапайым тәсілі – оны іс жүзінде көтеру. Кейбір сәннен қалмаған ескі үйлердің аспалы төбелермен жабдықталғандығын көруге болады. Тек артық нәрсені алып тастаңыз болғаны, бөлме шын мәнінде биік болып көрінеді.

10. Төбеге молдинг қосыңыз

Әдетте қабырға мен төбенің түйіскен жері қабырғаға кең жиекті түсіріп, қалыптаумен жабылады. Ал сіз керісінше жасап көріңіз.

Негізгі декор төбе бойымен жүрсе, ол қабырға жалғасы сияқты болып көрінеді. Нәтижесінде бөлме көрнекі түрде кеңейетін болады.

11. Диагональды сызық сызыңыз

Баспалдақ таяныштары төбені көрнекі түрде көтеріп, еріксіз жоғары қарауға итермелейтінін бұрын-соңды байқадыңыз ба? Оның құпиясы қиғаш сызықтарда жатыр.

Сызылған диагональ немесе диагональды сәндік элемент сіз күткен нәтижені сыйлары сөзсіз.