ДенсаулықСаулық үшін

Ұзақ өмірге қысқа шолу:  30, 40 жаста қандай талдаудан өту керек?

Дүние жүзіндегі жетекші онкологтардың бірі дәрігер Дэвид Агус адамның дені сау әрі қуатты болуы үшін өмірінің түрлі кезеңдерінде өтуі тиіс тексерістерді ұсынған болатын.  

 

 «Мен көптеген ауруларды адамдар кешіктіріп немесе алдын ала алатындығына сенімдімін. Мәселен, жүрек және бүйрек жеткіліксіздігі, инсульт, семіздік, қант диабеті, аутоиммундық аурулар, деменция әрі нейродегенеративті аурулардың алдын алу мақсатында бірнеше тиімді әдеттерді ұстанып, аталған дерттерге әкелетін дүниелерден аулақ болу қажет».

Д.Агус

 

Олай болса, айтулы тақырыпты әрі қарай өрбітіп, адамдар орда бұзар отыз жас пен қамал алар қырық жасқа келгенде басты байлық денсаулықты сақтау үшін қандай талдамалар мен тексерістерден өту керектігі жайлы мәліметтермен бөлісеміз.

30 жаста қандай талдаулар мен тексерістерден өту керек?

Қан қысымы

Соңғы рет өлшегенде қан қысымыңыз нормадан ауытқыған болса, онда жылына бір рет немесе одан да жиі қан қысымын өлшеп тұру керек.

«Аш Холестерин»

Холестерин деңгейін білу үшін аш қарынға қан тапсыру қажет, сонда ғана ол нақты нәтиже береді. Егер өткен талдаудың нәтижелері қалыпты болмаса, бұл тексерісті бес жылда бір рет немесе одан да жиі жасаған жөн.

Тіс саулығы

Жылына бір рет тіс дәрігеріне тексерілу міндетті, сонымен қатар тісіңізді кәсіби түрде тазалатып тұрыңыз. Егер тісіңізде тісжегі секілді мәселелер болса, онда алты ай сайын тіс дәрігеріне қаралып отыру қажет.

Көз саулығы

Офтольмологқа екі жылда бір рет немесе дәрігердің ұсынысы бойынша барыңыз.

Жыныстық саулық

Жыныстық жолмен берілетін ауруларға талдау жасап отырыңыз. Әйел адамдарға жылына бір рет Пап-тест жасап, жатыр мойнын тексеру маңызды.

Екпе

Қайталанатын және жыл сайынғы тұмауға қарсы екпені егіңіз.

Теріні тексеру

Айына бір мәрте тері өзгерісін тексеріп, жылына бір рет дәрігерге қаралыңыз.

Аталық безді тексеру

Айына бір рет, әсіресе тұқым қуалаушылық факторлар болатын болса, тексеруге барып тұрыңыз.

Сүт безін тексеру

Айына бір мәрте, әсіресе отбасылық қауіп факторлары орын алса, өздігіңізден тексерістерден өтіңіз.

Физикалық жүктеме

Жеке жаттығу бағдарламасын жасаңыз, сондай-ақ қадам өлшегішпен күні бойы қозғалыстарыңызды бақылауда ұстаңыз. Осылайша жеке жоспарыңызды жасап аласыз.

Диабет

Егер отбасыңыздың бір мүшесі қант диабетіне шалдықса, BMI 25-тен жоғары әрі гестациялық қант диабеті болса, A1C гемоглобиніне (гликирленген гемоглобин деп те аталады) талдау жасаңыз. Гликирленген гемоглобин талдамасы соңғы үш айдағы қандағы глюкозаның орташа деңгейін көрсетеді, бұл – қолайлы көрсеткіш.

40 жаста қандай талдаулар мен тексерістерден өту керек?

Қан қысымы

Соңғы рет өлшегенде қан қысымының нәтижесі қалыпты көрсеткіштен ауытқыған болса, жылына бір рет немесе одан да жиі қан қысымыңызды дәрігерге өлшетіңіз. Ал үйде қан қысымыңызды тұрақты түрде өлшеп, нәтижесін жазып алып отырыңыз. Түстен кейін қысымның жоғарылауы немесе жаттығудан кейін төмендеуі секілді кез келген өзгеріске назар аударыңыз.

Аш қарынға холестерин және қабыну белгілері

Алдыңғы нәтижелер қалыпты болмаса, әр үш-бес жыл сайын немесе жиірек сынақтан өтіңіз. Қабыну белгілері – бұл денеде қабыну болған кезде анықталатын қанның құрамдас бөліктері, бір нәрсе дұрыс емес екендігінің белгісі.

Тіс саулығы

Жылына бір рет тіс дәрігеріне тексерілу әрі тістерді кәсіби түрде тазалап отыру маңызды. Егер тісіңізде тісжегі секілді мәселелер орын алса, онда алты ай сайын тіс дәрігеріне қаралып отыру қажет.

Диабет

Соңғы талдама ойдағыдай болмаса, қандағы глюкозаны жылына бір рет немесе одан да жиірек тексеріп тұрыңыз. 45 жасқа келгенде гликирленген гемоглобинге талдау жасаңыз. Гликирленген гемоглобин сынағы соңғы үш айдағы қандағы глюкозаның орташа деңгейін көрсетеді.

Көз саулығы

Офтольмологқа жылына бір рет немесе дәрігердің ұсынысы бойынша барыңыз.

Екпе

Қайталанатын және жыл сайынғы тұмауға қарсы екпені егіңіз.

Сүт безін тексеру

Айына бір рет, әсіресе, отбасылық қауіп факторлары болса, тексерістен өтуге асығыңыз. Маммограммадан өтпес бұрын дәрігермен кеңесіңіз. Жыл сайынғы маммография өлімді айтарлықтай төмендетеді, десе де ол бәріне бірдей ұсыныла бермейді. Жылына бір мәрте сүт безі қатерлі ісігін анықтауға арналған тестілеуден өтіңіз.

Аталық безді тексеру

Айына бір мәрте, әсіресе, тұқым қуалаушылық факторлар болса, өзін-өзі тексеру жұмыстарын жүргізіңіз.

Қуық асты безін тексеру

Егер отбасы мүшелерінде қуықасты безі болса, қуықасты безі қатерлі ісігінің көрсеткішін бақылауға арналған талдама жасатыңыз. Ал өзге жағдайларда тексерісті 50 жылға шегеруге болады.

Теріні тексеру

Айына бір рет тері өзгерісін тексеріңіз, жылына бір рет осы мәселемен дәрігерге қаралыңыз.

Физикалық жүктеме

Жеке жаттығу бағдарламасын жасаңыз, сондай-ақ қадам өлшегішпен күні бойы қозғалыстарыңызды бақылаңыз. Осылайша жеке мақсаттарыңызды жасап аласыз.

Алдын алуға арналған дәрі-дәрмектер

Алдын алу шарасы ретінде сізді емдеп жүрген дәрігермен аспиринді (75 немесе 81 мг) және статиндерді қабылдау қажеттігін яки қажет еместігін (отбасының бейімділігін және жеке қауіп факторларын ескере отырып) талқылаңыз.