ДенсаулықСаулық үшін

Гинеколог маманға 5 сауал

Қыз-келіншектердің жыныс ағзасы ылғи тексеруді, гигиена мен ізденісті талап етеді. Олай болмаған күнде түрлі инфекциялар, бактериялар мен қабыну процессі мазаны алып, тыныш өмірге қауіп келтіреді. Оның үстіне бала көтеру мен босану процестеріне де айтарлықтай әсер етеді. Сол себепті оқырмандарымызды мазалаған сауалдар легіне арнайы дәрігер жауабын ұсындық. Жоғарғы санаттағы гинеколог Фирангиз Алиева бүгінгі сұрақтарға жауап береді.

№1 сауал. Қазір қынаптағы бактерияға(грибок) қарсы көптеген дәрiлер бар. Жарнамасына қарасаң 1 аптаның ішінде бактериялардың көзiн жоямыз деп уәде береді. Олардың қайсысын алған дұрыс деп ойлайсыз?

Салтанат, 37 жаста.

Ф.А: Иә, дәрiлер жетерлік. Жарнамадан көргеннің барлығына жүгіре беру дұрыс емес. Оларды қабылдамас бұрын сiзге бактерияға қарсы дәрiлерге деген қынап сезімталдығына сараптама (бак посев) жасағаныңыз жөн. Осыдан кейін ғана дәрiгерiңiз өзiңiзге сай келетін дәріні тандап береді.

№2 сауал. «Баланың жынысын алдын ала жоспарлауға болады» дегендi жиi естимін. Естуімше, белгiлi бiр күндері жыныстық қатынасқа түсіп, ұрықталу процесі өту керек екен. Болашақ баламызды қыз не ұл болдыратын басқа да әдіс-тәсілдер бар ма?

Римма, 27 жаста.

Ф.А: 100 пайыздық дәлдікпен ұл не кыз болады деп кесiп айту киын. Бірақ, күрделі медициналық бiрнеше әдіс-тәсілдердің бары рас. Алайда, олар баланың денсаулығына зиянын тигiзуi мүмкін. Медициналық тәсілге қарағанда күнтізбелік санау әдісіне жүнінгеніңіз жөн. Білікті дәрігер овуляция күніңізді есептеп жобалы түрде қай күні ұл немес қыз болатындығын айтып бере алады. Алайда есіңізде болсын, ешбір тәсіл сізге 100 пайыздық кепілдік бере алмайды.

№3 сауал. Зерттеулердің нәтижесінде маған жатыр түтікшелерінің спайкасы деген (спайка маточных труб) диагноз қойды. Түтікшелерiм толық бiтелген екен. Менiң бала көтеруге мүмкiндiгiм бар ма?

Салиха, 30 жаста.

Ф.А: Егер сізге мұндай диагноз қойылса – бала көтеру мүмкіндігіңіз шектеулі. Бұл проблемамен бедеулікті емдейтін арнайы мекемелер ғана айналысады. Олар жатыр түтікшелерін үрлеу немесе ота арқылы нәтижеге жетуге көмектесе алады.

№4 сауал. Жасым 16-да. Бiрақ етеккірім әлі келген жок. Мен үшiн бұл қаншалықты қауіпті?

Ақмаржан, 16 жаста.

Ф.А: Кейбір жағдайда бұл қалыпты болуы мүмкін. Десек те, ауытқу болуы да ғажап емес. Қалай болған күнде де зерттеуден өту үшін гинеколог маманына қаралғаныныз дұрыс.

№5 сауал. Омырауларым ауырып, етеккірім кешігіп жатыр. 2 ай бұрын спираль салдырғанмын. Себебі осы ма? Әлде, бұл гормоналды ауытқу ма?

Балғын, 38 жаста

Ф.А: Сiздiң шағымыңыз жүктіліктің хабары болуы мүмкін. Болмаса етеккір мерзімінің бұзылғанын да көрсетуі ғажап емес. Диагнозды нақты бiлу үшiн гинеколог маманның көмегіне жүгініңіз.

Ұқсас мақалалар:

35+: Жүктілікті жоспарлаңыз

Босану және одан кейінгі күтімнің 9 ережесі